Сенатор: Құс тұмауынан шаруаға келген шығын өтелуі тиіс

Жарияланды
Құс тұмауынан миллионнан аса құс қырылып қалды

Қазақстан құс өсірушілері қауымдастығының дерегіне сүйінсек, Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облысындағы құс фабрикаларында құс тұмауынан миллионнан аса құс қырылып қалған. Ал осы ретте Ауыл шаруашылығының ресми мәліметі қырылған құс саны 576 мыңды ғана құрайды деп отыр. Сенат депутаты Дүйсенғазы Мусиннің айтуынша, мемлекеттік комиссия қалған құстың өліміне құс тұмауы себеп болмаған деген шешім шығарыпты. 

Осы ретте депутат бұл жағдай елдегі құс шаруашылығына кері әсерін тигізеді деп тұжырымдайды. Қазірдің өзінде бұл саладағы жағдай мәз емес, өйткені Қазақстан құс етіне деген қажеттілігінің 45 пайызын импорт есебінен жауып отыр. Осы себепті депутат дәл қазір отандық құс өсірушілерді қолдау қажет деп пайымдап, премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. 

«Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанның бірқатар өңірлерінде осы аурудан 576 мың бас құс қырылған. Ал Қазақстан құс өсірушілері қауымдастығының дерегі бойынша, құс тұмауынан Солтүстік  Қазақстан облысында –768 мың, Қостанай облысында 360 мың құс қырылған. Яғни, тек үш құс фабрикасында тұмаудан өлген құс саны миллионнан асып жығылады. Бұл ретте министрлік арнайы құрған комиссия кей шаруашылықтарда құс тұмауынан өлген құстың нақты санындағы айырмашылық пен біршамасының қырылуына құс тұмауы себеп болмағанын анықтаған», – деді депутат. 

Осы ретте сенатор статистика деректерінің жүйесіздігі, құс өсірушілердің жауапсыздығы, жауапты мемлекеттік органдардың қамсыздығын, яғни дер кезінде індеттің алдын алу шаралары жүргізілмегенін айтып өтті.

Қазақстанда құс етінің 45 пайызы шетелден әкелінеді. Енді отандық құс өсірушілердің шаруасы тұралап қалды, дәл қазір оларға көмек қолын созу керек.

«Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру ережелеріне» сәйкес, қазіргі кезде  нақты өндірісі 100 млн дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары норматив бойынша, 1 дана үшін 1,2 теңге субсидия алады», – деді ол. 

Алайда құс  тұмауының салдарынан құс фабрикалары жыл соңына дейін  100 млн дана жұмыртқа өндіре алмайтыны анық.  Бұл өз кезегінде мемлекеттен бөлінетін субсидияның қысқаруына әкеп соғады. 

Осы орайда депутат құс тұмауының таралуына не себеп болғанын түбегейлі тексеру керек деп тұжырымдайды.

«Құстардың қауіпті ауруларына қарсы міндетті вакцияна егу үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу, құс тұмауынан қырылған үй құстары үшін нарық бағасы бойынша өтемақы төлеу, ветеринариялық препараттарды мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру және үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз»,– деді депутат өс сауалында. 

30 қыркүйектегі жағдайы бойынша, еліміздің 9 облысы мен республикалық маңызы бар 1 қаласында құс тұмауы салдарынан құс қырылған. АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мәліметі бойынша, 9-59 қыркүйек аралығында 47 ауданның 102 елді мекенінде 576841 құстың өлгені анықталған. Бұл елдімекендер Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы маңында орналасқан. Соның 24 289-ы үй құстары болса, 552 273-і – құс фабрикаларынікі. 

Сондай-ақ оқыңыз