Мұнай бағасы және теңге. Эксперт неліктен теңгенің енді ешқашан күшейе алмайтынын түсіндірді

Жарияланды
Қазақстан қара алтын өндірісін тәулігіне 630 мың баррелге қысқартпақ

АҚШ президенті Дональд Трамп бірер күн бұрын коронавирус жайында мәлімдеме жасады. Ол өз сөзінде пандемияның Қытайдағы шынайы ахуалына күмәнмен қарайтынын айтады. «Көп қызық жағдай болып жатыр. Біраз зерттеулер жасалуда. Мұны жақын арада түсіндіреміз» депті Трамп. Президенттің сөзінше, инфекциядан көз жұматындар саны бұл елде 60-65 мыңның деңгейінде болмақ. Ол сондай-ақ құрама штаттар экономикасының біртіндеп қалпына келетінін де айтты. 

    «Күрделі эпидемиялық ахуалға қарамастан елдің экономикалық белсенділігін қалпына келтіру өте маңызды. Біздің эксперттер тобы қайтадан Американы ашу үшін күресуге кірісті. Азаматтарымыздың денсаулығын сақтау үшін елдің қазіргі экономикасын сақтап қалу керек» деді АҚШ президенті. 

    Оның осы сөзінен кейін ғаламдық мұнай бағасы күрт өсті. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 28,57 долларды құраса, WTI бағасы 8,15 пайызға құлдырап, 18,24 доллар деңгейіне тұрақтаған. Бұл орайдағы біздің ұлттық валюта бағамы 1 долларға 426,44 теңгеден келеді. Мұнай өндіруші елдердің аз уақыт бұрын жасасқан келісіміне қарамастан қара алтын бағасы құлдырауын қояр емес. Кремл ОПЕК+ елдерінің жаңа келісімінен ә дегенде нәтиже күтуге болмайды деп мәлімдепті. 

    «ОПЕК+ елдерінің жаңа келісімінен нәтиже күтуге әлі ерте. Ол келісім әлі толық деңгейде күшіне енген жоқ. Енді оның жүзеге асуын күту керек. Оған бірнеше күн кетеді. Жақында ғана біздің министр саудиялық әріптесімен байланыста болды. Біз қазір жағдайды мұқият бақылап отырмыз» депті Кремль баспасөз қызметінің жетекшісі Дмитрий Песков. 

    Бұл да нарық ойыншыларын, мұнай бағасына үмітпен қарап отырған елдерді алдарқату секілді көрінеді. Өйткені ОПЕК+ 2020 жылы бәрібір мұнайға деген сұраныстың 6,8 млн баррелге дейін қысқаратынын айтады.

«Қытайдағы Covid-19 вирусының транспорт пен өнеркәсіпке әсері аталған елдің бірінші тоқсанда мұнайға деген сұранысының төмендеуіне әкеліп соқтырды. Қазір пандемия бүкіл әлем бойынша мұнайға қатты соққы беруде» делінген ұйым құжатында. 

    Теңге беріктілігін сақтай алмаған, дербес экономика қалыптастыруға қауқарсыздық танытқан Қазақстанның валютасы күн санап құлдырау қаупінің алдында тұр. Теңгенің күшін сақтау үшін Ұлттық банк соңғы он жылдың өзінде бірнеше рет интервенция жасап, миллиардтаған қаржымызды жағып жіберді. Сондықтан біздің үкімет әркез әлемдік экономиканың қабағын бағып, соған сай әрекет етуге мәжбүр

    «Адамдар осыдан 10 жыл бұрынғы теңге курсының қайта оралғанын қалайды. Алайда ол мүмкін емес. Біріншіден, негізгі экспорттық тауар – мұнай бағасы өсіп кетті. Негізінде экспорт пен импорт айырбастау курсына әсерін тигізеді. Экспорт – шетел валютасының Қазақстанға ағылуы болса, импорт – сол ақшадан айырылу. Валюта қаншалықты көп келсе, ақшадан мейлінше аз айырылсақ, теңге соншалықты берік болады. Ал валютаның біздің елге ағылуы – мұнай экспортының көлемі мен құнына тікелей тәуелді. Сондықтан келешекте келешекте валютаның Қазақстанға келу көлемінің төмендей беретінін сезіп отырмыз. 

    Екіншіден, курс фиксациясы (курс тұрақтылығы) – бұл мемлекет тарапынан болатын тегін акция емес. Ол үшін Ұлттық банк төлейді. Алайда сол төлемді жасау үшін олар тек өз ақшасын ғана емес, екінші деңгейлі банктердің де қаржысын пайдаланады. 2014 жылы 20 шілдеде мұнай бағасы күрт құлдырап кеткен кезде Brent 115 доллардан сатылып еді. Ал 2014 жылдың соңында Brent бағасы 57,7 доллар көлемінде болды. Құлдырау 2015 жылы қатты қарқынмен жалғасты. Ұлттық банктің 2014 жылы жағдайға жылдам бейімделе алмауы салдарынан 22,4 млрд доллар, ал 2015 жылы 12,7 млрд доллар ақша жұмсалды. Сонда біз 35,1 млрд доллар жұмсап жіберіппіз. Ал наурыз айында жалпы халықаралық активтер 30 млрд долларға тақау төңіректе болды. Біздің алтын-валюта қорымыз ары кетсе мұнайдың екі рет құлдырауына ғана көмек бола алады. Өйткені Ұлттық банк негізінен екінші деңгейлі банктерге қарыз. 

    Үшіншіден, курсты ұстап тұру тәсілі 2014-15 жылдардағыдай негізсіз орындалса онда бизнес банкротқа ұшырайды. 2015 жылы рубль 2,9 теңге боп тұрған кезде көптеген қазақстандықтар ұзақ мерзімге жарайтын және тұтыну тауарларын алу үшін Ресейге ағылды. Көптеген қазақстандықтар теңге курсының 2007 жылғы сияқты болғанын қатты қалайды. Бірақ популистік және ойластырылмаған қадамдар кесірінен бұл тіпті мүмкін емес» деп жазады  Тимур Әбілқасымов Телеграмдағы Risk Takers каналында.

    ОПЕК+ ұйымына мүше Қазақстан да мұнай өндірісін қысқартуға келісті. 2020 жылы Қазақстанның мұнай-газ өндірісі 74,5 млн тоннаны құрауы мүмкін екен. Бұл дегеніңіз былтырға қарағанда 17 пайызға төмен көрсеткіш. Осылайша, біз қара алтын өндірісі көрсеткішін 2008 жылғы межеге (70,6 млн тонна) жақындатамыз. Мемлекет мұнай өндірісін 32 пайызға, тәулігіне 630 мың баррелге бір-ақ қысқартуы ықтимал. Өйткені халықаралық келісім соған мәжбүрлейді. 

    ОПЕК+ келісіміне сәйкес мүше мемлекеттер мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн баррелге дейін қысқартуы тиіс. Бұл шаруа 1 мамырда басталып тура екі айға созылады. Бұл шешімге келіспей отырған жалғыз ел – Мексика. Аталған мемлекет маусым айында келісімнен шығып кетуі мүмкін. 

Сондай-ақ оқыңыз