Бастапқы жарнаның әлегі

Жарияланды
Павлодар облысында ақшаның жоқтығынан «7-20-25» бағдарламасы аясындағы әрбір екінші өтініш мақұлданбай отыр

Облыс «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру көрсеткіші бойынша көш соңында келеді, дәлірек айтқанда, еліміздегі 17 өңірдің ішінде 15-інші орында тұр.

 Былтыр облыс тұрғындары тарапынан бағдарламаға қатысуға 623 өтініш беріліп, оның небары 344-і мақұлданды, яғни, әрбір екінші өтініш кері қайтарылған. 

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Олег Костенконың пайымдауынша, көрсеткіштің төмен болуына тұрғындарда алғашқы жарнаның жоқтығы себеп. 

«Елімізде екінші деңгейлі 8 банк 7 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 25 жылға дейін ипотекалық несие бере алады. Бірақ ол үшін өтініш иесі баспана бағасының, кем дегенде, 20 пайыз көлеміндегі сомасын төлеуі тиіс. Өкінішке қарай, тұрғындарда мұндай алғашқы жарна жоқ. Сондықтан өтініштердің басым бөлігі мақұлданбайды. Жағдайды реттеу үшін былтыр жергілікті билік 37 бюджеттік қызметкерге 1 млн теңгелік сертификаттар берді», – дейді Олег Костенко. 

Тағы бір себеп – «7-20-25» бағдарламасының талаптарына сай келетін жаңа үйлер жоқтың қасы.

Облыс орталығында тек екі компания – «Бачан» жеке кәсіпкерлігі мен «Әлем ПВЛ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке тұрғын үй құрылысымен айналысады. Бүгінгі таңда аталмыш компаниялар салған пәтерлердің бір шаршы метрінің бағасы – 180-200 мың теңге аралығында.  

Айта кетсек, бұдан үш жыл бұрын Павлодар облысында 165 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, былтыр 332,7 мың шаршы метр баспана қолданысқа тапсырылды. Ал биыл жергілікті билік 400 мың шаршы метр тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.
 

Сондай-ақ оқыңыз