Әлем қоймалары мұнайға толды. «Қара алтын» нарығының халі не болмақ?

Жарияланды
Күзге дейін әлем мұнай тапшылығын сезіне қоймайды

Лондонның ICE биржасындағы Brent маркалы мұнай құны 5,6 пайызға құлдырап, барреліне 39,27 доллар деңгейіне тұрақтады. Онымен қоса WTI мұнайының бағасы да 6,5 пайызға төмендеп, 37,18 доллардан саудаланған. 

    Сарапшылардың айтуынша, мұнай құнының күрт құлдырауының себебі – мұнайға деген әлемдік сұраныстың әлі толыққанды қалпына келмеуі. Goldman Sachs әлемдік ірі инвестициялық банкінің дерегінше, сұраныстың аздығынан және мұнай сақтау қоймаларының аузы-мұрнынан шыға толуынан «қара алтын» бағасы қайта құлдырауы ықтимал. 

    Қазіргі таңда АҚШ қоймаларында мұнай рекордтық деңгейде жиналып қалған. Жалпы мөлшері – 538,1 миллион баррель. Сондай-ақ стратегиялық мұнай резервіндегі отын қоры да артқан. Қазір ол жерде 650 миллион баррель отын бар көрінеді. Жалпы, жер жүзінде мұнай сақтау бойынша сыйымдылығы ең көп ел, осы – АҚШ. Бұл ел аумағында орналасқан қоймаларда максималды дәрежеде 1 312 000 000 баррель «қара алтын» сақтау мүмкіндігі бар. 

    Бұған дейін мұнай сақтау бойынша қызмет көрсететін әлемдегі аса ірі Royal Vopak компаниясы да бос орынның таусылғанын хабарлаған болатын. 

    «Әлем бойынша Vopak-қа тиесілі қоймалардың бәрінде бос орын жоқ. Өзге елдердегі әріптестерімнен естуім бойынша мұндай жағдайға түсіп отырған жалғыз біз емес. Vopak негізінен Сингапур, Роттердам және Фуджейрадағы үш хаб арқылы жұмыс жүргізеді. Коронавирусқа байланысты сұраныс күрт азайды, ал өндірушілер дер уақытында өндіріс көлемін қысқарта алмады. Соның кесірінен осындай жағдай туындап отыр»,–деген еді компания өкілдері. 

    Westwood Global Energy Group сарапшысы Том Пэйннің айтуынша, күзге дейін әлем мұнай тапшылығын сезіне қоймайды. 

    «Бұл мұнай бағасының барреліне 40-50 доллар көлемінде болуына мүмкіндік береді. Алайда нарық алдымен қоймаларда сақталып тұрған мұнайды пайдалануы тиіс. Ақпан – мамыр айлары аралығында өндірілген мұнай тұрғысынан қарасақ 40 миллион баррель «қара алтын» артық өндірілген. Ал бұл дегеніміз өте үлкен қор»,– дейді сарапшы. 

    Еліміздің энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Қазақстан шілде айының соңына дейін тәулігіне 9,7 миллион баррель мұнай өндіретін болады. 

    «6 маусымда ОПЕК+ елдерінің отырысы өтіп, Қазақстанға тәулігіне 9,7 млн баррель мұнай өндіру тапсырылды. Сонымен қатар мамыр – маусым айларында артық өндіріс жасаған елдер шілде – қыркүйек айларында соның орнын толтыруы тиіс. Қазақстан 1 мамырдан бастап 12 күн бойы мұнай өндірісін арттырып, 3,13 млн баррель артық өндірген. Оны біз тамыз – қыркүйек айларында реттейміз», – деді.

Министрдің сөзінше, жалпы 2020 жылдың қорытындысы бойынша 86 млн тонна өндірілуі тиіс. Сарапшылар мұнайдан мол пайда түсіру үшін Қазақстанға өзіндік марка керек екенін айтады. 

«Биржа нарығындағы өте көп сатып алушылар мен сатушылар арасында пайда болатын ұсыныс пен сұраныс балансының нәтижесінде шикізат құны қалыптасып, содан мұнай бағасы шығады. Бұл ретте әлемде алдыңғы ондықта жүретін мұнай түрлері бар. Оның біразы көбімізге таныс – Brent, WTI, Urals, т.б. Мәселен, коронавирус пандемиясы әлем бойынша өршіп тұрған кезде мұнай бағасы қатты құлдырады. WTI тіпті тарихтағы ең төменгі шекке дейін түсіп кетті. Қазақстан ірі мұнай тасымалдаушы ел екеніне қарамастан, өзінің айырықша көзге түсерлік мұнай маркасы жоқ. Сондықтан өз өнімін ерекше қымбат бағаға сата алмайды. Ондай қымбат марканың қалыптаспауына бір себеп – елімізде биржа инфрақұрылымының жеткілікті деңгейде дамымауы»,– дейді экономист Олжас Төлеуов. 

Сондай-ақ оқыңыз