Chevron Қазақстанға $248 млн инвестиция салады

Жарияланды
Тікелей инвестициялар қоры құрылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин «Шеврон» (Chevron) компаниясының өндіру мәселелері жөніндегі вице-президенті Джеймс Джонсонмен келіссөз жүргізіп, нәтижесінде ҚР Энергетика министрлігі мен «Шеврон» компаниясы арасында Қазақстанда $248,5 млн көлемінде Тікелей инвестициялар қорын құру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. 

Меморандум Қазақстанның мұнай-газ саласындағы, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы тауар өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтерді ұсыну жөніндегі коммерциялық кәсіпорындарға инвестиция салу жолымен экономиканы және жергілікті қамтуды дамыту үшін қор құруды көздейді.  
Тараптар «Теңізшевройл» (ТШО) болашақ кеңейту жобасын іске асыру, Қарашығанақ жобасын кеңейту және Каспий құбыр консорциумының қуатын арттыру перспективасы мәселелерін талқылаған.
Заманауи экологиялық таза технологияларды қолдану, әлеуметтік жобаларды іске асыру, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі саласында жоғары стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды. 

«Жергілікті қамтуды және бизнес ортаны дамытудың біз үшін маңызы зор. Тікелей инвестициялар қорының механизмі «Шеврон» компаниясына Қазақстанда тапқан табысының бөлігін Қазақстандағы мұнай-газ саласында тауар өндіретін, жұмыстар атқаратын және қызметтер көрсететін, қоршаған ортаны қорғайтын кәсіпорындарды, сонымен қатар ақпараттық және цифрлық технологиялар саласындағы кәсіпорындарды құруға және қолдауға жұмсауға мүмкіндік береді» деді Энергетика министрі М. Мырзағалиев.

«Шеврон» үш ірі жобада – Теңіз (50%), Қарашығанақ (18%) және Каспий құбыр консорциумы (15%) жобаларында активтері бар Қазақстандағы аса ірі шетелдік инвестор.  

2020 жылы ТШО-да шикі мұнай өндіру көлемі 26,5 млн тоннаны құрады. Мемлекетке $6,6 млрд көлемінде тікелей қаржылық төлемдер жүзеге асырылды, $3,5 млрд астам сомаға қазақстандық жеткізушілердің тауарлары мен қызметтері сатып алынды. 

Биыл ТШО-да 26,3 млн тонна көлемінде мұнай өндіру жоспарлануда. 2021 жылдың 8 айында мемлекетке төлемдер $4,9 млрд құрады. Болашақ кеңейту жобасының аяқталуы 2023 жылдың соңында өндіру көлемін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. 

ТШО газы Атырау облысында полипропилен (қуаты жылына 500 мың тонна) және полиэтилен (жылына 1,25 млн тонна) өндіретін екі ірі газ-химия жобасы үшін шикізат болып отыр. 

«Біз қордың инвестициялары табысты кәсіпорындарды құрудың және еңбек ресурстарын дамытудың арқасында экономикалық дамуды жалғастыруға көмектеседі деп сенеміз» деп атап өтті Меморандумға қол қою рәсіміне қатысқан «Шеврон» компаниясының барлау және өндіру бөлімшесінің атқарушы вице-президенті, Джей Джонсон.
 

Сондай-ақ оқыңыз