Бензин бағасы неге өсті?

Жарияланды
2019 жылдың соңында бензинді көтерме және бөлшек саудада сатуға акциз салығы көтерілген

2021 жылдың қаңтарында елімізде 408,1 мың тонна бензин өндірілген. Бұл былтырмен салыстырғанда 4,3 пайызға төмен көрсеткіш. 

Еліміздегі бензин өндіруші үш ірі компания: «ПетроҚазақстанОйлПродактс» ЖШС, Павлодар мұнай химия және Атырау мұнай өңдеу зауыты. 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында компаниялар 4,5 млн тонна бензин өндіріліпті. Осыншама бензин ішкі нарық сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, сыртқа экспортталған. Импорт 11,4 есе немесе 1,7 мың тоннаға дейін қысқарып, оның үлесі импортталған бүкіл ресурстың 0,04 пайызын құраған. Ал сыртқа сатылған бензин көлемі – 516,3 мың тонна. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 9,6 есе көп. Өз ішімізде 4 млн тонна бензин сатылыпты. 

Отандық арнаның хабарлауынша көптеген компаниялар экспортпен салыстырғанда ішкі нарыққа бензин тасымалдау кезінде тоннасына 100 доллардан ақша жоғалтады екен. Сарапшылардың сөзінше, Қазақстандағы бензин бағасы әлемнің біраз елінен төмен. Мұндай төмен бағаны сақтап тұру елдегі жанар-жағармайдың шекаралас елдерге белсенді тасымалданып, нәтижесінде елде бензин тапшылығын тудыруы мүмкін. 

Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, биыл ақпан айында бензин бағасы 0,5 пайызға қымбаттаған. АИ-92 бензинінің орташа бағасы – 151,3 теңге, АИ – 95 – 172,3, АИ-98 бензині 191,4 теңгеге жеткен. Осы орайда Energyprom мониторинг агенттігі әртүрлі елдердің бензинге қолжетімділігін бағалау бойынша рейтинг құрастырған. Онда орташа айлық жалақыға (салық төлемінен артылған жалақы көлемі) қанша  бензин сатып алатыны ескерілген. Қазақстан рейтингтегі 106 елдің ішінде 35-орында орналасқан. Бізде орташа айлық жалақыға мың литр бензин сатып алуға болады. Бірінші орында Катар (7,3 мың литр), екінші орында Кувейт (5,8 мың литр), үшінші орында АҚШ (5,2 мың литр) орналасқан. 

Мұнай және газ нарығының сарапшысы Ерлан Жаукин бензин бағасының өсуіне себеп болған факторларды былай тарқатады. 

«Біріншіден, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына қайта өңдеуге әкелініп жатқан мұнай бағасының өсуімен байланысты. Бұдан соң жыл басынан бері мұнай өнімдерінің зауыттардан өңірлерге жеткізілу құнының және 2020 жылдың қаңтарында акциз мөлшерлемесінде өзгерістер пайда болуын да атап өткім келеді. Меніңше, мұның бәрі жанар-жағармай бағасының қалыптасу механизміне әсер ететін объективті экономикалық факторлар» дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, біздегі бензин бағасының құбылуына көршілес елдердегі баға мен біздің бензиннің сыртқа ағылуы әсер етеді дейді. 

«Неліктен бағаны мәжбүрлі түрде өсіріп отыр? Жанар-жағармай төмен бағасының дәлізі әркез жер қойнауын пайдаланушылардың өңделетін шикізатқа жеңілдік беру жолымен субсидияланып келді. Бұл жеңілдіктің мөлшері тоннасына 50 долларға жуықтайды. Қазір оның мөлшері мұнайды жеткізу бағытына байланысты 80-130 доллар аралығында болып тұр» дейді. 

Сонымен қатар салық енгізілуі де бағаның өсуіне ықпал етті деп санайды. Бұл ретте эксперт 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бензинге акциз мөлшерлемесінің тоннасына 10 500 теңгеден 24 535 теңгеге дейін өсіп, 11 литрді құрағанын айтады. Соның есебінен бензин бағасы 2020 жылдың I тоқсанында литріне 148 теңгеден 155 теңгеге өскен. 

Осыдан бірер апта бұрын елдегі бензин және дизель қоры жеткілікті деңгейде деп мәлімдеген энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бензин бағасы әлемдік мұнай бағасына тәуелді емес деді. 

«Баға механизміне әсер ететін негізгі факторлар – ҚР-дағы мұнай құны, процессинг (мұнайды өңдеу бойынша қызмет), салық және акциздер, лабораториялық сынақ және қоспа бойынша шығындар, банк қарыздарына қызмет көрсету, цистерналарды жеткізу мен тазарту, тауарды жеткізу және басқа да шығындар. Ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасы қадағаланбайды. 2015 жылдан бері бензин, 2016 жылдан бері дизель бағасын қадағалау жойылды, олардың бағасы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасады» дейді Мағауов. 

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бензин бағасы қайта кеш өсіп отыр. Ол 2020 жылы-ақ көтерілуі керек еді. 

«Бір жыл бойы елімізде бензин өзіндік құнынан төмен сатылып келген. Мысалы, біздің мұнай өңдеу зауыттарына мұнай бағасы барреліне шамамен 30 доллардан, яғни әлемдік бағадан екі есе төмен жеткізіледі. Егер шикі мұнай баррелін литрге ауыстырсақ, қазақстандық мұнайдың бір литрі әлемдік нарықта шамамен 170 теңге тұрады, ал бензин қазір литріне осы бағаға жақындап қалды. Яғни, дайын өнім мен шикізаттың бағасы шамалас. Мұнай, кез-келген тауар сияқты өзіндік құнға ие және ол жыл сайын валюта бағамына, инфляцияға, соның ішінде жалақының өсуіне байланысты өсіп отыруы қажет» дейді сарапшы. 

Эксперттің айтуынша, 2019 жылдың соңында бензинді көтерме және бөлшек саудада сатуға акциз салығы көтеріліп, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоғары акциздер қолданысқа енді. Бензин құны сегіз теңгені құрайтын акциз 18 теңгеге дейін өсуі тиіс еді. Бірақ жаңа жылдан бастап жанар-жағармай құю бекеттерінде баға көрсеткіші 10 теңгеге өскен жоқ. 

«Негізгі фактор – нарық пен нарықтық қатынастар. Соңғы 9 жылда үкімет пен жанармай нарығының ойыншылары мұнай өнімдері саудасын биржаға шығаруға дайындық жүргізіп келді. Биыл 31 наурызда Қазақстан тарихында алғаш рет АИ-92 және АИ-95 бензиндері биржалық алаңда сатылды. Сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» өндірген АИ-92 және АИ-95 бензиндерін сату үшін 6 сауда сессиясы өткізілді. Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына ірі көлемде мұнай жеткізушілер сатушы ретінде қатысты. Бүгінге дейін жылдар бойы көтерме бағаның өсуін тежеп келген осы кәсіпорындар болатын. Биржадағы сауда қандай өзгеріс әкелді? 6 сауда сессиясында АИ-92 бензиннің көтерме бағасы 30 пайызға өсті. Ешқандай алыпсатарлық әрекет болған жоқ. Нарықтың барлық ойыншыларына мүмкіндік теңдей ұсынылды. Сатушы сатып алушыны көрмейді, сатып алушы кімнен сатып алатынын білмейді» дейді сарапшы. 
 

Сондай-ақ оқыңыз