Қымбатшылық қысып барады. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 5,4 пайызға қымбаттаған

Жарияланды
Ұн мен нан өнімдерінің бағасы өсуі мүмкін

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік  бағасы 5,4 пайызға қымбаттаған. Министрлік мониторинг жасайтын 19 өнімнің басым бөлігінің бағасы көтерілген. Бұл жөнінде Сауда және интеграция министрлігінің ішкі сауда департаменті директорының орынбасары Ерлан Ешназаров онлайн-брифинг барысында хабарлады. 

Азық-түлік Павлодар мен Нұр-Сұлтан қалаларында қатты қымбаттаған.  Аталмыш қалаларда өнім бағасы 11 және 9 пайызға өскен, Ал Алматы мен Қызылорда қалаларында бұл көрсеткіш –сәйкесінше 3,8 және 4,5 пайыз. 

Спикердің айтуынша, азық-түліктің қымбаттауы елімізде төтенше жағдай жарияланған кезеңмен сәйкес келген. Оның үстіне көктемде жеміс-жидек пен көкөністің бағасы көтерілетіні белгілі. 

Дегенмен, Ерлан Ешназаровтың айтуынша,  мамырдан қыркүйекке дейін баға біртіндеп төмендей бастапты. Осылайша мамырда өсім 0,1 пайызды көрсетсе, маусым мен шілдеде тіпті көтерілмеген көрінеді. 

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің ішінде қатты қымбаттағаны – жұмыртқа. Оның бағасы бірден 6 пайызға өскен. Спикер бұл өнімнің қымбаттауын құс тұмауының салдарынан 1,5 млн құстың қырылып қалуымен байланыстырады. 

«Қазіргі кезде бидай бағасы көтеріліп келеді. Бұл өз кезегінде ұн мен нан өнімдерінің қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін», – деді Ерлан Ешназаров. 

Министрлік бағаны реттеу үшін арнайы тұрақтандыру қорларын іске қосқан. Қазір Қазақстанның қорларында 25 мың тонна азық-түлік жатыр, оған қосы 31,8 мың тонна азық-түлік жеткізу үшін келісім-шарттар жасалған. 

Сондай-ақ оқыңыз