Қазақстанда қой мен сиыр еті күрт қымбаттады

Жарияланды
Азық-түлік тауарларының бағасы 9,2 пайызға көтерілген

Халық көп тұтынатын қой мен сиыр еті күрт қымбаттап кетті. Айталық, қой етінің бағасы былтыр 16 пайызға өссе, сиыр еті 17 пайыз қымбаттаған. Бұл еліміздегі инфляция деңгейінен 3 есе жоғары, деп жазады Energyprom.kz

Бір жылда 26 мың тонна ет пен ет өнімдерін экспорттасақ, есесіне 252 мың тоннасын сырттан тасығанбыз. 

Қаңтарда Қазақстандағы инфляция көрсеткіші 5,6%-ды құрағанымен, азық-түлік бағасы орта есеппен 9,2 пайызға қымбаттап, ет пен ет өнімдері – 13%, құс етінің бағасы 14,7%-ға өскен. 

Ет өнеркәсібі – еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің басым бағытының бірі. 2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасында ет өндірісіне ерекше назар аударылған. Аталмыш саланы дамытуға жыл сайын 116 млрд теңге бөлінеді, оның ішінде: асыл тұқымды мал басын көбейтуге – 60 млрд теңге, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге – 56 млрд теңге. 

Бұл ретте ет өнімдері өндірісінің артып келе жатқанын айта кеткен жөн. 2020 жылдың қаңтар айында ғана 21,2 млрд теңгенің өнімі қайта өңделген. Ал 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында Қазақстанда жалпы құны 269 млрд теңгенің ет өнімдері өндірілген. Нақты өсім 8,1 пайызды құраған. 

Дегенмен бұл салада шикізат тапшылығы қатты сезіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындардың өндірістік қуаты тек 30-40% пайдаланылады. Министрліктің пайымдауынша, шикізат тапшылығына ет экспорты себеп.

Сондай-ақ оқыңыз