Көлік алуға ақшаны қалай жинаған дұрыс?

Жарияланды
«Әйтеуір бір машина алу керек» деп жүргендерге

Негізі көпшіліктің ойында шынымен «әйтеуір бір темір тұлпар керек еді» деген бар. Әйтсе де, егер ойыңызды расында жүзеге асырғыңыз келсе, онда мақсатқа табандырақ болу керек. Бұл ретте сізге армандаған көлікке қол жеткізу үшін ақшаны қалай дұрыс жинауға қатысты айтар кеңесіміз бар.

Марка мен моделін анықтау

Автокөлік аларда қалауыңыз бен қажеттіліктерге қарай таңдау керегі белгілі. Дегенмен реалист болған маңыздырақ. Өйткені кім болса да қымбат, су жаңа көлік мінгісі-ақ келеді. Ал оны алу үшін қанша уақыт және қаншадан жинау керегін ойлай бастағаннан тауыңыз шағылып қалуы мүмкін. Машинаға бірінші кезекте мақтанатын дүние емес, қажеттілік деп қараңыз. Әлбетте, қаржылық жағдайы жақсы адамдарға жарасатындай қылық. Дегенмен айлықтан айлыққа күн кешіп отырған жандарға автокөлік, алдымен, үй мен жұмыс арасында қатынайтын, керек кезде шаруаларды тезірек реттеуге көмектесетін құрал екенін есте ұстаған жөн. Ол үшін сіз алдағы бірнеше жылды ойлап, сондағы қажеттіліктерді ескеріп барып, бір байламға келуіңіз керек. Айталық, дәл қазір балаңыз болмағанымен, отбасылы не жоспарлап жүрген болсаңыз, алдағы 1-2 жылда сәбилі болып қалуыңыз ғажап емес. Демек, бүкіл отбасымен жүруге ыңғайлы көлік болуға тиіс дегендей. Жүк салғышқа балалар арбасы сыятын, іші кең дегендей талаптарды тізіп шығыңыз. Ал жеке өзіңізге ғана болса, онда қандай тілектеріңіз бар? Соларды ойластырыңыз. Алатын көліктің бағасы ғана емес, оған кететін өзге де шығындарды естен шығармаңыз. Қосалқы бөлшектері, қызмет көрсету ақысы қымбат па, қолжетімді ме?  

Жаңасын аласыз ба, мінілгенін бе?

     Бағасына келгенде, әлбетте, жылы ескі, мінілгендері арзанырақ болатыны баршамызға аян. Дегенмен сізге дейінгі иесінің қалай ұстағанын, жалпы жағдайын бір көргеннен бағамдау қиын. Ескі көліктердің ең нашар тұсы сол — жиі бұзылып қала беретіні. Ал жаңасын алсаңыз, кемі 4-5 жыл үлкен шығындардан алшақ жүресіз. Әрине, жақсы, тәртіпті жүргізуші болып жүрсеңіз. Бүгінде жаңа көліктердің бағасы шарықтап кеткенін ескере отырып, көпшілігі амалсыз ескісін алады. Осы ретте таразыға салыңыз: қымбаттау болса да салоннан жаңасын мінесіз бе, әлде азырақ жинап, әйтеуір бір көлікті тізгіндейсіз? Бұл сұрақтың нақты жауабын өзіңіз ғана бере аласыз.  

Ақшаны қалай жинаймыз?

     Енді ең маңызды бөлігіне де келіп кеттік. Ол — қажет соманы табу не жинау. Ең алдымен, нақты қаражат көлемін білу керек. Көлік сатып алуға арналған қосымшаларды жүктеп алып, бағаларды салыстырыңыз. Жағдайы қандай, қай қалада тұр, қандай кемшілігі бар, неліктен сатқалы жатыр — бәрін біртіндеп сараптайсыз. Нақты марка мен моделін анықтаған соң, енді сол нұсқаға сай келетіндерін ғана қарайтыныңыз белгілі. Осылайша ойда белгілі бір сома пайда болады. Сол сияқты, салоннан аламын деп шешсеңіз, тікелей автосалонға барып, кеңесшімен бірге жүріп қараңыз. Ал тіпті ерінсеңіз, алатын көлігіңізді шығаратын компанияның сайтына кіріп, жергілікті бағаларды шолып шығыңыз. Егер автокредит рәсімдейтін болсаңыз, бастапқы жарнасы қанша екенін анықтап, жинау керек соманы шығарыңыз. Бір айта кететін жайт, сол соманың үстіне кемінде он пайыздай тағы қосу керек. Өйткені бүгінде автокөлік нарығында баға жиі өзгереді. Соның ішінде, қымбаттау жағына қарай тенденция байқалады. Соны ескеру маңызды. 

     Келесі маңызды жайт — мерзім. Яғни көлікті қашан алуды жоспарлап жүрсіз? Алдағы жарты жылда ма, жоқ үш жылда ма? Бұл жерде маңызды белгілі бір уақытта белгілеу. Себебі жүрсеңіз, жүре бересіз. Жүйелі мақсат болмаған жерде, межесі белгіленбеген жағдайда соманы жинақтау қиынға соғады. Қалаған көлігіңіздің бағасы білдіңіз, енді сол соманы жоспарлаған айға бөліңіз. Сонда айына қаншада жинау керегі белгілі болады. Аспандағы айды армандап жүргеннен гөрі суық санамен есептеген дұрысырақ. Мысалы, ай сайын жинау керек сома тым көп болуы мүмкін. Мұндайда не мерзімді ұзартасыз, не ақшаны көбірек табудың басқа жолдарын қарастырасыз. Тіпті болмай бара жатса, одан арзандау, бірақ соған балама болатын басқа түріне ауысасыз.    

 Айтқандай, реалист болу керек. Оптимист ретінде «ай сайын 200 мың теңгеден алып қойып, бір жылда көліктің 50 пайызын шығарамын да, салоннан мінемін» деу бір ойлағанда жақсы. Бірақ шын мәнінде олай жасай аласыз ба, жоқ па? Соны ескеру керек. Машина аламын деп басқа қажеттіліктерді ысырып қою тағы мүмкін емес. Әлбетте, мейрамханаға бару, киім алу, үйге жөндеу жұмысын жасау сынды істерді шектеуге болады. Әйтсе де, ай сайын азық-түлік, коммуналдық төлем, ипотека не өзге де кредиттер болса солардың төлемі деген сияқты кезек күттірмейтін шығындарды ұмыта алмайсыз. Сол себепті жан-жақты ойлану керек.   

     Ақша жинаудың небір әдісі бар. Кейбірі үйде банкаға салса, енді бірі конвертке орап тастайды. Енді бірі арнайы есепшот ашып, сонда сақтайды. Мұнда да өзіңізге қолайлы әдісін таңдайсыз. Егер депозит қылып салатын болсаңыз, кішігірім пайызбен өседі. Кейде белгілі бір мерзім өтпейінше алынбайтын депозит түрін ашқан да тиімді. Өйткені кез келген уақытта шешіп алуға мүмкіндік болса, кейде болмашы нәрсеге жұмсап жіберуіміз мүмкін. Жинап бастағанда ескеру керегі — мұны құдды несие төлеп жатқандай, міндетті төлем сияқты елестету. Ал егер жағдай болса салып, болмаса бір ай салмай кетсеңіз, онда берекесі кетеді. Әрі жүйелі істелген істің нәтижесі де ойдағыдай шығады. Нақты бір жылда алам деп, 12 ай бойы тұрақты жинап отырсаңыз, расында мақсатыңыздың орындалғанын көресіз.  

Жоспарды тезірек орындау жолдары

    Бәріміз автокөлік алу сынды үлкен істің неғұрлым ертерек орындалғанынша асығамыз. Несі бар, олай ету де өз қолымызда. Бұл ретте сіз ай сайын жинауыңыз керек сомадан мүлдем азайтуға болмайтынын ұмытпаңыз. Ол мақсатқа жетер мерзімді кейінге шегере береді. Керісінше, жеделдету жолдарын қарастырайық. Біріншіден, шығындарды қадағалаңыз. Қайсысын шектеуге болады — ойланыңыз. Онсыз да жап-жақсы өмір сүруге болатын түрлерінен уақытша бас тарта тұрсаңыз, ештеңе етпейді. Ол жағы енді өзіңізге мәлім. Екіншіден, әлбетте, табысты арттыру керек. Қосымша жұмыс түрін қарастырыңыз, басшылықпен жалақыны көтеру мәселесін талқылаңыз, болмаа айлығы жоғары басқа жұмысқа ауысыңыз. Үшіншіден, қазір ескі заттардан құтылып қана қоймай, біршама ақша табуға да болатынын жақсы білетін шығарсыз. Өзіңіз қолданбайтын заттарды сату сайттарына орналастырыңыз. Аз да болсын жыртыққа жамау болады. Әрі қолданыссыз тұрған заттан арылып, тынысыңыз кеңейеді. Ал алған адам арзандау бағаға тауар тапқанына қуанады. Сонда құда да, құдағи да тыныш.

Келесі кеңес: артық ақша түсе қалса, жинаңыз. Онсыз да күн көріп, жинар едіңіз. Бірақ бұл да — мақсатқа тезірек жетуге көмектесетін жол. Мысалы, біреу әлдеқашан алған қарызын қайтарды делік. Болмаса, жұмыста жыл соңында сыйақы берді. Не белгілі бір байқауға қатысып, жүлделі болдыңыз делік. Осы сынды ойда жоқта келген ақшаны бірден жұмсап тастамай, әлгі мақсатыңыздың жолына жаратыңыз. Есесіне, бүгін бармаған киноға күні ертең өз көлігіңізбен жетіп барасыз. Сіз үшін қайсысы жақсырақ? Бағамдап, саналы түрде бекініп, бір байламға келіңіз.  

Сондай-ақ оқыңыз