Павлодарда шыбын-шіркеймен күреске биыл 602 млн теңге бөлінді

Жарияланды
Бұл мәселе бірнеше жыл бойы күн тәртібінен түспей келеді

Облыс аумағында қансорғыштардың санын азайту мәселесі соңғы бірнеше жыл бойы өткір тұр. 

Ертіс өзенінің бойындағы Павлодар облысының жұртшылығы үшін маса – мазаны алатын басты мәселе. Себебі, мамыр айы келсе болғаны шыбын-шіркейдің саны күрт артып, кей тұрғындар далаға шығудан қалады. Тіпті, осыдан бірнеше жыл бұрын сол масаның салдарынан ауылдардағы үй құстың қырылып қалғаны бар. Осының барлығын ескере келе, жергілікті билік қансорғыштармен күреске ден қойып келеді. Қыс кезінде-ақ химиялық, биологиялық өңдеу жұмыстарына қатысты мемлекеттік конкурстар жариялап, бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан қомақты қаржы қарастырылады.

 Айталық, 2017 жылы шыбын-шіркейді азайту үшін жергілікті бюджеттен 595 млн теңге бөлінді. Ал 2018-2019 жылдары қаржы көлемі 602 млн теңгеге дейін өсті. Биыл да дәл осындай сома жұмсалмақ.

Павлодар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Нұржан Алдыбаевтың айтуынша, бұл қаржыға аймаққа қарасты 3 қала мен 7 ауданды өңдеуге қажет химиялық және биологиялық препараттар сатып алынады. Оған қоса, әр аудан-қаланың жергілікті бюджетінен қарастырылған қаражат бар. Қаңтар айында қажетті препараттарды сатып алуға жарияланған мемлекеттік конкурстың нәтижесі әзірше белгісіз. Соған қарамастан, шенеуніктер тиісті жұмыстардың барлығы уақыты аяқталарына сенімді. 

«Наурыз айында келісімшарт жасап, сәуір айының соңында дезинсекциялық жұмыстарға кірісеміз. Осылайша, шыбын-шіркейдің кең таралмауының алдын аламыз», – дейді Нұржан Алдыбаев. 

Айта кетелік, өткен жылы барлығы 200 мың литр биологиялық және 4 мың литр химиялық бактицид сатып алынған болатын. Яғни, препараттың әр литріне мемлекеттік қазынадан 2,5 мың теңге төленді. 
Сонымен қатар, биыл алғаш рет өңдеу жұмыстары барысында шағын габаритті авиация қолданылмақ. 

«Бұған дейін шыбын-шіркеймен күрес шаралары кезінде пайдаланылған аспалы бүріккіш, баржа, қайық пен ұшақтардың қатарына биыл дельталеттер қосылады. УАН-2 маркалы аппараттар жоғары биіктікте жұмыс істеуге қауқарлы. Сәйкесінше, өңделетін аумақты анағұрлым көп көлемде қамтиды», – дейді Нұржан Алдыбаев. 

Осы және өзге де құралдардың көмегімен биологиялық, химиялық өңдеу шаралары жерде, Ертіс өзенінде және ауада жүргізіледі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз