«Дұрыс» қалалардағы халықтың іші неге пысады

Жарияланды
Мұны бразилиялық астананы мысалға келтірген Dasco Consulting Group-тың басқарушы әріптесі түсіндіріп берді

Халықаралық урбанистикада «Бразилиа синдромы» (brasilite немесе Brasília-itis) деген құбылыс белгілі. Ол Бразилияның жаңа астанасын жобалау тарихымен байланысты. Айтпақшы, бұл қаланың атауы Нұр-Сұлтан қаласы құрылысының алғашқы кезеңінде біздің БАҚ-та жиі айтылатын-ды. 

XX-ғасырдың ортасында Бразилиа сәулетшілері оңтүстік америкалық қалалардың басым көпшілігінің ретсіз дамуына қарама-қарсы үрдіс ретінде абсолютті геометриялық, тіпті, қарадүрсіндік мегаполис салу туралы байлам жасайды. Біркелкі тұрғын үйлер, дұрыс жоспарланған көшелер, ғимараттар арасындағы үлкен қашықтықтар – бұл реттіліктің бейберекетсіздіктің үстінен құрған салтанаты! Тіпті, көппәтерлі тұрғын үйлердің көпшілігіндегі пәтерлер де қала тұрғындары мүмкіншіліктері теңдігінің нышаны іспетті,егіздің сыңарындай, бірдей болатын.  

Мұнда жасыл желектерді отырғызу да әр адамға 25 шаршы метр жасыл ағаштан келу керек деген қағидаға қатаң сәйкестікпен жүзеге асырылды. Шынтуайтқа келсек, урбанистиканың заманауи стандарттары бойынша, бұл соншалықты көп емес. Мәселен, сәулетшілер жәйлі қалалық орта құру үшін, қаланың әр тұрғынына 50–100 шаршы метр көгалдандырылған аумақ қажет, деп сендіреді. 

Егер өндірістік қала кеңістігіндегі жасыл желектер 20%-дан аз болса, бұл бұл халық денсаулығына кесірін тигізеді деген пікір қалыптасқан. Салыстырмалы түрде алсақ, курорттық қалалардағы көгалдандыру стандарты 60%-дан астам мөлшерді құрайды. 

Дегенмен Бразилиаға оралайық. Халық қалаға қоныстана бастағанда, бразиялықтардың үйреншікті тұрмысын бұзған осындай мінсіз сәулет әлемінде адамдар өзін жәйсіз сезіне бастады. Олар түрліліктің, коммуникациялар мен адамдар бір бірімен тығыз байланыста болатын жанды кеңістіктердің көбірек болғанын қажетсіне бастайды. Барлық дүниенің шектен шыққан ұтымдылықпен жоспарлануы адамдарда жәйсыздық сезімін тудырды. Міне, сондықтан қаланың нағыз өмірі, урбанистер жасаған қатаң шеңберді бұзып шығып, қала шетіндегі ретсіз өсіп жатқан шалғайларда қайнай бастады.  

Бразилиа сабағы бүкіл әлем үшін қала да кез келген өміршең ағза сияқты икемді, ал кейде болжап бітпейтін сценарийлерді қажет ететінінің мысалы болды.  

Креативтік, шығармашылық тәсілдеме, өзіндік ерекшелік дамуды сәулетші сызықшасы шектейтін жерде өшеді. Олар, керісінше, қоғамдық кеңістіктерге, әлеуметтік бастамаларға, тіпті, кездейсоқ оқиғаларда жүзеге асуға көбірек мүмкіндіктер берілген жерде өсіп-өркендейді. 

Сондай-ақ оқыңыз