Елімізде өткен тәулікте 3 бала терезеден құлап, оның біреуі қайтыс болды

Жарияланды
Оқиға Нұр-Сұлтан, Ақтау, Павлодар қаласында орын алған

2020 жылғы 2 қыркүйекте елімізде балалардың терезеден құлауының 3 оқиғасы тіркелді. Бұл туралы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі хабарлады. 

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында Нәжімеденов көшесіндегі тоғыз қабатты тұрғын үйде бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен, ересектердің қарауынсыз қалған 2016 жылы туған бала құлап кетті. Алған жарақаттары салдарынан ауруханада көз жұмды.

Ақтауда бес қабатты тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалған 2017 жылы туған бала бесінші қабаттағы пәтердің терезесінен құлап кетті. Түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Павлодар облысының Қалқаман ауылында төрт қабатты тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалған төртінші қабаттың терезесінен 2016 жылы туған бала құлап кетті. Түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылды.

Көптеген жағдайларда балалардың құлауы балаларды ата-анасының қарауынсыз қалдыру және жақын маңдағы ересектердің немқұрайлы қарауы себебінен болады. Көбінесе балалардың құлауы күндізгі уақытта болады.

ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті осындай жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін азаматтарды шақырады:
– Кішкентай балаларды жалғыз қалдырмаңыз;
– Москит торларына сенбеңіз. Олар құлап кетуден қорғауға арналмаған;
– Желдету кезінде баланың бақылауында екеніне көз жеткізіңіз;
– Барлық жиһазды, төсекті терезеден алысрақ қойыныз. Бұл баланың терезеге кездейсоқ кіруінің алдын алуға көмектеседі.

Өзіңізді және балаларыңызды сақтаңыз!
 

Сондай-ақ оқыңыз