Төтенше жағдай кезінде 4 миллионнан аса адам жұмыссыз қалған

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
Үкімет еңбек нарығы шілде айында тұрақтанады деген үмітте

Елімізде коронавирус инфекциясы алғаш жұқтырғандар  алғаш 13 наурыз күні анықталып, 16 наурыздан төтенше жағдай режимі енгізіліп, 19 наурыздан карантин жарияланғаны белгілі. Осы кезде 4,2 млн адам жұмысынан айырылған.

Төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталса да, кейбір кәсіпорындар жеңілдетілген карантин шараларының оларға қатысы болмаған соң, жұмысын әлі бастай алмай отыр. Дегенмен бүгінгі Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек нарығындағы жағдай шілде айында тұрақтанады деп сендірді. 

«4 миллионға жуық адам жұмыссыз, табыссыз қалды. 20 сәуірден карантин шаралары жеңілдетілгелі бері, бұл көрсеткіш 1 миллионға қысқарды деген ойдамыз. Үкімет тарапынан бизнесті қолдау және экономиканы жаңғыру бойынша барлық іс-шаралар атқарылып жатыр. Шілде айынан еңбек нарығы тұрақтанып, жыл соңына дейін жұмыссыздық деңгейі 6,1 пайызды құрайды деген ойдамыз», – деді министр. 

Атап айтқанда, наурыз айының соңында жұмыссыздық деңгейі 4,8% немесе 442 мың адамды құраған. Сәуір айында жұмыссыздардың саны 4 млн 208 мыңға жетті. Мамыр айында карантинді біртіндеп жеңілдетудің арқасында жұмыссыздар саны 1 млн 146 мың адамға дейін төмендесе, маусымда 1 млн 63 мың адамға дейін азаяды. Ал шілде айында 514 мың болуы керек. Сонымен қатар, Еңбек министрлігі күзге қарай елдегі жұмыссыздар саны  қазан айында  – 543 мың, ал желтоқсан айының соңында  565 мыңға немесе 6,1%-ға дейін өседі деп болжайды. 

Сол себепті биыл жұмыспен қамту шараларымен 1 млн 220 мың адамды, оның ішінде жартысын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы есебінен қамту көзделген. 

Еңбекминінің басшысы 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға 176 млрд теңге қарастырылғанын, оның 71,5 млрд теңгесі микрокредиттер мен гранттарға, 32,6 млрд теңге оқытуға, 71,9 млрд теңге субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға және жұмыс күші бар аймақтардан жұмыс күші жетіспейтін аймақтарға көшуге арналған субсидияларға бағытталатынын айтып өтті.

«Жыл басынан бері 255 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды, оның ішінде 184 мың адам жұмысқа орналастырылды. Мұнда 99 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды», – деді Біржан Нұрымбетов.

Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасын» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде Қазақстанда 196,4 мың жұмыс орны құрылды.  Еңбекмині басшысының айтуынша, ЖҚЖК аясында 5 313 жобаны жүзеге асыру басталды, оның аясында 103 мың жұмыс орны құрылды.

«Құрылған жұмыс орындарына 90,7 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы – 47,3 мың адам, олардың 35%-ы – жастар», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министр сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын есепке алмағанда, басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде 93,4 мың жұмыс орны құрылғанын хабарлады: Нұрлы жол – 41,3 мың, Цифрлық Қазақстан – 8,4 мың, Нұрлы жер – 7,2 мың, Өңірлерді дамыту – 5,6 мың орын, Туризмді дамыту – 4,4 мың, БЖК – 2025 – 9,5 мың, АӨК-ні дамыту – 8,6 мың, БҒДМБ – 2,1 мың, ИИДМБ – 2,2 мың, ДСДМБ – 4,1 мың.

Жалпы жыл соңына дейін ЖҚЖК аясында Қазақстанда 6,5 мың жоба жүзеге асырылып, 255 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Сондай-ақ оқыңыз