Министрлік көп балалы отбасыларға жаңа жәрдемақы төлеуге дайын

Жарияланды
Ол 2020 жылғы 1-қаңтардан төленеді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов «Атаулы әлеуметтік көмек бойынша мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуы» тақырыбында өткен Үкімет сағатында көп балалы отбасыларға  келер жылдан төлене бастайтын жәрдемақы жайы туралы айтып берді. 

«347 мың отбасы жаңа жәрдемақы алатын болады. Қарашаның ортасынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы және жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып дайындық жұмыстарын жүргіздік»,– деді Б.Нұрымбетов. 

Оның айтуынша, елімізде бұған дейін 10,5 мың теңге  мемлекеттік жәрдемақы алып келген 245 мың көп балалы отбасы бойынша шешім дайын тұр. Оларға жаңа жәрдемақы автоматты түрде тағайындалады, ХҚКО-ға барып құжат өткізудің қажеті жоқ. 

«103 мыңға жуық отбасына бұл жәрдемақы жаңадан тағайындалады. Бұл отбасылар туралы деректер ақпараттық жүйеде де бар. 33 мыңға жуық отбасының мекен-жайын нақтылау қажет. Сондықтан жыл соңына дейін олардың өтініштерінсіз-ақ, бүкіл құжаттарды дайындауға әзірміз»,– деді министр. 

Сонымен қатар, Біржан Нұрымбетов мемлекеттік мекемелер аталмыш жәрдемақыны төлеуге сақадай сай екенін де айтып өтті. 

Сондай-ақ оқыңыз