1 view

Мырзашоқыдағы маусым ашылды

Баянауылдағы тау-шаңғы кешеніне күніне 1500-2000 адам келеді.

Баянауыл баурайындағы Мырзашоқы тау-шаңғы кешені биыл екінші туристік маусымды бастады. Былтыр мұнда Нұр-Сұлтан қаласы мен Павлодар, Қарағанды облыстарынан 5 мыңнан астам турист келген-ді. 

Курортық аймақты сенімді басқаруға алған «Мырзашоқы-Қаражар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осы жылы демалушылар саны көбейеді деген сенімде. 

«Кешенді өткен жылдың маусым айында басқаруға алдық. Сол уақыттан бері 35 млн теңге қаржы құйдық. Биыл сервистік қызметті жақсарту мақсатында 70 млн теңге жұмсамақпыз. Қаңтар айының соңына дейін қосымша 100 шаңғы, 70 сноуборд, тюбингтер аламыз. Ал жазда  қонақ үйлер, дәмханалар салу ойда бар. Жалпы, Мырзашоқы кешенін тек қысқы емес, жазғы туризмнің де ортасына айналдыруды көздеп отырмыз», - дейді кешеннің меңгерушісі Орынбай Өскенбаев

Атап өтерлігі, мұнда шаңғы, сноуборд, тюбинг, сырғанауға қажетті арнайы киімдер – барлығы тегін беріледі. Тек жалпы ұзындығы 1050 метр болатын, 800 метр биіктікке дейін көтерілетін аспалы жолға отыру үшін ересектер 500 теңге, 18 жасқа дейінгілер 250 теңге төлейді. Ал 10 жасқа дейінгі балалар үшін аспалы жол да тегін. 

«Біз өткен жылы Мырзашоқыға алғаш рет келген едік. Араға бір жыл салып келгенімізде, оң өзгерістерді байқадық. Сервис айтарлықтай жақсарыпты. Балалар үшін тюбингпен сырғанау, аспалы жолмен серуендеу қызық. Үлкен ұлым екеуіміз шаңғымен, сноубордпен жоғарыдан түскенді ұнатамыз. Ендігі ретте, демалыс, тамақтану, жылыну орындары көптеп ашылса, жақсы болар еді. Себебі, қазіргідей бірнеше сағатқа қана емес, бірнеше күнге келетін мүмкіндік туады», -  дейді Екібастұз қаласының тұрғыны Қайрат Ахметов. 

Мырзашоқының туристік әлеуетінің артып, қызмет көрсету орындарының салынуына тау-шаңғы кешеніне дейін су құбырының тартылмауы қолбайлау болып отыр. Жасанды қар жасайтын техника да судың болмауы салдарынан іске қосылмай тұр. Бірақ Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов бұл мәселе таяу уақытта шешілетінін айтты. 

«Биыл Қаражар ауылына таза ауызсу тарту мақсатында бюджеттен 268 млн. теңге бөлу қарастырылды. Су құбырлары салынған соң, елді мекеннен тау-шаңғы кешеніне дейін 1,8 шақырым құбыр тартамыз. Сөйтіп, Мырзашоқы сумен толықтай қамтылады», - деп сендірді Қанат Кәрімов.
 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

kursiv_in_telegram.JPG


Материалы по теме


Читайте в этой рубрике

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер