Жоқ пәтерлерді жалға берген павлодарлық алаяқ ұсталды

Жарияланды
Азаматтар ақшаны бір реттік абоненттік нөмірлердің балансына аударған

Бірнеше қалада жоқ пәтерлерді жалға берген 32 жастағы павлодарлық алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

Павлодар қаласында жедел уәкілдер 32 жастағы қала тұрғынын ұстады, ол сайттардың бірінде Павлодар, Өскемен, Петропавл және Алматы қалаларында бір бөлмелі пәтерді ұзақ мерзімге жалға беру туралы жалған хабарландырулар орналастырған.

   «Үлкен сенімділік үшін ол жалға алушыларға тұрғын үйді төмен бағамен жалға беруді ұсынды. Азаматтар шарттарға келісіп, депозитті немесе толық соманы бір реттік абоненттік нөмірлердің балансына өз қолымен аударды. Жалға алушылар қоныстанғысы келгенде, әйел жоғалып кеткен, оны табу мүмкін емес еді. Қазіргі уақытта ұсталған әйелдің интернет-алаяқтықтың 25 фактісіне қатыстылығы анықталды. «Жалға берушіге» қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған алаяқ әйел Павлодар қаласының УҰИ-не қамалды», – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.

Полиция басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатқанын атап өтті. Оның құқыққа қарсы әрекеттерінің бірнеше рет қайталануын ескере отырып, Павлодар облысының Полиция департаменті алаяқтық әрекеттерден зардап шеккен азаматтардан полицияға жүгінуді сұрайды. Айта кету керек, жылдың басынан бері Павлодар облысының аумағында 1078 алаяқтық тіркелген, оның ішінде 779 интернет-алаяқтық.

 

Сондай-ақ оқыңыз