Алматы облысында браконьерден 115 келі балық тәркіленді

Жарияланды
Сазан және амур балықтары тәркіленді

Түркістан облысы тұрғынының Алматы облысында заңмен тыйым салынған әдіспен балық аулағаны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысы ПД патрульдік полиция батальонының жол сақшылары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны басқарған көліктен 115 келі балықты анықтады. Көлік жүргізушісі ірі көлемдегі тауарды қайдан алғанын және оны тасымалдауға қажетті тиесілі құжаттарды көрсете алмады.

   «Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тексеру барысында күдіктінің көлігінен екі аккумулятор мен тоқ ұлғайтқыш құралы, электр қармағы табылды. Заңмен тыйым салынған балық аулау құралы мен Іле өзенінен ауланған сазан және амур балықтары тәркіленді. Іс бойынша тиісті сот-биогиялық сараптамасы тағайындалды. Балықтар тиісті қабылдау орындарына өткізіліп, одан түскен қаржы мемлекет пайдасына аударылатын болады», – деді Ұйғыр ауданы Полиция бөлімінің бастығы Шыңғысхан Сабуров. 

Ведомство басшысының ақпаратына сәйкес, күдікті мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды, дегенмен оның көлігі арнайы тұраққа қойылған. Тәртіп сақшылары қолданыстағы заңнама талабы бойынша браконьердің мемлекетке келтірген материалдық шығынын анықтауда.
 

Сондай-ақ оқыңыз