Нан бағасы өсе ме?

Жарияланды
Министрлік жауап берді

Биыл ауыл шаруашылығы үшін аса жайсыз жыл болды. Қуаңшылықтың бүкіл қазақ даласына жасалған ауыр соққы болғаны сөзсіз. Десе де мемлекет астық жинау науқанына дайын. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, шаруалардың жанар-жағар май, техника, тұқым, тыңайтқыш секілді ресурстармен өз уақытында әрі мол деңгейде қамтылуы жұмысты ілгерілетіп тұр. 

«Егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін астық жинау комбайндарының паркі жеткілікті. Жаңару қарқыны жылдан жылға артып келеді. Ағымдағы жылдың 6 айында «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша аграршылар 83 млрд теңге сомасына 4,5 мың бірлік техника сатып алды, бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңінде сатып алу көлемінен 2 есе көп. Отандық техниканы субсидиялаудың жаңа бағдарламалары есебінен жаңа техника сатып алу көрсеткішінің өсуіне қол жеткізілді» деді Айдаров. 

Биылғы егіс алқабының көлемі – 23 млн гектар. Бұл былтырғы алқап көлемінен 322 мың гектарға артық. Қазірге дейін республика бойынша 15,5 млн га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналған. Сондай-ақ, қазіргі уақытта көкөніс, картоп, бақша, майлы дақылдар мен мақта жинау жүргізілуде. 

Сонымен қатар Сапаров элеваторлардың биыл астық қабылдауға жақсы дайындалғанын, жұмыс үзіліссіз жүріп жатқанын жеткізді. Елде бар қуаттылық егінді сақтау үшін жеткілікті. Республикада астық сақтаудың жалпы сыйымдылығы 29 млн тоннаны құрайды. Жаңа егіннің сапасы да жоғары деңгейде екен. 

«Соңғы бес жылда мұндай астық сапасы болмаған. Бүгінгі таңда лицензияланған элеваторларға 2,6 млн тонна астық келіп түсті, оның 91%-ы – жоғары сапалы, яғни бірінші, екінші, үшінші сыныпты астық, ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 83% деңгейінде болды. 2019, 2018 жылдары – одан да төмен, 60% деңгейінде. Құрамында глютені жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өсуі байқалады. Сонымен қатар 23,4 млн тоннаға жуық шөп (98%), 1,5 млн тоннадан астам пішендеме (99%), 1,2 млн тонна сүрлем (60%), 3,5 млн тоннаға дейін сабан (73%) дайындалды. Шөп дайындау жұмыстары қазан айының ортасында аяқталады» деп түйіндеді бірінші вице-министр. 

Әрине, бұл орайда нан бағасы туралы да әңгіме болмауы мүмкін емес. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов бидай бағасының әлемдік нарықта ғана емес, Қазақстан ішінде де өскенін атап өтті. I сұрыпты ұннан жасалған азықтық нан әлеуметтік нанға жатады. Яғни, ол бағаны реттейтін тауарлар тізіміне енгізілген.

«Талдап қарасақ, нан бағасының күрт өсуі тіркелген жоқ. Өңірлерде нан бағасы тұрақты. Бидай мен ұнға деген айтарлықтай сұраныс жоқ. Бидай мен ұн нарықта жеткілікті мөлшерде бар. Жиын-терім науқаны аяқталып қалды, яғни нан бар. Ол ұнға өңделеді және наубайханаларға жеткілікті мөлшерде жеткізіледі. Кейіннен, егер бидай бағасы көтерілсе, бұл ұн бағасының өсуіне әкеледі, сәйкесінше, нан бағасына қатысты сұрақтар туындауы мүмкін. Сондай-ақ, заңда көзделген шаралар шеңберінде бағаны реттеу, тұрақтандыру тетіктері, оның ішінде кейіннен наубайханаларға беру үшін астық көлемінің бір бөлігі Азық-түлік корпорациясының резервінен ұн тарту кәсіпорындарына жөнелтілетін болады. Яғни, нанға қажетті шикізат бағасы көтерілген жағдайда үкімет тарапынан шаралар қабылданатын болады және әлеуметтік нан бағасының күрт өсуі болмайды» деп сендірді спикер.
 

Сондай-ақ оқыңыз