Иран азаматтарының Қазақстанға келуіне тиым салынады

Жарияланды
Сонымен қатар Әзірбайжанға ұшатын рейс саны қысқартылады

Қазақстан Әзірбайжанға ұшатын әуе рейстерін қысқартып, Иран азаматтарының келуіне тиым салады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлім етті. 

«5 наурыздан бастап Әзірбайжан бағытындағы рейстер қысқартылып, Қазақстанға Иран азаматтарының келуіне тиым салынады. Біздің азаматтарымызға  да эпидемиологиялық қауіп жоғары елдерге барудан бас таруға кеңес береміз»,  – деді министр. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев 5 наурыздан  Нұр-Сұлтан – Баку рейсі тоқтатылып, Алматы – Баку бағытындағы рейс саны қысқартылып, Ақтау-Баку бағытында аптасына бір рейс жасалатынын айтып өтті. 

«Осыған байланысты 1 наурыздан бастап жоғарыда көрсетілген рейстерге билет алған жолаушылар билет құнын сатып алған жерінен айыппұлсыз және толық көлемде қайтарып ала алады», – деп толықтырды ол. 

Сонымен қатар сыртқы істер министрі  коронавирус таралған елдерде қанша қазақстандық жүргені жайлы мәлімет келтіріп өтті. 

«Қолда бар мәлімет бойынша, аталған елдерде 95 мыңнан аса Қазақстан азаматы жүр, олардың 35 мыңы  – Кореяда, 40 мыңы – Америкада, 5,1 мыңы – БАӘ-де, ,5 мыңы – Германияда, 1,8 мыңы – Италияда,  бір мыңы – Францияда. Олардың көпшілігі студенттер, еңбек мигранттары, шетелдік мекеме қызметкерлері және олардың отбасылары, туристер мен бизнесмендер. Эпидемиологиялық жағдай нашарлап кетсе, соол кезде қазақстандық азаматтарды көшіру мәселесі қаралады», – деді ол. 

Бұл ретте Тілеуберді сыртта жүрген ел азаматтарының арасында коронавирус жұқтырғандар жоқ екенін бас айтты. 

Сондай-ақ оқыңыз