Серік Ахметов мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шықпайды

Жарияланды
Қарағанды облысының соты оның бұлтартпау шарасын бұрынғы қалпында қалдырды

Қарағанды облысы сотының сот алқасы бірінші инстанциядағы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды және Серік Ахметовке мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығуға және  мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу құқығын қайтаруға рұқсат бермеді, деп хабарлайды Kursiv.kz тілшісі. 

«Сот алқасы Қазыбек би аудандық сотының қаулысын өзгеріссз қалдырды», – деп хабарлады Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.

Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылғы қазанда Серік Ахметов бас бостандығын шектеу түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығаруға алмастыруға өтініш білдірген болатын.Сонымен қатар, ол соттан өзіне қосымша жаза ретінде қолданған  мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыруды алып тастауды сұраған еді.

Қазыбек би аудандық соты оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

2015 жылғы желтоқсанда еліміздің экс-премьер-министрі Серік Ахметов мүлкі тәркіленіп,  10 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған болатын. Сот оны сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны, оның ішінде,  аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырғаны, қызметтік лауазымын теріс мақсатта пайдаланғаны және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін айыпты деп таныды. 

Істі сотта қарау кезінде ол мемлекетке 2,2 млрд теңге сомасындағы залалды өтеді. Одан кейін апелляциялық алқа оның үкімін сегіз жылға дейін жұмсартты. 2017 жылғы қаңтарда Серік Ахметов жазасының мерзімі рақымшылыққа сәйкес азайтылды. Жазаның өтелмеген бөлігі бір жыл жеті ай 11 күнге қысқарды. Кейінірек, жаза шарасы бостандықты шектеумен алмастырылды, сөйтіп, 2017 жылғы  қыркүйекте ол бостандыққа шықты. 

 

Сондай-ақ оқыңыз