Тұрғын үй саласында сыбайлас жемқорлықты көбейтетін негізгі факторлар аталды

Жарияланды
Жергілікті әкімдіктер мен аккредитациялық комиссияның қызметі ашық емес

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарова тұрғын үй құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлықты көбейтетін негізгі мәселелерді айтып өтті. 

«Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бақылау қызметінде жемқорлық тәуекелдері жоғары. Талдау  нәтижесі комитетте тексерісті жүзеге асыру, әкімшілік іс жүргізу және нұсқамаларды ресімдеу бойынша ішкі актілер мен әдістемелердің жоқтығын көрсетті»,– деді Жарова.

Сонымен қатар, осы саладағы түйкілді мәселенің бірі  – аккредитациялық комиссияның қызметі шартты, оның құрамындағы сарапшылар мен ұйымдардың үлесте болуы.

«Жобаларды ведомстводан тыс мемлекеттік сараптау» РМК қызметіне келер болсақ, мұндағы негізгі мәселе –  жобаны сараптау кезеңдерін реттейтін ішкі актілердегі құқықтық олқылықтар. Жемқорлыққа жол беру мүмкіндігі сараптаманың барлық сатыларында орын алған: ол құжаттаманы қабылдау және шарт жасасу кезінде, оны орындау барысында, сондай-ақ, қорытынды шығару кезінде туындайды», – деді ол.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй саласына қатысты қызметіне талдау жүргізілген. Халықты, көбінесе, тұрғын үй кезегі тізімін жасақтау және  тұрғын үйді бөлу кезінде ашықтықтың болмауы алаңдатады. 

«Тұрғын үйді жекешелендіруде де жемқорлыққа жол берілуі мүмкін. Осы қызметті алу үшін өтініш берушінің бүкіл құжаты Әділет және Қаржы министрлігі, жер қатынастары, сәулет және құрылыс, әлеуметтік қорғау саласының базасында болса да, қағаз жүзінде өткізу талап етіледі», – деп қосып өтті Жарова.  

Спикер өз сөзін қорытындылай келе, барлық талданған бағыттар бойынша тиісті ұсыныстар әзірленгенін айтып өтті. Талдау объектілерімен бірге анықталған тәуекелдерді жою бағытында жоспар жасалған. 

 

Сондай-ақ оқыңыз