29 наурыздан бастап Қостанай облысындағы «Желқуар» автомобильдік өткізу пункті уақытша жабылды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.
«ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысындағы су тасқыны жағдайына байланысты 2024 жылғы 29 наурыздан бастап «Желқуар» автомобильдік өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу уақытша тоқтатылғанын хабарлайды», – делінген хабарламада.
Көлік құралдарының жүргізушілеріне және осы аймақта шекарадан өтуді жоспарлап отырған адамдарға осы жағдайды ескере отырып, қозғалыс бағытын түзету ұсынылады.
Айта кетейік, Қазақстанның біршама өңірін еріген қар суы мен тасыған өзен суы басты.