Үлескерлік құрылыс. Қыры мен сыры

Жарияланды
Үлескерлік құрылыстың артықшылығы мен кемшілігі қандай?

Естеріңізде болса, үлескерлік құрылыс деген ұғыммен біз 2004 жылдардан бастап таныса бастадық. Және ең өкініштісі, оның елде жұмыс істеген алғашқы толқыны талай адамды сорлатты. Әлемдік қаржы дағдарысы басталған кезде еліміздің ірі қалаларында аяқталмай қалған құрылыс нысандарынан көз тұнатын. Алданған үлескерлер пайда болды. Алаяқтар құрылыс саламыз деп, халықтың ақшасын жинап алып, шетелге қашып жатты. Бір мезетте 10 мыңнан астам адамның бар жиған-терген ақшасынан айрылып, алданып қалған кездері де болды. Алданған үлескерлердің мәселесін шешуге, тұралап қалған құрылысты аяқтауға мемлекетіміз 2007 жылдан бері миллиардтап ақша жұмсады. Тіпті Ұлттық қордан қаржы алуға мәжбүр болды, деп жазады ipotekablog.kz сайтының авторы Әйгері Қанатқызы. 

Ал шын мәнінде, осының барлығы халықтың қаржылық және құқықтық сауатсыздығынан, жарнама мен құрғақ уәдеге сенгіштігінен пайда болған проблемалар еді. «Халқы сенгіш болса, алаяқтары да семіз болады» деген қағиданың қалтқысыз жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Тіпті қазір де, арнайы заң қабылданып, прокуратура органдары жарғақ құлағы жастыққа тимей, құрылыстағы заңсыздықтарды бақылап отырған күннің өзінде де, үлескерлікке халықты тартып, алдағысы келіп жүретіндер аз емес. Егер үлескерлік жолмен баспаналы болғыңыз келсе, бірақ қауыптеніп отырсаңыз, менің осы мақаламды аяғына дейін оқып шығыңыз.

Үлескерлік деген не?

Үлескерлік деген – құрылысы аяқталмаған, көбінесе тіпті әлі салынбаған құрылысқа болашақ сатып алушыларды тартып, олардың қаржысын пайдаланып, құрылыс жүргізу. Әдетте құрылыс компаниясы үлескерлерді тарту туралы жарнама беріп, пәтер алғысы келетін азаматтардан өздері таңдаған болашақ пәтер құнының кем дегенде жартысын алдын-ала алып алады. Қалған қаржыны болашақ пәтер иесі құрылыс біткен мерзімге дейін арнайы жасалған кесте бойынша төлеп бітуі тиіс. Төлеп біткеннен кейін, азамат құрылыс компаниясы алдында өз міндетін толықтай орындаған болып есептеледі. Құрылыс компаниясы үйді салып бітіп, пәтерді ақшасын құйып қойған азаматқа аударып беруі тиіс. Құқықтық тұрғыдан Қазақстан Республикасының Электронды үкіметі мәліметінше, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 7 сәуірдегі  Заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу – тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделген қатынастары. Жай сөзбен айтқанда – сіз ақша төлейсіз, ал сізге үй салып береді.

Үлескерлік құрылыстың артықшылығы мен кемшілігі

Жалпы, бұл өте қауыпті сала. Алданып қалу, құрылыстың аяқталмай тоқтап қалуы, құрылыс компаниясының банкроттыққа ұшырау қаупі өте жоғары. Сол себепті, «7-20-25» пен «Баспана Хит» сынды танымал ипотекалық бағдарламалар бойынша құрылысы аяқталмаған, құжаттары дайын емес үйлерге несие берілмейді. Мемлекет үшін ең алдымен азаматтардың қаржылық қауыпсіздігі, алаяқтық әрекеттен қорғалуы басты назарда. Сондықтан, ипотека бойынша несие алғыңыз келсе, сіз таңдаған пәтер не үй заң жүзінде пайдалануға беріліп, оның құжаты болуы қажет.

Ал қандай артықшылығы бар?

Менің ойымша, артықшылығы тек бағада ғана. Қазір нарықта жылжымайтын мүлік бағасы тым жоғары болып тұр. Мұндай жағдайда үлескерлік құрылыс нарықтағы бағаларға қарағанда пәтерді 20-30 пайызға арзанға сатып алуға мүмкіндік береді. Тек оның есесіне сіз үй салынып біткенше дейін күтуге және туындап қалуы мүмкін түрлі қауыптерге дайын болуыңыз тиіс.

Үлескерлік құрылысқа қатысудың қандай жолдары бар?

Үлескерлік құрылысты тек бір ғана заң реттейді. Ол «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң. Құрылыс компаниялары ұсынып жүрген түрлі инвесторлық келісім-шарттар, басқа да уағдаластықтың барлығы заңсыз болып табылады. Егер құрылыс компанияларының ол әрекеті анықталса, әкімдік пен прокуратура тарапынан жауапқа тартылады.

Аталған заң бойынша, құрылыс компаниясы үлескердің ақшасын үш жағдайда ғана тартуға құқылы:

  • құрылыс нысанының Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорынан берілген («Бәйтерек» Холдингіне қарасты бұл қор биылғы жылы тұрғын үй құрылысының ортақ операторымен бірігіп, атауы өзгеретін болады) кепіл құжаты болуы тиіс;
  • құрылыс жобасына екінші дәрежелі банктер қатысуы қажет;
  • үйдің каркасы тұрғызылып, құрылысты жалғастыруға әкімдіктің рұқсат қағазы болуы тиіс.

Барлық үш жағдайда да құрылыс компаниясы мен үлескердің арасында келісім-шарт жасалып, ол әкімдікте тіркелуі міндетті.

Баска кез келген жол заңсыз деп саналады. Бұндай жағдайда азамат алданып, зардап шегуі мүмкін. Оған ешкім ақшасын қайтаруға және компания банкротқа ұшыраған жағдайда құрылысты аяқтауға кепілдік бермейді. Сарапшылардың айтуынша, қазір нарықта шамамен 7 мыңдай құрылыс компаниясы бар. Олардың барлығы бірдей адал, өз ісіне жауапты қарайды деп айта алмас едік.
Сондықтан, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген даналықтың дәл осы үлескерлік құрылысқа қатысы бар екенін айтқым келеді. Ешкімге сене бермеңіз. Қолда бар ақшаға мұқият болып, үлескерлік құрылысқа қатысар алдында барлық мәлімет пен ақпаратпен танысып алыңыз. Тек заңды жолмен ғана жүріңіз. Сол кезде ғана, мемлекет тарапынан сіздің қаржыңыздың қауыпсіздігіне кепілдік беріледі. Бастысы асықпаңыз. Егер құжаты бар, дайын үйлерді «7-20-25» пен «Баспана Хит» сынды танымал ипотекалық бағдарламалар арқылы алуға мүмкіндік болса, басыңызды бәйгеге тікпей, құрылысы аяқталған үйді ипотекамен алған дұрыс.
 

Сондай-ақ оқыңыз