Ұрланған көліктерді бөлшектеп сатумен айналысқан павлодарлық тұрғын ұсталды

Жарияланды
Ұрлықты сағат 02:00-ден 03:00-ге дейін жасағаны анықталды

Павлодар облысында ұрланған көліктерді бөлшектеп сатумен айналысқан азамат ұсталды, оның 6 көлік ұрлығына қатысы бар екені анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

    «Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында жедел уәкілдер Павлодар қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Күдіктінің қылмыс жасауға мұқият дайындалғаны, неміс өндірушісінің көлігін алдын ала таңдағаны, көлікті ұрлап әкету бағытын жоспарлағаны, негізінен ұрлықты сағат 02:00-ден 03:00-ге дейін жасағаны анықталды. Ол тек «Ауди 80» маркалы автокөліктерді айдап әкетуге дағдыланған, өйткені олардың қосалқы бөлшектері нарықта сұранысқа ие», – деді Павлодар облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.

Ол бастапқыда ұрланған көліктердің бөлшектерін таныстары арқылы сатқан. Кейін «OLX» қосымшасы мен ғаламтордағы «Ауди» әуесқойлар тобы арқылы сатуды жүзеге асырған.

Ұсталған кезде ер адамнан «Ауди» маркалы автокөліктердің кілттері алынды, ал оның гаражынан “Ауди-80″маркалы автокөліктің қосалқы бөлшектері табылды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында жедел уәкілдер оның 2019, 2020 және 2021 жылдары Павлодар облысының аумағында жасалған автокөлік ұрлығының алты фактісіне қатысы бар екенін анықтады.

Барлық фактілер бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, ұсталған азамат Ақсу қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыз