30 жыл: көлік саласы қандай жетістікке жетті?

Жарияланды
Көлік саласына соңғы 15 жылда 30 млрд доллар инвестиция құйылған

Қазақстан тіке теңізге шыға алмайтын мемлекет. Әрине, Ақтаудағы Құрық порты арқылы су жолы тасымалын жүзеге асыруға болады. Асырып та жатырмыз. Дегенмен ел билігі тәуелсіздік алған соң теміржол және автомобиль жолдарын дамытуға баса ден қойды. Қазір де Қазақстан транзиттік әлеуеті дамыған және өңірлік логистикалық хабқа айналды.

Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз – 5 теміржол және 6 автомобиль дәлізі өтеді. Шығыс пен Батыс арасындағы ірі транзиттік көпірге айналған Жібек жолы жобасы қарқынды дамуда. Көлік саласында 400 мыңнан аса қазақстандық жұмыс істейді. Содан болар секторды ел экономикасын дамытудағы маңызды драйвер деп атауға толық негіз бар. 

«Бүгінде республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 100 мың км құрайды. Тек соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласына 35 млрд долларға жуық инвестиция құйылды» деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. 

Еліміз үшін теміржол да ерекше маңызға ие. Тәуелсіздік жылдары салынған темір жол қатынастары темір жол желісін оңтайландыруға мүмкіндік берді. Соның арқасында жүктерді тасымалдау қашықтығы мен уақыты қысқарды, жүк жөнелтушілер мен жолаушылардың шығындары айтарлықтай төмендеді.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы темір жолының 187 шақырымы Ақсу мен Дегелең станциялары арасында салынған. Құрылыс 1997 жылы басталып, бір жылдан кейін аяқталған еді. Желі еліміздің солтүстік және шығыс өнеркәсіптік өңірлері арасындағы тасымалдау қашықтығын 600 км қысқартуға мүмкіндік берді. Желіні тұрақты пайдалануға берумен жүк жөнелтушілердің көлік шығындары 3 есе, ал жолаушылар поездарының осы бағытта жүру уақыты 9 сағатқа қысқарған. 

«2001 жылдың маусым айында Қазақстан стратегиялық маңызы бар Хромтау-Алтынсарин тас жолының құрылысын бастады. Бұл жол солтүстік пен шығыстың еліміздің батыс аймақтарымен байланысын 1,5 мың шақырымға, яғни 15 сағаттық жолға қысқартты. 2009-2015 жыл аралығында Қазақстан Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарында жаңа бағыттар қалыптастыруға мүмкіндік берген Өзен-Түркіменстанмен мемлекеттік шекара және Қорғас-Жетіген теміржол желілерін салды. Бірінші желі Қазақстанның Түрікменстанға, Иранға және Парсы шығанағы елдеріне тікелей шығуын қамтамасыз етіп, жолды 600 км-ден астам қысқартады. Қорғас-Жетіген ел арасындағы екінші халықаралық шекаралық темір жол өткелінің ашылуын қамтамасыз етті және Қытайдан Еуропа мен Азияға транзиттік жүк ағыны көлемін ұлғайтып, қашықтықты 500 км қысқартты» делінген ведомство ақпаратында. 

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы да елдің транзиттік әлеуетін дамытуға қосымша серпін берді. Бағдарлама аясында Достық станциясында жаңа контейнерлік терминалдардың құрылысы басталды, олар станциядағы контейнерлерді тиеу қуатын бүгінгі 344 мың ЖФЭ-ден 2025 жылға қарай жылына 1,7 миллион ЖФЭ-ге дейін арттыруға бағытталған. Жалпы алғанда, Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында шамамен 2,7 мың шақырым жаңа темір жолдар орнатылды. Бұл он мыңнан астам жұмыс орнын құрып, тұрғын үй, балабақша, мектеп мен медициналық мекемелердің салынуына ықпал етті. 

Соңғы он жылда 1100-ден астам вагон сатып алынған. Жолаушылар паркі біртіндеп жоспарлы түрде жаңартылуда. Ескі вагондарда қызметті жақсарту үшін заманауи сантехникалық модульдер орнатылған.

Ал елдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың км құрайды, оның ішінде 25 мың км – республикалық желі, 71 мың км – жергілікті желі. Министрліктің таратқан ақпараты бойынша, қазір Орталық Азиядан Ресей мен Қытайға жол жүруді қамтамасыз ететін ұзақтығы 2 787 км батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізін реконструкциялау жөніндегі жоба іске асырылды. Сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласын өңірлермен шұғыла қағидаты бойынша байланыстыратын автомагистральдарды қайта жаңарту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

«Бүгінгі күні солтүстік бағытта Петропавлға дейін негізгі жұмыстар аяқталды, Орталық-Шығыс дәлізі бойынша Павлодар және Семей қалалары арқылы Қалбатауға дейін жұмыстар аяқталды, қазіргі уақытта Қытайға шығуды қамтамасыз ететін Майқапшағайға дейінгі жолды реконструкциялау жүргізілуде. Оңтүстік бағытта Қарағандыға дейінгі жол қайта жаңартылды, келесі жылдың соңына дейін Қапшағай қаласына дейінгі жұмыстар аяқталады және осымен Орталық-Оңтүстік дәлізін қайта жаңарту аяқталады. Бүкіл республикалық желі 2025 жылға қарай нормативтік жағдайға келтіріліп, халықаралық талаптарға жауап беретін жол бойындағ заманауи сервис нысандарымен қамтамасыз етіледі» делінеді деректе. 

Егемен ел болғалы халықаралық автомобиль тасымалы саласында 43 екіжақты үкіметаралық келісім жасалыпты. Қазақстанда жүктерді халықаралық тасымалдауды 32 530 автокөлік құралы паркі бар 8 961 қазақстандық автокөлік компаниясы жүзеге асырады.

Елімізде 38 автовокзал мен 113 автостанция жұмыс істейді, олар жергілікті атқарушы органдардың тізіліміне енгізілген.

Сөз басында атап өткен Құрық порты және Ақтау порты су көлігі саласында қатынасты жандандырып тұр. 2003-2005 жылдары порт айлақтарын қайта жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілген еді. 2015 жылы Ақтау порты солтүстік бағытта кеңейтіліп, порттың өткізу қабілеті 21 млн тоннаға дейін артқан. 
Отандық теңіз флоты 300 кемеден тұрады, олар: 

•    Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай кен орындарын игерумен айналысатын танкерлер; 
•    Құрғақ жүк тасушылар; 
•    Контейнер тасушылар және сервистік кемелер.

Сондай-ақ, ашық теңіздерде 115 мың тонна Aframax типті 2 танкер жұмыс істейді. 2025 жылға дейін сауда флотын паромдармен, контейнерлік кемелермен және тағы 2 ірі тонналы танкерлермен толықтыру жоспарлануда.
Ал кеме экипаждары құрамындағы ҚР азаматтарының үлесі соңғы 10 жылда 3 есе өскен. 

«Өзен көлігімен тасымалдау толығымен бәсекелестік ортада. Бүгінгі таңда көлік флоты 306 кемеден тұрады. Ертіс өзенінің қазақстандық бөлігінде толассыз кеме қатынасын қамтамасыз ету мақсатында 2004 жылы Шүлбі кеме шлюзі пайдалануға енгізілді. 2005 жылы Орал-Каспий каналын қайта құру жобасы аяқталды. Нәтижесінде жүк тасымалдау көлемі 132 мың тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін өсті» дейді министрлік. 

2025 жылға қарай өзен тасымалдарының көлемін 3,8 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. 
 

Сондай-ақ оқыңыз