Тұрғын үй нарығының ойыншылары «онлайн өмірге» икемделуге ұмтылып жатыр

Жарияланды
Жылжымайтын мүлік бөлімінің редакторы
Алайда бұл бәрінің қолынан келер емес

Қазақстанның тұрғын үй нарығы үйден отырып-ақ, онлайн келісім-шарт жасауға дайын болмай шықты: елімізде сату-сатып алу келісімін банк пен нотариусқа бармай-ақ жасауға мүмкіндік беретін онлайн-сервис жоқ. Оның үстіне тұрғындардың басым көпшілігі баспананы интернет арқылы сатып алуға дайын емес. 

Тұрғын үйге деген сұраныс: құлдырау мен шарықтау 

Қазақстандағы жылжымайтын мүлік агенттіктері наурыздың басында сату-сатып алу келісімдерінің артқанын байқаған. Халық қолда бар қаржысын салып қалуға ұмтылды. Көбіне 1-2 бөлмелі пәтерлер сатылған. Алайда карантин енгізіле салысымен, нарық тоқырап қалды. 

Еліміздегі барлық құрылыс компанияларының ұсынысы жинақталған Homsters.kz онлайн-сервисінің хабарлауынша, ірі мегаполистерде карантин енгізілгеннен кейінгі алғашқы аптада халық жылжымайтын мүлікке қызығушылық танытпаған. 19 наурыздан бері сайт трафигі бірден отыз пайызға азайған. Дегенмен, бір аптадан соң жылжымайтын мүлікке деген қызығушылық қалпына келе бастапты. Қазір пәтер бағасы мен жобасын қарайтындардың қатары өскен.

«Өмір салтының күрт өзгеруінен сәл есеңгіреп қалған сатып алушылар бой үйрете келе, сайттан қайтадан пәтер іздей бастады», – түсіндірді Нomsters.kz өкілі Зульфия Гетманчук.

Құрылыс компаниялары онлайнға өтіп жатыр 

Зульфия Гетманчуктың айтуынша, Қазақстанның құрылыс компаниялары жағдайға тез бейімделіп, жұмыс істеу жолдарын іздеуге көшкен. 

Bazis-A, BI Group, Век құрылыс, Kusto Group, Highvill, NAK сынды ірі құрылыс компаниялары кеңесті онлайн беріп, клиент таңдаған пәтерді броньдап қояды. Олардың көпшілігі клиенттермен байланыс үшін what ‘s App мессенджерін пайдаланады, дегенмен, клиентке ыңғайлы кез келген сервиспен жұмыс істеуге дайын.

BI-Group девелоперінің сайтынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент немесе Атырау қаласындағы пәтерлерді таңдауға болады. 35 мың теңге көлеміндегі қысқа мерзімді бронь сомасын енгізе отырып, ұнаған пәтерді 3-9 күнге брондауға болады. Ал егер сатып алу туралы нақты шешім қабылданса, жүйе бірегей сілтеме қалыптастырып, клиент сол бойынша жеке веб-параққа өтіп, брондау туралы келісімге қол қойып, 500 мың теңге кепіл жарнасын төлей алады. Бұл қадам клиентке болашақ пәтерінің нақты құнын тіркеп, өзі сатып алатынына кепіл болады. 

Банктің шектеуіне байланысты картадан төлемді толық аудару мүмкін емес (күнінен 3-5 млн): «Біз бүкіл операцияларды онлайн режимде өткізуге дайынбыз. Алайда карталық есепшоттан ақша аударуда банк тарапынан қойылған шектеу бар, оның үстіне клиенттерде онлайн төлемге деген сенім қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан қазір таңдалған пәтердің кепіл жарнасы немесе бронь ақысы ғана онлайн аударылады», –дейді құрылыс компаниясы. 

20 сәуірде банк жеке тұлғалармен жұмысын қалпына келтірген соң, жағдай біршама жақсарды: клиенттердің жеке шотынан немесе банктегі касса арқылы  құрылыс компаниясына қаржы аудару мүмкіндігі туды.

Ірі құрылыс компанияларының сайтында тұрғын үйді брондаудан бөлек, үйіңіздің құрылыс барысын онлайн режимде қадағалай аласыз.

Қайталама нарықтағы жағдай қандай?

Бірқатар шектеуге қарамастан,  жаңа салынған баспана сатып алуға болса, карантин жағдайында қайталама нарықтан үй сатып алу мүмкін емес. 

Расында, келісім-шартқа керекті бірқатар операцияларды үйде отырып-ақ, онлайн жасауға болады. eGov.kz  ресурсы теориялық тұрғыда электронды үкімет сайтынан мәміле жасауға керекті  бірнеше анықтаманы алуға және жылжымайтын мүлік сатушысын тексеруге мүмкіндік береді. Оған қоса портал наурыз айының соңында ЭЦҚ-ны онлайн алу, сәуірдің ортасында мемлекеттік қызмет ақысын QR-код арқылы төлеу мүмкіндігін қосты. Алайда трафиктің артуына байланысты бұл анықтаманы алу оңай болмай тұр. 

Оның үстіне қайталама нарықта келісім жасау кезінде отбасында кәмелеттік жасқа толмаған үлес иесі болса, оған қоса жұбайының үйді сатуға беретін келісімі міндетті түрде нотарис арқылы рәсімделеді.
Әділет департаменті 27 наурыздан нотариустардың қызметін тоқтатқалы, ондай құжаттарды рәсімдеу мүмкін емес. Өйткені келісімді қашықтан тіркеп беретін нотариус Қазақстанда әзірге жоқ. Сонымен қатар, нотаристы қажет етпейтін, ХҚКО-да тіркелуі тиіс келісімдер де халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын шектегелі тоқтап тұр.

«Қозғалысқа шектеу енгізілгенге дейін бірен-саран келісім жасайтын едік, енді қатаң шектеу қойылып, оның үстіне нотариустар жұмысын тоқтатқалы, ешқандай келісім жасалып жатқан жоқ. Бәрі қозғалуға рұқсат берілгенше кейінге қалып тұр»,– дейді Қазақстан риелторлар қауымдастығының президенті Лариса Степаненко.

Карантиндегі ипотека 

Бұл нарықтағы ірі ойыншы – Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі төтенше жағдай режимінде онлайн-қызметтерді енгізуді жылдамдатты. Десе де бұл қызметтердің қатары ағымдағы шот ашу, салым деректемелерін немесе талаптарын өзгерту, ағымдағы шоттан басқа шотқа қаражат аудару және келісімді бұзумен шектеледі. Мақұлданған қарыз тек Нұр-Сұлтан және Алматыдағы бөлімшелерде алдын ала жазылу арқылы беріледі. 

«Бірінші кезекте біз карантин басталғанға дейін несиеге өтінім берген,  сол өтініші мақұлданған, сатып алу-сату шартын жасаған және кепіл шартын тіркеген клиенттерді күтеміз. Біздің есебіміз бойынша, екі қалада осындай 35 клиентіміз бар. Олардың мәмілесін жаұын арада бітіріп беруге тырысамыз», — деп түсіндірді ТҚЖБ басқармасының төрағасы Ләззат Ибрагимова. 

Ал «7-20-25», «Баспана Хит», «Орда» сынды ипотекалық бағдарламалар серіктес банктерде қажетті онлайн сервистің болмауына байланыс тоқтатылған. 

Нарық  қашан жанданады? 

Төтенше жағдайдың  енгізілуі тұрғын үй нарығына күтпеген соққы болды. Егер құрылыс компаниялары бірден икемделіп, бұл жағдайдан шығудың жолын тапса, нарықтың өзге бөлігі тоқырап тұр.  

Қолжетімсіз ипотека мен қайталама нарықта келісім жасау мүмкіндігінің жоқтығы наурыз айында сату-сатып алу келісім санын күрт қысқартып жіберді. ҚР статистика комитетінің дерегіне сүйексек, наурыз айында елдің 17 аймағының тоғызында мәміле саны азайған. Мәселен, Алматыда тұрғын үйге қатысты операциялар 23,7 пайызға азайса, Нұр-Сұлтанда 20 пайызға төмендеген. 

Оның үстіне сатып алушылардың көбі жылжымайтын мүлікті онлайн сатып алуға психологиялық тұрғыда дайын емес.  Сонымен қатар баспана сатып алу – түрғындардың үшін өте маңызды келісім. 
«Сатып алушы пәтерді алдымен өзі барып көріп, ол өзіне, отбасына келе ме, ыңғайлы ма, соны байқап алады. Содан кейін ғана келісім жасайды», – дейді Зульфия Гетманчук. 

Мәміле жасау қайта жандану үшін тағы бір аптадай күте тұруға тура келеді. Алматы мен Нұр-Сұлтанның нотариустары алдын алу жазылу арқылы жұмысын бастаса да, жылжымайтын мүлік бойынша келісімдер тек 27 сәуірден қолға алынады. 

Сондай-ақ оқыңыз