Қызылорда-Жезқазған тас жолын жөндеуге 101 млрд теңге жұмсалмақ

Жарияланды
Қаражат Еуропа қайта құру және даму банкінен қарызға алынады

«ҚазАвтоЖол» компаниясы Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ескі тас жолды жөндеуге 240 миллион доллар несие алмақ. Несиені Еуропа қайта құру және даму банкі береді.  Бұл  – қазіргі валюта бағамы бойынша  101 млрд теңгеден асатын қаржы. 

Банк баспасөз қызметі хабарлағандай, компания бұл ақшаны Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 240 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, Қызылордағы ұзындығы 14,8 шақырымдық белдеулі жолдың құрылысына бөлмекші.  

«Бұл жол Қытайдың батысы мен Ресейдің Орал өңірін байланыстыратын Е123 стратегиялық бағыты бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын жақсартады» делінген банк хабарламасында.

ЕҚДБ президенті Одиле Рено-Бассоның айтуынша, байланыстың жақсаруы Қазақстан үшін де, Орталық Азия үшін де жаңа мүмкіндіктерді ашады. 

«Мемлекет үшін экономикалық интеграция мен COVID-19-дан кейінгі қалпына келуді жақсарту үшін дұрыс көлік инфрақұрылымын құру маңызды» деді ол.

2020 жылғы пандемия кезінде ЕҚДБ Қазақстанға 925 миллион доллар инвестиция салған.  Соның ішінде 440 миллион доллары –  қосымша қаржыландыру. Бұл ретте Қазақстандағы 6000 жуық ШОБ өкілдері банктің түрлі серіктестік бағдарламалары арқылы қаржылық қолдауға ие болған.  Сонымен қатар Банк Қазақстан үкіметімен бірлесіп іске асырылатын шағын және орта бизнесті дамыту мен әйел кәсіпкерлерге арналған бағдарламаларды 2025 жылға дейін ұзартты.

ЕҚДБ елде 30 миллион долларлық «Жасыл экономиканы қаржыландыру» жобасын бастады. ЕҚДБ Денсаулық сақтау министрлігімен бірге былтыр 300 орындық Алматыдағы жаңа аурухананың жобасын ұсынды.Қазіргі кезде ЕҚДБ 290 жоба арқылы Қазақстан экономикасына 8,4 миллиард доллардан астам инвестиция салған. 
 

Сондай-ақ оқыңыз