Лауазымды қызметтегі шетелдіктердің саны қанша?

Жарияланды
Экспаттардың басым бөлігі Қытайдан, Өзбекстаннан, Үндістаннан, Түркия мен Ұлыбританиядан келеді

Жыл басынан бері Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тарту үшін 20 557 рұқсат берілген, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Соның ішінде, бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары) – 816, екінші санатқа (құрылымдық бөлім басшылары) 4 595 рұқсат берілген.

«Шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттың басым бөлігі үшінші және төртінші санаттарғы жұмысшыларға берілген. Үшінші санаттағы қызметкерлердің қатары  9 656 болса, төртінші санаттағылар – 1 769 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға – 2 156, корпоративтік ауысым аясында 1 565 адам тартылды», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 2 210 жұмыс беруші бар. Оларда Қазақстанның 518,8 мыңға жуық азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96%-ын құрайды.

Еңбек мигранттары, негізінен, Қытайдан (4 397 адам), Өзбекстаннан (2 254 адам), Үндістаннан (1 819) Түркиядан (1 845), Ұлыбританиядан (1 420 адам) келген.

Айта кетейік, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді.

2019 жылға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы республиканың экономикалық белсенді халқының 0,54%-ы (шамамен, 48,7 мың адам) деңгейінде белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз