Мұнай бағасының қымбаттауы теңге курсына қысым жасап жатыр ма?

Жарияланды
Brent маркалы мұнай бағасы соңғы үш жылдан бері 80 доллардан асты

Мұнай бағасы соңғы үш жылда болмаған рекордтық межесіне қайта қол жеткізіп, барреліне 83 доллардан асып түсті. Сарапшылар қымбаттауды Еуропада газ бағасының аспандап кетуімен байланыстырады. Осы орайда Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова болып жатқан процеске түсініктеме беріп өткен. 

«Қыркүйекте мұнай нарығындағы ахуал керісінше оң серпін берді. Мұнай бағасының осы қарқынмен өсуі бірқатар себепке байланысты. АҚШ-тағы шикі мұнай қорлары да соңғы 3 жылдан бері ең төменгі көрсеткішке дейін төмендеп кетті. Еуропа мен Азиядағы табиғи газдың тапшылығы да жылу беру маусымы қарсаңында энергетикалық компаниялардың табиғи газдан мұнай өнімдеріне көшуі салдарынан тәулігіне қосымша 0,5 млн баррельге мұнайға деген сұранысты қолдады. «Ида» дауылынан кейін Мексика шығанағында өндірудің баяу қалпына келуі нарыққа қосымша қолдау көрсетті – өңірде өндіру қуаты әлі де толығымен қалпына келген жоқ. Қазанның басынан бастап мұнай бағасының жоғары құбылмалылығы сақталды: ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес мұнай өндіруді қалыпты және біртіндеп ұлғайтуды жалғастыру шешімінен кейін мұнайдың бағасы өсті» дейді Молдабекова. 

Неліктен теңге бағамы шикізат нарығындағы оң көрсеткіштерге әсер ете алмады? Молдабекова бұл сауалға да жауап береді: 

«Ұлттық валюта үшін іргелі факторлардың бірі болып табылатын мұнай бағасы теңгеге сөзсіз қолдау көрсетті. Алайда, шетелдік валютаға жалғасып отырған ішкі сұраныс және жаһандық қаржы нарықтарындағы күшті теріс сентимент теңге серпініндегі басым факторларға айналды. Біріншіден, АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің өсуі және АҚШ долларының жаһандық деңгейде нығаюы дамушы елдердің валюталарына қысым көрсетті. Мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан, дамыған және дамушы елдердің шикізат экономикасы валюталарының көпшілігі теріс аймақта болды – Канада доллары – 0,5, Норвегия кроны – 0,6, Индонезия рупиясы 0,3%-ға әлсіреді». 

Оның сөзінше, екіншіден, теңге бағамына жасалған елеулі қысым шетел валютасына деген ішкі сұранысты байқатады. Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және импорттың өсуі теңгенің нығаюын шектеп отыр. Нәтижесінде 2021 жылғы 9 айда биржада екінші деңгейлі банктердің сатып алуы жылына 19%-ға ұлғайып, айына орта есеппен 2,6 млрд АҚШ долларына жеткен. Фискалды ынталандырудың және зейнетақы жинақтарын пайдаланудың жалғасып отырған әсері – импорт ұлғаюының және шетел валютасына сұраныс өсуінің қосымша факторы. 

«Сондай-ақ жекелеген кезеңдерде қыркүйекте теңге бағамы абсолютті мәнде бір доллар үшін 424 теңге белгісіне жетті, оны халық айырбастау пункттерінде шетел валютасын сатып алу және шоттар бойынша конвертациялау үшін қолайлы деңгей ретінде қабылдады. Банктер туындаған қысқа позицияны жабу қажеттілігіне ие бола отырып, валюта нарығына жоғары сұранысты көрсетіп отырды. Соның әсерінен қыркүйектің қорытындысы бойынша, теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 425,75 теңгеге дейін 0,1%-ға аздап әлсіреді. Сондықтан жаһандық контексте теңге бағамының серпіні жалпы үрдістерге сәйкес келеді. Екінші жағынан, бюджетке трансферттерді жүзеге асыру және 206 млн АҚШ долларын құраған квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатуы үшін 913 млн АҚШ доллары мөлшерінде Ұлттық қордың қаражатын конвертациялау операциялары теңгеге бір ай ішінде қолдау көрсетті. Бір ай ішінде валюталық интервенция жүргізу қажеттілігі болған жоқ» дейді ҰБ өкілі. 

11 қазандағы жағдай бойынша мұнай бағасының өсуі және баға белгілеудің бір баррель үшін 84 АҚШ долларына дейін көтерілуі аясында айдың басынан бастап теңге бағамының бір доллар үшін 424,55 теңгеге дейін 0,3%-ға нығайған. 

«Алдын ала деректер бойынша, алтын-валюта резервтері бір айда 1,2 млрд АҚШ долларына төмендеп, қыркүйектің соңында 35,6 млрд АҚШ долларын құрады. Резервтердің төмендеуі негізінен қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі және АҚШ долларының нығаюы нәтижесінде бағалы металл бағасының бір унция үшін 1814 АҚШ долларынан 1731 АҚШ долларына дейін 4,6%-ға құлдырауы аясында алтын портфелі құнының 800 млн АҚШ долларына төмендеуі есебінен орын алды. Еркін конвертацияланатын валютадағы активтер негізінен ЕДБ-ның корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың төмендеуі, сондай-ақ қыркүйекте 95 млн АҚШ долларын құраған, Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышын төлеу есебінен 446 млн АҚШ долларына төмендеді» деген дерек келтіреді Әлия Молдабекова. 
 
 

Сондай-ақ оқыңыз