Алма-Арасан шатқалы өртке оранды

Жарияланды
1,5 га алаңда қураған ағаш пен шырша өртенді

Өрт сөндірушілер Алма-Арасан шатқалындағы өртті жедел ауыздықтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

   «ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауынша, 2020 жылғы 21 қазанда сағат 5:46-да Алматы ТЖД табиғи өрттерге шұғыл ден қою жиынтық жасағы эко-бекеттен жоғары жақтағы Алма-Арасан шатқалына жоғары шақырту бойынша жіберілді. Кірме жолдардың болмауына байланысты жасақ жаяу жүрді. Келген бойда таудың бас жағында 1,5 га алаңда қураған ағаштар мен шыршалар өртенді. Оқиға орнында солтүстік, оңтүстік-шығыс және батыс жағында 3 өрт сөндіру учаскесі орналастырылды. Өрт «Ермак»  аспалы жылжымалы өрт сөндіргішпен және қарапайым аспаптармен сөндірілді», – деп хабарлады ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі.

Қабылданған шаралардың арқасында оңтүстік-шығыс және батыс жағында өрт сағат 08: 02-де, ал солтүстік жағында сағат 08:31-де оқшауланды.

Өртті сөндіруге Алматы қаласы және Алматы облысы ТЖД, Іле-Алатау МҰТП, Қазавиаорманкүзетінен 71 қызметкер мен 16 бірлік техника жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта жекелеген өрт ошақтарын төгу және минералданған жолақтарды жасау жұмыстары жүргізілуде. Орман алқабы қорғалды.

ІІМ ТЖ комитеті азаматтарды дала және орман алқаптарында болған кезде қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Табиғи өрттердің туындауының негізгі себептері халықтың отты абайсыз пайдалануы, сөндірілмеген темекі, алау, жанып жатқан сіріңке, атудан кейінгі тығынның бықсуы, майлы немесе тозығы жеткен шүберек, шыны бөтелке, күн сәулесінің сынуы, көлік құралының сөндіргішінен ұшқын, құрғақ ескі шөпті жағу, найзағайдың ойнауы.

Сондай-ақ оқыңыз