Қазақстандық әйелдер өз денсаулығына қаншалықты жауапты қарайды?

Жарияланды
Осы тақырыпта арнайы сауалнама жүргізілген

Биыл жазда «Әйел денсаулығы KZ» ағартушылық жобасы BISAM Central Asia компаниясымен бірлесіп әйелдер денсаулығына қатысты арнайы сауалнама жүргізген. Оған 18-60 жас аралығындағы 1 202 респондент қатысыпты. Сондай-ақ, Яндекс-взгляд ресурсының көмегімен 2083 әйелге анонимді сауалнама жүргізілген. 

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, әйелдердің тек 37%-ы гинекологтардың 6 айда 1 рет профилактикалық тексеруден өту туралы ұсынысын қабыл алып, орындайды. Қазақстанның бес әйелінің төртеуі жылына бір рет дәрігерге барады. Профилактикалық тексеруден толық бас тартқан әйелдердің үлесі 13%-ды құраса, ал басқалары мұны өте сирек жасайды екен. Анонимді сауалнаманың нәтижелері көрсетіп отырғандай респонденттердің үштен бір бөлігі дәрігерлерге 3 жылда 1 реттен аз көрінеді. 

Профилактикалық тексеруден бас тартудың негізгі себептері – денсаулыққа шағымдардың болмауы және уақыттың жетіспеуі. Өкінішке орай, мазасыздық белгілері пайда болса да көбі дерт жазылып кетер деп күтіп жүре беруді әдет қылған. Ал егер симптомдар ұзақ уақыт бойы кете қоймаса онда әйелдердің 51 пайызы дәрігерге баруға мәжбүр болады. 16 пайыз әйел жағдайлары тым қатты нашарлаған кезде ғана дәрігер көмегіне жүгінген. 

«Сауалнама нәтижелері біздің еліміздегі әйелдердің өз денсаулығына қамқорлық жасау мәдениеті қалыптаспағанын растайды. Егер әйел кем дегенде жылына бір рет маманға бармаса, онда көптеген ауруларға уақтылы диагноз қойылмайды. Бұл болашақта қайғылы салдарға әкелуі мүмкін: әйелдің репродуктивті функциясына немесе онкологиялық аурулардың дамуына әсер етеді. Сондықтан медициналық профилактикалық тексерулерге уақыт бөлу қажет. Оларды жылына екі рет өткізген жөн –  бұл маманға барудың оңтайлы кезеңі. Емдеуден аурудың алдын алу оңайырақ» дейді репродуктолог-дәрігер, профессор, Вячеслав Локшин. 

Сондай-ақ, сарапшы репродуктивті денсаулықты сақтау және қалпына келтіру маңызды медициналық және мемлекеттік міндет болып табылатынын атап өтті. 

Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің тек 26%-ы қазіргі заманғы контрацепцияға оң қарайды. Бұл ретте, респонденттердің үштен бірінен көбі 36,10%-ы бала туу мәселесінде Жаратқанның еркіне сүйенуді қалайды, ал 12,9%-ы гормондарды қабылдаудан қорқады. 

«Жүктілікті жоспарлау – туа біткен аурулары бар баланың туу қаупін азайтуға, сондай-ақ болашақ ананың жүктілік пен босану кезіндегі асқынулар санын азайтуға бағытталған алдын алу шараларының кешені. Жүктілік арасындағы оңтайлы аралық 2-3 жыл болуы керек. Сонда ерлі-зайыптылар арасында жылы қарым-қатынас орнап қана қоймай, балалар жылы және жайлы отбасылық жағдайда туады. Бұл мерзімнің қысқаруы мерзімінен бұрын босануға, жаңа туған нәрестелердің физиологиялық дамымауына, сондай-ақ ананың немесе баланың өліміне әкелуі мүмкін» дейді акушер-гинеколог Г. Гребенникова. 

Сауалнамаға қатысқан әйелдердің 25%-ы менопауза басталған кезде гинекологпен кеңесуден бас тартады екен. Олар өз жағдайын өз бетінше бақылауды жөн көреді. Әрбір бесінші респондент менопауза кезінде ешқандай медициналық көмек қажет емес деп санайды.

«Статистикаға сәйкес, менопауза әйелдердің тек 20-30%-ында асқынусыз өтеді. Ерте кезеңдерде қалған 70%-ында әр түрлі белгілер пайда болады: тершеңдіктің жоғарылауы, ұйқының және есте сақтаудың бұзылуы, мазасыздық, остеопороз, артрит және тіпті Альцгеймер ауруы. Бүгінгі таңда салыстырмалы қауіпсіздік пен ыңғайлылықты біріктіретін жаңа тиімді трансдермальды гормоналды препараттар бар, оларды тек дәрігер тағайындай алады» деген пікір айтады Гребенникова. 

Әйел денсаулығына арналған қыркүйек апталығы «Әйел денсаулығы KZ» әлеуметтік-ағартушылық жобасымен ұйымдастырылған. 2020 жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы «Гедеон Рихтер» фармацевтикалық компаниясы әйелдердің өз денсаулығына мұқият және ұқыпты қарауының маңыздылығын насихаттау мақсатында осы жобаны іске қосқан еді. 

«Әйел денсаулығы  – біздің компания жұмысының басым бағыттарының бірі. 120 жылдан бері біз бүкіл әлемдегі әйелдердің дені сау болып, баланың тууын жоспарлауға көмектесіп келеміз. Сонымен қатар Қазақстанда жұмыс істеген 25 жыл ішінде біз қазақстандық әйелдердің дені сау болуы үшін дәрігерлермен де, халықпен де білім беру іс-шараларын өткізіп келеміз. Осы мақсатта біз әйелдер денсаулығы бойынша білікті мамандарға үнемі бару және олармен аурулардың алдын алу мәселелерін талқылау қажеттілігіне назар аударғымыз келеді» дейді «Gedeon Richter KZ» ЖШС (Гедеон Рихтер КЗ) Бас директоры Ремигиюс Нараускас. 

«Әйел денсаулығы KZ» жобасы ҚР әйелдер денсаулығының алдын алуды зерттеу бойынша жыл сайын зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Алынған нәтижелер әйелдердің өз денсаулығына деген қатынасының динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Жобаның ағартушылық қызметі әйелдерге әсер етіп, өзін-өзі қорғауға итермелеуі керек.   
 

Сондай-ақ оқыңыз