Мәжілісмендер мұғалімдердің «жүктемесін» азайтты

Нормативтік оқу жүктемесі енді 18 емес, 16 сағат болуы мүмкін

Фото: Shutterstock

«Педагог мәртебесі» туралы заң жобасын ҚР Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда мақұлдап, құжат Сенатқа жолданды.

 
Депутат Әбдіманап Бектұрғановтың айтуынша, заң жобасы педагогикалық қызметтің өзекті және әлеуметтік, кәсіби түйкілдерін шешуге, мұғалімдердің  жүктемесін азайтуға, көптеген тексерулерден және олардың қызметіне қатысы жоқ жұмыстардан қорғауға,  педагогтарды ынталандыру, сондай-ақ жастарды осы мамандыққа тарту шараларын қолға алуға бағытталған.

Мәселен, 2021 жылғы 1-қыркүйектен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету жөніндегі норма бекітілді. Бұл ретте, атап айтарлығы, мұғалімнің педагогикалық этика нормасын бұзуы, бұрынғыдай әкімшілік құқық бұзушылық емес, Қазақстанның еңбек кодексінде көзделген тәртіптік жауапкершілік ретінде қарастыралатын болады. 

Сондай-ақ, оқушылар арасында халықаралық олимпиада, түрлі конкурстар мен спорттық жарыс жеңімпазын дайындаған педагогке үнемдеу есебінен үш айлық жалақы мөлшерінде, бір реттік сыйақы төлеуді көздейтін норма енгізілген. 

Сонымен қатар, "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" құрметті атағын иеленген ұстазға 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде  бір реттік төлем төленеді. Ал магистр дәрежесі бар мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім ұйымдары мен әскери оқу орындарының мұғалімдеріне 10 АЕК мөлшерінде қосымша ақы енгізіледі.  Ауылда жұмыс істейтін мамандарға жер телімін бөлуде басымдық берілетін болады. 

banner_wsj.gif

Енді мектеп формасы міндетті болмайды. Министр қандай жаңалықтарды жария етті?

Президент осы ведомствоны сынға алған болатын

Фото: Асқар Ахметуллин

Бүгін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Фейсбук әлеуметтік желісінде тікелей эфирге шығып, жаңа оқу жылына байланысты жаңалықтарымен бөлісті. Министр айтқан сүйекті жаңалықтың бірі – бұдан былай оқушылар үшін мектеп формасының міндетті болмауы. 

Министр не айтты?

Мектеп формасы

«Балалар мектепке ұқыпты классикалық киімдермен келе алады. «Мектеп формасы» деген түсінік пен оның ұстанымы және талаптары ешқашан жойылмайды. Бірақ біз бұл бұйрыққа ТЖ, карантин, шектеу шаралары және форс-мажор жағдайына байланысты арнайы тармақ енгіземіз. Дәл сол жағдайлар үшін біз балалардың еркін классикалық формада киініп келуіне мүмкіндік береміз. Егер ата-ананың мектеп формасын сатып алуға мүмкіндігі жетпесе онда олар өз балаларын қарапайым классикалық киімдермен-ақ қамтамасыз етсін. Мұндай шешім дәл қазіргі жағдайда өте маңызды деп ойлаймын. Бұл жәй ғана нұсқаулық емес, бұл нақты нормативтік-құқықтық құжат». 

Қашықтан оқыту

«Мектептің оқыту форматына қарамастан оқушылар қағаз оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олардың электронды форматқа көшуіне байланысты да жұмыс жүріп жатыр. Бізде оқулықтарға сәуір-мамыр айларында тапсырыс беріліп қойған. Оқытудың қай форматы болатынына қарамастан біз оқушыларды оқулықтармен қамтуымыз керек. Қашықтан оқыту болғанның өзінде оқушының қолында оқулықтың қағаз нұсқасы болуы қажет. Осы жылы мәселен, 11-сынып жаңа оқулықтар алады. Олар толықтай жаңартылған бағдарламаға көшеді. Сол себепті, оқулықтар сатып алынып, мектепке жеткізіледі. Электронды формат та өте маңызды болып тұр. Біз баспалармен келісіп, оқулықтардың электронды нұсқасы өте қажет екенін түсіндірдік».

Оқу форматы

«Біз ата-аналардың мүддесін ескере отырып, балалардың денсаулығын сақтай отыра оларға сапалы білім беретін шешімді жуық арада қабылдаймыз. Қазір біз мониторинг жасап, қандай ахуал, көңіл-күй қалыптасқанын байқап отырмыз. Коронавирусқа дейін қашықтан оқу туралы ниет білдірген белгілі бір бөлігі бар. Олар қазір де қашықтан оқу форматын қолдап отыр. Алайда бұған қарсылық білдірушілер де бар. Бұл риториканы біз түсінеміз. Сонымен қатар келесі бір топ көзбе-көз оқуды қалайды. Олар мұғалімнің бетпе-бет отырып сабақ түсіндіргенін ештеңе алмастыра алмайды деп санайды. Тағы бір топ баласын мектепке апарғысы келеді, алайда олардың денсаулығы үшін алаңдайды. 
    Тіпті бала ауырмағанның өзінде ол инфекцияны тасымалдауы мүмкін. Педагогтар да солай болуы мүмкін екенін айтып отыр. Сондықтан бұл орайда халықтың пікірі біржақты емес. Бұл қалыпты жағдай. Біз мұның бәрін түсінеміз. Соған орай біз шығаратын шешім де осыншама көзқарасты ескере отырып қабылданады. Ең бастысы – қауіпсіздік және біздің балалардың, педагогтердің, азаматтардың денсаулығын сақтау. Сондай-ақ сапалы білім мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Біз білім беруді тоқтатпауымыз керек. 
Бірнеше базалық нұсқа бар. Біріншісі – қашықтан оқыту. Екінші нұсқа – аралас нұсқа. Яғни, белгілі бір сыныптар үшін қашықтан және бетпе-бет оқытуды іске қосу. Әрине, бұл жерде шектеу болуы керек. Бұл міндетті термометрия, міндетті санитайзерлер, әлеуметтік арақашықтық. Бұл – сабақтардың қысқаруы, топтарға бөліну, кабинеттік жүйенің жойылуы, т.б. Мектепке баруды іске қосқан жағдайда санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Мәселен, бірқатар елдер мектептерін мамыр айында ашып тастады. Бірақ талаптарды қатаң түрде сақтады. Үшіншісі – қатаң санитарлық шектеулермен штаттық режим. Бұл дегеніміз балалар мектепке барып оқиды. Алайда үзіліс бойынша, класты толтыру бойынша, кабинеттік жүйе бойынша, тіпті асханаға бару бойынша да шектеулер болады. Бұл да көптеген елдерде қолданылған тиімді нұсқа. Алдағы бірер күнде біз осы нұсқалардың қайсысын таңдайтынымызды нақты шешеміз. Эпидемиялық жағдай тез өзгеруде. Алайда білім жүйесі қандай жағдайға да дайын болуы керек. Егер біз жаңа оқу жылын қашықтан оқыту арқылы бастасақ бұл жыл бойы солай болады дегенді білдірмейді. Режим жұмсарып, балалар мектепке баруы мүмкін. Ал барған күнде тиісті талаптар сақталады». 

Еске салсақ, 10 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім және ғылым министрлігін сынға алып, аталған ведомствоның жаңа оқу жылына дайындығына күмәнмен қараған еді. 

    «1 қыркүйек күні жаңа оқу жылы басталады. Бұл жағдайға министрліктің дайын екеніне күмәнім бар. Балалар қалай оқитын болады – мектепке бара ма, әлде қашықтан ба? Жаңа оқу жылына мұғалімдердің даярлығы қалай? Мектеп балансында 400 мыңнан астам компьютер болса соның тек 40 пайызы ғана істеп тұр. Бұл әкімдер мен министрлік жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына жедел түрде дайындалып, мектептерді, мұқтаж отбасыларды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуі керек. Қашықтан оқыту форматы бұл саладағы көптеген қиындықтардың бетін ашты. Инфрақұрылым мен интернетке байланысты қордаланған мәселелер бар. 20 пайыздан астам мұғалімдер үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер болмаған соң қашықтан білім бере алмады» деген еді президент. 
 

banner_wsj.gif

#Коронавирус в Казахстане

Читайте нас в TELEGRAM | https://t.me/kursivkz

Читайте свежий номер

kursiv_uz_banner_240x400.jpg