Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы құрылып жатыр. Тұрғын үй нарығында не өзгермек?

Жарияланды
«Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» Қазақстан ипотекалық компаниясына қосылды

Бүгін «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» өз қызметін тоқтатты. Осылайша, тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторын құру соңғы сатысында тұр. Алдағы уақытта компания атауы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» деп өзгерілмек. Жалғыз акционердің шешімімен «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ «Қазақстан ипотекалық компаниясына» қосылып, өз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды  холдинг баспасөз қызметі. 
 
Айта кету керек, Қазақстан ипотекалық компаниясына қордың үлестік құрылысты аяқтау бойынша кепілдік беру функциясы да өткен.

Естеріңізге сала кетейік, 9 маусым күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын ұй бағдарламалары операторларының санын қысқарту туралы заңға қол қойған болатын. 
Енді «Бәйтерек» холдингі президент тапсырмасы бойынша өзінің тұрғын үй блогын оңтайландырып жатыр. Холдинг «Бәйтерек девелопмент» және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» деген екі еншілес компаниясын «Қазақстан ипотекалық компаниясымен» біріктірді.

2000 жылы  құрылған «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ның негізгі міндеті  ипотекалық облигацияларды шығару арқылы екінші деңгейдегі банктерді қайта қаржыландыру болатын. 

Ал 2008 жылы құрылыс саласы үшін қаржы ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Бәйтерек девелопмент» АҚ құрылған. Қазіргі кезде «Бәйтерек девелопмент» АҚ-ның негізгі қызметі револьверлік қаржыландыру қағидаты бойынша жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу тетігі арқылы «Нұрлы жер»  мемлекеттік бағдарламасы аясында жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға бағытталған.

Содан кейін  2016 жылы тұрғын үй құрылысындағы үлестік салымдардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ құрылған. Тұрғын үй құрылысын аяқтауға кепілдікмен айналысатын қор 2017-2019 жылдары 154,7 млрд теңге көлемінде кепілдік мндеттеме берген. 

Жоғарыда аталған компанияларды біріктіру есебінен жалпы әкімшілік шығыс 40%-ға немесе 3,4 млрд теңгеге азаяды. Штат саны 32%-ға немесе 101 бірлікке кеміп, оның ішінде басқарушы буын қысқартылады. Осы мақсатта барлық заңнамалық аспектілер реттелген. 
Сонымен қатар ҚИК-ке «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының құрылыс салушыларды субсидиялауға бағытталған қызметі  берілетін болады.

Алдағы уақытта Бірыңғай оператор қолжетімді тұрғын үй салу  үшін жеке құрылыс салушылармен және жергілікті атқарушы органдармен мынадай құралдар:
 
1) әкімдіктердің облигацияларын сатып алу тетіктері арқылы тұрғын үй құрылысын қаржыландыру;
 
2) үлестік құрылысты аяқтау бойынша кепілдіктер беру;
 
3) жеке құрылыс салушылардың коммерциялық кредиттері бойынша субсидиялау;
 
4) әкімдіктер жанындағы уәкілетті ұйымдарға, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй салуды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға кредит беру;
 
5) инвестициялық жобаларды қаржыландыру және іске асыру;
 
6) тұрғын үй құрылысы мәселелері бойынша талдамалық зерттеулер жүргізу;
 
7) уәкілетті органның лицензиясы негізінде ипотекалық қызмет;
 
8) қолжетімді тұрғын үй құрылысы мәселелері бойынша стратегиялық IT-бастамаларды дамыту арқылы жұмыс істейді. 
 
 

Сондай-ақ оқыңыз