Ет бағасы қашан тұрақтайды?

Жарияланды
Қазақстан өзін етпен толық қамтамасыз етіп отыр

Бүгін ОКҚ-де өткен брифингте ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев алдағы уақытта ет бағасы одан әрі қымбаттауы мүмкін деп мәлімдеді. Оған биылғы құрғақшылық пен жем-шөп тапшылығы әсер етпек. 

«Биыл өзіңіз көріп отырғандай, қиын жыл болды. Жем-шөп бағасы өсіп жатыр. Сол себептен еттің бағасы өсуі ықтимал. Себебі ет өндіріп жатқан шаруа қожалықтары да шығындарын өтеуі керек қой. Сондықтан еттің бағасы өседі деп жоспарлап отырмыз. Бірақ қатты өсуі болмайтын шығар»  деді министр.

Қазақстан қазіргі кезде өз-өзін етпен толықтай қамтамасыз етіп отыр екен. Шеттен келетін еттің үлес-салмағы аз. 

«Ет өндіру көлеміне тоқталар болсақ, негізі Қазақстанның ауыл шаруашылығы кешенінде ет өндірілген көлемі жеткілікті. Сиыр етін алар болсақ, 97 пайызға өз-өзімізді қамтып отырмыз. Қой еті бойынша 100 пайыз, жылқы еті бойынша 97 пайызға қамтыған шамамыз бар. Ішкі нарықта етке деген сұраныс толығымен елде өндіріліп жатқан көлеммен жабылады»- деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша,  ауыл шаруашылығы саласында импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында маш шаруашылығын дамытуға басымдық беріледі. Қазіргі кезде құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбені көптеп импорттайды. 

«Бұл үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100% жүктемені қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді» деді министр. 
 

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы бекітілген. Аталмыш жобаны әзірлеу кезінде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтер, бұдан бұрынғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытындылары ескерілген. 

«Ұлттық жобаның негізгі міндеттері мынадай: ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру; Қазақстанды отандық өндірістің негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету; өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге арттыру; 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру» деп түйіндеді ведомство басшысы.  
 

Сондай-ақ оқыңыз