Сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың ең жоғары деңгейі Атырау облысында

Жарияланды (жаңартылды )
Өңір тұрғындары осындай пікірде

«Талап» қолданбалы зерттеу орталығының өкілі Әлия Оразғалиева халықтың сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау жөніндегі жалпыұлттық зерттеудің аралық қорытындыларын жариялады.

«Сауалнама еліміздің барлық 17 өңіріндегі 58 366 отандасымызды қамтыды (…). Алдын ала алынған мәліметтер бойынша, сауалнама халықтың сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін, адалдық деңгейін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға қатысуға дайын адамдарды анықтады»,  – деді Оразғалиева ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифинг барысында.

Сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің үштен бір бөлігі елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін «жоғары» деп бағалады, жауап бергендердің 53,3% соңғы үш жылда еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты жағдайдың жақсарып келе жатқанын атап өтті. Сауалнамаға қатысқандардың, шамамен, 2/3 елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейді деп есептейді.

«Сауалнама аясында респонденттерге 10 баллдық шкала бойынша тұратын аймақтарындағы сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау ұсынылды. Бағалаудың қорытындысы бойынша аймақтардың рейтингісі жасалды, ол еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріндегі тұрғындар сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың жоғары деңгейін атап көрсетті», – дейді сөзін нақтылай түскен спикер.

Мәселен,ең жоғарғы орташа бал Атырау облысында байқалған, ол  5,71 балды құраған, одан кейін Қызылорда – 5,67 және Түркістан – 5,58 облыстары тұр. Ең төменгі көрсеткіш Қостанай облысында тіркелген. Ол жақтағы респонденттер өз өңірінің сыбайлас жемқорлыққа бейімділігін 4,9 балға бағалаған. Қазақстан бойынша орташа балл 5,08 құраған.

Естеріңізге салсақ, 2019 жылғы желтоқсанда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен елімізде халық арасындағы кең ауқымды сауалнама бастау алған болатын. Жасы 18 толған Қазақстан азаматтары Сауалнамадан «Talap.Опросы» мобильдік қосымшасы өте алатын-ды. 

Сондай-ақ оқыңыз