Әлемдегі ең бай адам Джефф Безос ғарышқа ұшып келді

Жарияланды
Ғарышқа сапар 10 минут 10 секундқа созылған

Әлемдегі ең бай адам,  Amazon компаниясының негізін қалаған Джефф Безос өзінің Blue Origin компаниясы  жасап шығарған New Shepard кемесімен ғарышқа ұшып келді, деп хабарлайды BBC.

Капсула зымыраны жергілікті уақыт бойынша 09:12-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 19:12)  Техас штатындағы Ван Хорн қаласында орналасқан  Безостың жеке ғарыш айлағынан аттанған.

Әуелеп ұшқан соң 2 минуттан  кейін кеме зымыран тасығыштан бөлініп, қысқа уақыт ішінде ғарышқа аттанған.  Экипаждың жалпы сапары 10 минут 10 секундқа созылды.

Безос жерге  қонған соң  бұл ол үшін ең жақсы күн болғанын және экипаж мүшелеріне  өте риза екенін айтқан. 

Безостың Blue Origin компаниясы жасап шығарған New Shepard кемесінде ғарышқа ұшатыны маусым айының басында белгілі болған. Миллиардердің айтуынша, ол бес жасынан бастап осындай сапарды армандаған. Бұған дейін Amazon компаниясының негізін қалаушы 82 жастағы американдық ұшқыш Уолли Фанкті ғарышқа ұшуға шақырған болатын. Ғарышқа барлығы төрт адам аттанған.
 

Сондай-ақ оқыңыз