Инфляция деген не және оның өсуіне не әсер етеді?

Жарияланды
Бәрін түсінікті тілде түсіндіреміз

Жыл басынан бері санағанда Қазақстанда инфляция 5,3 пайызды көрсетті. Азық-түлік бағасы — 7,3 пайызға, ақылы қызметтер — 3,6 пайызға, өзге тауарлар 4,5 пайызға қымбаттаған. Жылдық инфляция — 8,4 пайыз. Бұл — қолда бар соңғы статистикадан үзінді. Осы ретте инфляция деген не, оның өскені нені білдіреді, бағаны ұстап тұру мүмкін бе деген сауалдарға осы материал арқылы жауап бермекшіміз.  

Инфляция деген не?

     Инфляция дегеніміз тауарлар мен қызметтердің жалпы деңгейінің тұрақты өсуін білдіреді. Сөйте тұра жекелеген тауарлардың бағасы түрліше құбылып тұруы мүмкін. Айталық, бірі қымбаттаса, енді бірі арзандап, ал үшінші бір түрі сол баяғы бағасында «қатып» тұра береді. Жалпы алғанда тауарлар мен қызметтер құны нарықтағы ұсыныс пен сұраныстың нәтижесінде белгіленеді. Ал енді бірі мемлекеттің бақылауында да болуы мүмкін. Мысал ретінде егін бітік шығып, шаруалардың еккені мол өнім берсе, көкөніс пен жеміс бағасы арзандайды. Немесе мемлекет тарапынан ішімдікке акциз көтерілсе, сәйкесінше, оның бағасы аспандайды. Көргеніміздей, жекелеген тауарлар құны өзгерді. Ал оны жалпылама алып қарағанда, деңгейі соншалықты өзгермеуі де мүмкін.   

Ол қалай өлшенеді?

Тұтынушы қоржыны деген бар. Яғни оның ішіне орта есеппен әр адамның қолданатын қызмет пен тауар түрлері, азық-түлік жиынтығы кіреді. Қоржында шамамен 500-ге жуық тауар мен қызмет түрі бар. Айталық, азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызмет, тұрмыстық техника, автокөлік және т.б. Әлбетте, жалпылама алынатындықтан, кей түрлерін бір адамдар тұтынса, енді бір түрін қажет етпеуі — заңдылық. Мәселен, сіз вегетериансыз, сәйкесінше ет жемейсіз. Біреу жыл сайын көлік ауыстырғанды жақсы көреді, біреуі мүлдем рөлге отырудан қорыққандықтан, автокөлік алуды жоспарламайды. Демек, тұтыну қоржынындағы тауар мен қызметті түгел бәрі қолданады деуге болмайды. Бірақ басым көпшілігінің қажеттілігінен туындайды. 

Сондай-ақ, тауарлардың ішіндегі кейбірін күнде алады, кейбірін өте сирек. Мысал үшін 90 теңгеге нанды күнде аласыз, бірақ 6 миллион теңгеге машинаны бір рет алып, кемі бес жыл мінуіңіз мүмкін. Соның өзінде сирек алынатын кей заттардың құны күнде тұтынатын тауардан әлдеқайда қымбат болуы да ғажап емес. Жалпылама тұтыну қоржыны туралы ақпарат осындай. Ал оның құны әр ай сайын өзгеріп тұрады. Міне, сол өзгеріс — инфляция. Әрі ол үнемі бағаның өсуімен сипатталады. Инфляция төмен десе, демек баға бәрібір өсіп жатқанын, бірақ әлдеқайда баяу өскенін көрсетеді. Яғни төмендеді дегенді естігенде арзандады деп түсінуге болмайды. Бұл дегеніміз бар болғаны тұтыну қоржынының қымбаттау қарқыны алдыңғы жылдарға қарағанда баяулау екенін ғана білдіреді.   

Инфляцияның қандай түрлері болады?

•    Төмен инфляция. Бұл жылына 6 пайызға дейін болғанда айтылады. Инфляция мұндай деңгейде болса, кәсіпкерге де, тұтынушыға да қолайлы. Экономиканың дамуына да оң әсер етеді. Сондықтан әлем елдері осы деңгейді ұстап тұруға тырысып бағады. 
•    Орташа не орынды инфляция. Жылына 6-10 пайыз арасында. Аты айтып тұрғандай, орташа деңгейде. Десе де, ай сайын өзгеріп отыратындықтан аяқ-асты өсіп кетуі әбден мүмкін. 
•    Жоғары инфляция. Жылына 10-100 пайыз арасында. Бұл жағдайда нарықта тұрақсыздық пайда болып, соған байланысты адамдар да, компаниялар да не істерін білмей, болашаққа қатысты жоспар құра алмай қалады. 
•    Гиперинфляция. Мұндай жағдайда бағалар жүздеген, тіпті мыңдаған пайызға өседі. Тіпті адамдар ақшадан бас тартып, бартер яки айырбасқа көшіп кетеді. Инфляцияның бұл түрі өте үлкен дағдарыс жағдайында не соғыс кезінде болады. 
•    Дефляция. Бұл енді инфляцияның керісінше түрі. Яғни баға қымбаттамай, арзандайды. Мұндай болса, экономика тұралап қалады. Себебі тұтынушылар баға бұдан да арзандар деген үмітпен тауарларға сұранысты төмендетеді. Ал компаниялар кәсібін тоқтатады. 

Инфляция не себепті өседі?

 Мұның бірнеше себебі бар. Соларға тоқталып өтсек:
•    Сұраныстың артуы. Яғни белгілі бір тауарды алушылар көбейіп кетеді. Мысалы, ұялы телефон бағасы қолжетімді болды делік. Сөйтіп ұялы байланыс сұранысы өседі. Ал байланыс операторлары болса, сонша сұранысты бірден игеріп кете алмай қалады. Нәтижесінде ұялы байланыс құны қымбаттайды. Ал енді жағдай тұрақталған соң баға да біртіндеп түседі. 
•    Ұсыныстың қысқаруы. Тапшылықтың тағы бір себебі сұраныстың сол күйі қалып, тауар не қызметтің азаюына да байланысты болады. Мысалы, кей тауарлардың шетелден келуіне шектеу қойылып, егін шықпай қалуы мүмкін. Бұл да бағаның өсуіне әкеліп соғады. 
•    Ұлттық валютаның құнсыздануы. Егер шетел валютасы өссе, демек импорттық тауарлар қымбаттайды деген сөз. Соның есебінен инфляция өседі. 

Бағаны «қатырып» қоюға болмай ма?

Айтқандай, мемлекет араласып, кей тауарлар мен қызметтер құнын бекітіп, бір орында «қатырып» қояды. Бір қарағанда оңтайлы, жап-жақсы шешім болып көрінеді. Дегенмен жасандылықтың аты — жасандылық. Экономикаға бұлай жасанды жолмен әсер етудің салдарынан ұсыныс пен сұраныс арасында дисбаланс туындайды. Бұл дегеніміз өндірушілерді дел-сал қылады. Олар нақты әрі шынайы сұраныстың шамасын бағамдай алмағандықтан, тауарды қандай көлемде өндіру керегін түсінбей қалады. Одан қала берді дүкендер қандай көлемде сатып алу керегін есептей алмайды. Сатып алушылар болса, кей тауар жетпесе тапшылыққа тап болып, ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр болады. Былайша айтқанда, екі ортада осындай «былыққа» батады. Әрі мұның сапаға да кері әсер беретінін естен шығармау керек. Себебі күн көру үшін өндірушілер жоғарыдан бекітілген, өздері үшін тиімсіз бағадан пайда көру үшін амалсыздан сапасыз дүние шығаратын болады. Мінеки, нарықтың экономиканың мәні сол — бағаны мемлекет емес, нарық белгілейді. Сонда әділдік орнайды. 

Күрестің қандай жолы бар?

 Мемлекет кірісіп, жағдайды реттегісі келсе, онда инфляцияға бейімделеді. Яғни бағаны бақылап, қажет кезде бекітіп отырады. Сондай-ақ, жұмыссыздық деңгейі өсіп не төмендегеніне байланысты инфляцияны да реттеп отыру керек. Үшіншіден, қаржылай реформа жасау әдісі бар. Бұл тәсіл өзге амал қалмағанда жасалады. Былайша айтқанда, мемлекеттің қаржы жүйесіне өзгерістер енгізу. Жалпы алғанда инфляцияны түбегейлі жою мүмкін емес. Себебі ол құбылмалы. Десе де, ақшаның құнсыздануымен күрес жүргізуге болатын кей тәсілдер бар. Оның ішінде, ең қажет деген өнімдерге шекті баға қою. Сұраныс деңгейі ұсыныстан артып кетпес үшін айлық жалақыны баяу көтереді. Өндірісті күшейту арқылы да ақшаның құнсыздануымен күресуге болады.  

Сондай-ақ оқыңыз