Су іздеп сандалғандар

Павлодар облысында тұтас бір ауыл суға жарымай отыр

Ал ауыз су тәулігіне бір сағат  бір сағатқа берілетін  ауыл әкімі келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында таза ауызсу тұрғындарға қолжетімді болады, дегенді алға тартады.

Колонка күзеткен халық

Павлодар облысындағы Ақсу қаласына қарасты Пограничник ауылында 300-ден астам адам тұрады. Бұл елді мекенде таза ауызсу мәселесі жылдар бойы шешілмей келеді. Соның салдарынан, тұрғындар күн сайын суға кезекте тұруға мәжбүр. Әр көшедегі бір-екі колонкадан су небары 1 сағатқа, яғни 17.00-18.00 аралығында ғана беріледі. Осы уақытта үлгеріп, шелегін толтырып алғанның ұпайы түгел. Ал түрлі себепке байланысты бір сағатта су алып үлгермегендерге келесі күнге дейін тіршілік  көзінсіз өмір сүруден басқа амал жоқ. 

«Мен Пограничник ауылына көшіп келгелі үш-төрт жылдың жүзі болды. Содан бері су мәселесі бас қайғымызға айналды. Жаздың күндері екі сағатқа берілетін, қыс келгелі бір сағат қана босатылады. Аязды күндері құдықтар қатып қалып, сусыз қалған кездеріміз болды. Оған қоса, көпшіліктің жұмысы алты-алты жарымда аяқталады. Сондықтан тіршілік нәрін алуға үлгермей қалады.

Жолға шығар болсақ, көршілерге шелектерімізді «аманат» қылып қалдырып, су алуды тапсыруға тура келеді. Облыс орталығынан 50 шақырымға жетер-жетпес қашықтықтағы ауылдың жаһандану заманында осындай күй кешіп отырғаны қисынға сыймайды. Бірақ әбден титықтатқан жағдайға шыдап, орталықтандырылған судың тартылар күнін күтуден басқа қолдан келер шара жоқ», - деп налиды ауыл тұрғыны Ғәлия Сембайқызы. 

Уәде берген әкім

Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраевтың айтуынша, елді мекенге игілік келер күн алыс емес. Шаһар басшысы келесі жылы Пограничник тұрғындары үшін қиындықтың бәрі артта қалады деп сендірді. 

«Аталмыш ауылда су мәселесі өткір тұрғаны рас. Соңғы жылдары күрмеулі жайттың шешімін табу үшін біраз жұмыс атқардық. Соның нәтижесінде, ескі су құбырын қалпына келтіру ісі басталды. Барлығы 12,7 шақырым желі жөнделеді. Бұл мақсатқа 395,6 млн теңге қаржы қарастырылды. Су құбырлары тұтынушылардың үйлеріне дейін тартылып, есепке алу құралдары орнатылады. Келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында таза ауызсу тұрғындарға қолжетімді болады», - дейді Балғабай Ыбыраев. 

Көш соңында...

 Айта кетелік, Павлодар облысы – тұрғындарды таза ауызсумен қамту көрсеткіші бойынша көш соңындағы өңір. 2016 жылы бұл көрсеткіш 19,8 пайызды құраса, бүгінде 40 пайызға жетті. Қазір облыстағы 353 ауылдың 120-сы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Биыл барлығы 495 шақырым су құбыры салынып, 37 мың ауыл таза ауызсуды пайдалану мүмкіндігі туды. 

Десе де, өзге өңірлермен салыстырғанда, көрсеткіш әлі де төмен. Сондықтан жергілікті билік 2020-2022 жылдары сумен қамтуға қатысты 45 жобаны жүзеге асырмақ. Ол үшін республикалық бюджеттен 13 млрд теңге беріледі. Сөйтіп, алдағы екі жылда  таза ауызсумен қамту көрсеткішін 62,5 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

Қазақстан қай елден қандай гуманитарлық көмек алды?

2020 жылы Қазақстанның өзі құны 2,5 млн доллар болатын арнайы жүк жіберген

Фото: Офелия Жакаева

Мемлекеттік кірістер комитетінің гуманитарлық көмек ретінде жеткізілген жүк туралы мәліметінен Қазақстанның жарты жыл ішінде өзге елдерден құны 250,9 мың доллар  0,41 тонна дәрі-дәрмек алғанын байқауға болады. Салыстырар болсақ, 2019 жылы жалпы құны  $3,9 млн болатын 1,3 тонна дәрі жеткізілген. 

Сонымен қатар, кеден статистикасының «Киім-кешек және аяқ киім» бөлігінде көрсетілген гуманитарлық көмектік құны қатты өскен. Былтыр келген тауардың құны  $653 мың болса, биыл 6 айдың ішінде еліміз 2,9 млн доллар  тұратын киім-кешекті гуманитарлық көмек ретінде алып үлгерген. Ал салмақ бойынша салыстырсақ, биыл келген жүктің салмағы төмен. (биыл – 84 тонна, былтыр – 239 тонна). 

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер департаменті «Киім-кешек және аяқ қиім» бөлігіне биыл коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің арнайы киімі кіргенін айтады. Қорғаныш киім тиелген ең үлкен гуманитарлық көмекті Қазақстанға Катар елі жіберген. Олар жалпы құны 1,6 млн доллар болатын 35 мыңнан аса арнайы қорғаныш киімдерін берген. 

Жалпы, осы жарты жылда  Қазақстанға жіберілген гуманитарлық көмек көлемі бойынша да Катар көш бастап тұр ($1 млн 719 мың). Ал екінші орында – Қытай ($838,5 мың), үшінші орында  Германия ($732 мың) келеді.

2020 жылдың алты айында республикаға құны 4,013 млн доллар гуманитарлық көмек келген. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2019 жылдың жалпы көрсеткіші $9,873 млн құрайды. Былтыр Қазақстанға гуманитарлық көмек жібергендердің көш басында Германия болған, бұл ел $8,2 млн тұратын көмекті тегін жіберген. 

Қазақстан кімге көмек беріп жатыр?

Қазақстанның өзі биыл екі елге гуманитарлық көмек жіберген екен. Жалпы құны – $2,5 млн. Соның басым бөлігін ұн түрінде Тәжікстан алған. Бұл елге 1 млн 572 мың доллардың ұны гуманитарлық көмек ретінде жіберілген. Оған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі жыл соңына дейін осы елге өкпені жасанды желдету шағын аппараттарының бір партиясын жіберуді жоспарлап қойған. Әзірге Ақмола облысында орналасқан отандық өндіруші өндіріс қарқынын арттырып болғанша, Қазақстан көршілеріне азық-түлікпен көмектесе тұрады. 

Биыл Ауғанстанға 2 мың тоннаға жуық азық-түлік: ұн, макарон өнімдері,  сүйық май мен қою сүт жіберілген. Оның жалпы құны  – $941,7  мың. Былтыр Қазақстаннан гуманитарлық көмек алғандардың арасында Ауғанстан жоқ, ал Тәжікстанға сол 5 мың тонна ұн жіберілген. Алайда ол  кезде жіберілген ұнның құны  $1 млн 269 мың болған. 

2 полоса_Гуманитарная помощь-01.jpg

 

«Курсивті» кез келген жерде оқыңыз. Бизнес әлеміндегі ең өзекті жаңалықтар Facebook, Telegram және Яндекс.Дзен-де.

banner_wsj.gif

 

#Қазақстандағы коронавирус

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg