Алматыда ломбардқа шабуыл жасаған қарақшылар ұсталды

Жарияланды
Қарақшылық шабуыл Алматының Наурызбай ауданында орын алған

Алматы қаласының полицейлері ломбардқа жасалған қарулы қарақшылық шабуылдың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz. 

Қарақшылық шабуыл кешкі сағат бестер шамасында Алматының Наурызбай ауданында орын алған.

     «Учаскелік полиция инспекторлары Қанат Парманов пен Ерлан Қосалиев өздерінің әкімшілік аймақтарын аралау кезінде Әшімов көшесінде орналасқан ломбардтың жанынан өтіп бара жатып, іштен шыққан әйелдің айқайын естіген. Сол кезде ломбардтың ішінен тапанша және пышақпен қаруланған екі адам жүгіріп шыққан, олар полиция қызметкерлерін көріп, қашып кетуге тырысқан, бірақ қашу нәтижесіз аяқталды. Қарақшылардың қарсылығына қарамастан күдіктілер ұсталды. Әрі қарай учаскелік инспекторлар қылмыс туралы кезекші бөлімге хабарлады», – деп мәлімдеді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.

Бұл факт Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 192-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Қарақшылық) бойынша тіркелді. Ұсталғандар қамауға алынды.

     «Күдіктілердің екеуі де Жамбыл облысының тұрғындары болып табылады, олар Алматыға қылмыстық жолмен ақша табу мақсатында жақында келген. Олардың бірі – 2000 жылы туған, бұрын адам тонағаны үшін сотталған. Екіншісі – 2001 жылы туған, адам денсаулығына қасақан ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыс орнында жедел-тергеу тобы «Байкал» тапаншасын, ас үй пышағын, қолғап, қара бетпердені, 24 дана алтын бұйым салынған ыдысты және т.с.с. тәркіледі. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Дидар Аханов.

 

Сондай-ақ оқыңыз