Коронавирус қаупі: Зайсан ауданының тұрғындары неге дүрлікті?

Жарияланды (жаңартылды )
Ресми билік өкілдері олар ақпаратты дұрыс түсінбеген дейді

Кеше, 19 ақпан түнде ШҚО, Зайсан ауданының Сарытерек және Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары көшеге шықты. 

Шекарада тұрған осы екі ауылдың амбулаториясына «Қытай азаматтарын әкеліп емдейді екен» деген ақпаратты естіген халық мән-жайды білу үшін медициналық мекеменің алдына жиналған. Ал аудандық мәслихаттың өкілі тұрғындар ақпаратты дұрыс түсінбей қалғанын айтады.

Зайсан қаласы тұрғындарының айтуынша, сартөбеліктер бүгін де көшеге шығып, жақын арада ауданнан қытайларды алып келеді деп күтіп жүрген көрінеді. Осы мақсатта ауруханадарда қосымша жатын орын дайындалған-мыс. 

 «Бұның бәрі жел сөз. Бізге ешкімді алып келмейді. Шекара жабық. Бұл ауылдардағы амбулаториялар Қытайдан келген өз азаматтарымызды жатқызу үшін дайындалған. Тексеруден өткізіп, ем-дом қабылдау үшін. Адамдар соны дұрыс түсінбей, дүрліккен»,– деді Зайсан аудандық мәслихатының депутаты Дәулет Ыдырышов.

Қазіргі кезде «Омбы-Майқапшағай» жол құрылысында жұмыс істейтін қытайлар Зайсан ауданында тұрады. 

ШҚО денсаулық басқармасы бүгін өзінің Facebook желісіндегі парақшасында  20 ақпаннан Қытай Халық Республикасынан келген адамдарды 14 күн бойы өңірлік провизорлық стационарда оқшаулай отырып, кейіннен медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында медициналық бақылауға алынатынын, одан кейін тұрғылықты жері бойынша 10 күн бойы карантинде болатыны жазған. 

«ҚХР шекарасына жақын жатқан Зайсан және Үржар аудандарында ҚХР-дан келген Қазақстан азаматтарын бақылау үшін жалпы саны 295 төсектік жеке тұрған ғимараттардағы карантинді стационарлар дайындалды. Бұл келген барлық адамдар, біріншіден, біздің жерлестеріміз, екіншіден, ауру белгілері жоқ дені сау адамдар. Семей және Өскемен қалаларының фтизиопульмонологиялық ауруханаларында 110 орындық төсек-орын дайындалды. Керекті жағдайда Шемонаиха ауданындағы Уба санаториінде 250 орын, Алтай ауданындағы Грехово санаториінде 80 орын және Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы туберкулезге қарсы диспансерде 100 төсектік бақылау ауруханалары орналастырылатын болады», делінген  ресми хабарламада. 

 Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегі бойынша, аймақтың ауруханаларында 1023 төсек және жеке 80 бокс дайын тұр. 

Аймақ басшысы Даниал Ахметов, Зайсан ауданының әкімі Серік Ақтанов қазір аудан орталығы Зайсан қаласында жүр. Сағат 12-де халыққа жағдайды түсіндіру мақсатында кездесу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз