Skip to main content

Коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан адам ұсталды

Ол Алматы облысының дәрігері болып шықты

Фото: Shutterstock

Полицейлер елді дүрліктіріп, әлеуметтік желіде коронавирус туралы жалған ақпарат таратқан дәрігерді ұстады. Бұл турасында Polisia.kz хабарлады.

Аталмыш факт ҚР Қылмыстық кодексі-сі 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

«Тексеру іс-шараларының алғашқы сағаттарында видеодағы ер адамның жеке басы анықталды. Ол - А. есімді азамат, 1980 жылы туған, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының орталық ауруханасында дәрігер-гинеколог болып жұмыс істейді. Қазір ол ұсталды. Дәрігер жалған ақпаратты тарату фактісін мойындап, шын жүректен өкінетінін айтты. Қазір аудандық полиция басқармасы тергеу іс-шараларының кешенін жүргізіп жатыр. Нәтижесінде, қылмыстық іс бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады», – деді Алматы облысы Полиция департаметінің бастығы Серік Күдебаев.

Сонымен қатар, полиция жалған мәліметтерді таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік туралы еске салды.

«Көп жағдайда кейбір азаматтар жалған мәліметтерді таратуға тыйым салынғанын білмегенін алға тартады. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Бұл аксиоманы әркімнің білгені жөн. Осыған байланысты, жұрт арасында негізсіз дүрбелең мен дүрлікпе тудырмау үшін мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларын басшылыққа алуға және күмәнді дереккөздерінің ақпаратын таратпауға шақырамыз», – деді Серік Күдебаев.

Естеріңізге салсақ, ҚР ҚК 274 бабының 2-бөлігіне сәйкес, БАҚ және ақпараттық-коммуникациялар жүйесі арқылы жалған ақпарат таратқандарға 3 мың АЕК көлеміндегі айыппұл салынады, немесе олар сол көлемдегі түзету жұмыстарына, немесе 800 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады, немесе 3 жылға дейін бостандығы шектеледі, не болмаса, осы мерзімге бас бостандығынан айырылады

Бұдан бұрын, Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық департаменті мен тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаменті мессенджерлерде таратылып жатқан бейнежазбаға қатысты пікір білдірген болатын. 30-қаңтардағы жағдай бойынша Алматы қаласынд а коронавирустың орын алу оқиғасы тіркелген жоқ.

banner_wsj.gif

Қазақстанның кейбір облыстарында су тапшылығы сезілуі мүмкін

Оған трансшекаралық өзен суының азаюы себеп

Жаңа егіс науқанының алдында еліміздің бірқатар аймақтарында су тапшылығы сезілуі мүмкін. Бұл туралы геология, экология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев суармалы жердің ирригациялық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі қаралған үкімет отырысында мәлімдеді. 

Министр гидрологиялық болжам бойынша, биыл оңтүстік және батыс облыстарда су тапшылығы сезілуі мүмкін дейді. Бұған дейін ел үкіметі елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басым бағыт деп белгілеген еді. Осы орайда Мырзағалиев ауыл шаруашылық саласында жүрген шаруаларды қажетті сумен қатамасыз ету – осы міндеттің бір бөлігі деп тұжырымдайды.

«Осыған орай біз тиісті шараларды қабылдадық. Су қоймаларының жұмыс кестесі қайта қаралып, әзірленді. Оны дайындау барысында суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету есепке алынды. Қазіргі таңда су қоймалары толтырылып жатыр",- деді ол Үкімет отырысында. 

Қазақстанның трансшекаралық өзендері бастау алатын көрші елдер – Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда да су тапшылығы сезілуі жағдайды одан әрі ушықтырып тұр. Бұл өзендердің суы елдің оңтүстігі мен батысында ауыл шаруашылық мақсаттағы жерді суаруға пайдаланылады.

«Біз өз тарапымыздан өзбек, қырғыз және тәжік әріптестерімізбен тиісті  келіссөз жүргізіп жатырмыз. Біздің басты назарда – Сырдария, Шу, Талас өзендері және мемлекетаралық каналдар бойынша Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарына қажетті су келуін қамтамасыз ету. Осыған орай, видеобайланыс арқылы 10 сәуірде су шаруашылық министрліктерінің арасында консультация өткізу жоспарланған»,– деп айтып өтті министр.

Минстрліктің мәліметі бойынша, Қазақстанда 1,5 млн гектар суармалы жер бар. Олардың басым бөлігі оңтүстік облыстарға тиесілі. Былтыр сол жерлерді суару үшін 12,3 млрд м3 су жұмсалды. Бұл еліміз бойынша тұтынатын судың 67% құрайды.

Бір гектар жерді суаруға кететін су көлемін орта есеппен 6 м3-ке дейін азайтса, ұнемделген сумен тағы да 2 млн гектар жерді суғаруға болады екен. Сондықтан министр суды үнемдеу технологиясын көбірек пайдалану керек деп тұжырымдайды. 

«Тамшылатып суару, жаңбырлату және егіс көлемін жоспарлаудың жаңа технологиялары пайдаланылатын суды бұрынғы тәсілдермен салыстырғанда, 33 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. Ең бастысы - шығындалған судың өнімділігі артады, 1 шаршы мерт суды пайдалана отырып, 2,5 есе көп өнім алуға болады»,– деді ол. 

Бұдан бөлек, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында 205 километр канал тазаланды және бұл жұмыс әрі қарай жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, 335 гидротехникалық нысандар жөнделіп, 39 километр канал бетонмен қапталды.
 

banner_wsj.gif

drweb_ESS_kursiv.gif