Еліміздегі ең жас министр ауылдарға интернет жеткізіп бере ала ма? Мусиннің жауабы

Жарияланды
Қазақстанда интернетпен қамтылмаған ауыл көп

Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі сенат отырысындағы үкімет сағатында елдегі интернет сапасы жайлы әңгімеледі. 

«Интернет неліктен әлсіз? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бізде интернет сапасы туралы қатаң заң талабы жоқ. Екіншіден, телекоммуникация желілерінің 90 пайызы радиорелелік желіі мен әуе каналдары байланысына негізделген. Телекоммуникация операторларының қызметіне салынатын ең төменгі айыппұл – 100 АЕК. Бұл дегеніңіз операторлар радиожиілікті алып, бірақ оларды қызмет көрсету үшін пайдаланбайды деген сөз. Ал радиожиілік ресурстарын тиімді пайдалану өте маңызды»,– дейді Мусин. 

Министрлік осы бағытта арнайы аудит жүргізіп, пайдаланылмай отырған жиіліктерді мемлекетке қайтарып бермек. Алайда ол үшін әуелі сәйкес стандарт пен заңнамаға өзгеріс енгізу керек екен. 

Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда 4,5 мыңнан астам елдімекен мен 100-ден астам қала кең жолақты интернетке ие. Жалпы елдегі интернетпен қамту проблемасын шешу үшін екі жоба жүзеге асырылып жатыр екен. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында алғашқы «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолдана отырып, Қазақстан Республикасының ауылдық елдімекендеріне кең жолақты қол жетімділікті қамтамасыз ету» жобасын іске асыру 2018 жылдың төртінші тоқсанында басталған. Жоба аясында 828 ауылдық елдімекендегі 2496 мемлекеттік орган мен бюджеттік мекеме интернетпен қамтылмақ. Жоспар бойынша тұрғызылатын желілердің жалпы ұзындығы 14 514 шақырым болуы тиіс. Жобаны жүзеге асыру мерзімі де біршама ұзақ – 14 жыл. 2032 жылға дейін.  

Одан кейін қолға алынған «250+» жобасы бар. Ол бойынша адам саны 250-ден асатын елдімекендерді мобилді кең жолақты интернетпен қамту көзделген. Жобаға «Қазақтелеком» және «Beeline» компаниялары да жұмылдырылмақ. Жоба аясында мыңға жуық ауылдық елдімекендегі 600 мыңнан астам адам интернет игілігін көреді.  

Осыған дейін үкімет басшысы Асқар Мамин де кең жолақты интернет мүмкіндігін арттырудың стратегиялық маңызы бар деп атап өткен еді.  

«Жыл соңына дейін 5,2 мыңнан астам ауыл қамтылу керек. Еліміздегі ауылдардың 99 пайызға жуығы кең жолақты интернетпен қамтылады. Осы жылға жоспарланған жоба мерзімінде жүзеге асады»,– деп уәде берді премьер. 

Саясаттанушы Ерлан Сайыров ауылдық жерлерге интернет жеткізбейінше елді дамыту мүмкін емес деп пайымдайды. 

«Ауылдық жерлерде инфрақұрылым жоғары деңгейде болу үшін жағдай жасау керек. Иә, желі тарту керек және ол арзан тұрмайды. Бұрын тартылған электр желілерін пайдалану туралы да айтылып жүр. Негізі жаман идея емес. Негізгі магистралды желілер тиесілі «Қазақтелеком» мен «Транстелеком» мейлінше көп пайда тапқысы келеді. Алайда ауылдан көп ақша таба алмайсыз, бұл жерде әлеуметтік әдіс керек. Мемлекеттік реттеу механизмі қажет. Яғни мемлекет шағын провайдерлерге елдің алыс бұрыштарына жетуге көмектесе алады. Сонымен бірге бізде балама қызмет нарығы және осы саладағы бәсекелестік болар еді. Қалай болғанда да бұл проблеманы шешу керек. 

  1. Интернет бүкіл ауылға керек. Мектеп, медициналық мекеме, ауыл шаруашылығы мұны қатты қажет етуде. 
  2. Пандемия ауыл потенциалының бағаланбағанын көрсетіп берді. Өмір сүру үшін ауылдық жер ыңғайлы әрі тартымды болу үшін тиісті жағдай жасалуы керек. 
  3. Цифрландыру адамға жұмыс істеу керек, керісінше емес»,- дейді саясаттанушы. 

Бағдат Мусиннің айтуынша, 2018 жылы 56 ауылға оптикалық желілер тартылған болса, енді ондай желілер 944 ауылға жеткізіледі. Осы мақсатта 75 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. 

Бүкіл әлем бойынша мобилді және кең жолақты интернет жылдамдығы рейтингін жүргізетін Speedtest Global Index мәліметінше, тамыз айында Қазақстан мобилді жылдамдық бойынша 138 елдің 95-орынға тұрақтаған. Ал кең жолақты интернет жылдамдығы бойынша 174 елдің ішінде 65-орында. 

Бұл ретте Қазақстан кең жолақты интернет бойынша Қырғызстан, Армения елдерінің алдын орап, бірақ Ресей және Беларусь елдерінен кейін қалған. Ал мобилді интернет бойынша жағдайымыз Қырғызстан мен Беларусь еліне қарағанда жақсы болғанымен, Армения мен Ресейден нашар екен. 

Еске салайық, елімізде кең жолақты интернет операторы ретінде «Қазақтелеком» АҚ құрамына кіретін Altel, Tele2, Kcell, Activ мобилді байланыс операторлары жұмыс істейді. Сондай-ақ Beeline сауда маркасымен «Кар-Тел» ЖШС еліміздегі кең жолақты және мобилді интернет бойынша ірі сауда операторы болып саналады. 

 

 
 
 

Сондай-ақ оқыңыз