МӘМС жүйесінде өз мәртебеңізді тексерудің жолы қандай?

Жарияланды
Медициналық сақтандыру – міндетті жоба

Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жобасына тіркеліп, жарна төлемеген жан тегін медициналық қызмет ала алмайды. Тіпті оған амбулаториялық деңгейде де көмек көрсетілмейді. Ондай жағдайда клиент жеке ақылы клиникаларға барып тексерілуге мәжбүр. Ал ол жерде қызмет бағасы аспандап тұр. Егер жарна төлеген болсаңыз тіпті сол жеке клиниканың өзіндегі қызметті де тегін тұтына аласыз. 

МӘМС жүйесінде барсыз ба, жоқсыз ба, оны тексерудің жолы қарапайым. Бұл ретте біз сіздерге төрт нұсқаны ұсына аламыз.

Алғашқысы – «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасын жүктеп алу. Тіркелу процесін орындаған соң «Сақтандырылу мәртебесін тексеру» бөлімін таңдап, ЖСН енгізесіз. Сол кезде мәртебеңіз көрініп, қарыз берешегіңіздің бар немесе жоқ екендігі жайлы ақпарат пайда болады.  

Екіншісі – @SaqtandyryBot телеграм боты. Аталған ботты тауып, «Сақтандырылу мәртебесін анықтау» бөлімін таңдап, ЖСН енгізу жеткілікті. 

Үшінші – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайты. Онда «Мәртебені анықтау» нүктесі оң жақта орналасқан. Соны басып, ЖСН көрсету қажет. 

Төртінші – Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асады. «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударылған аударымдар және (немесе) жарналар сомасы туралы ақпарат беру» қызметін таңдап, қызметке тапсырыс бересіз. Әрі қарай тиісті бағандарды толтырасыз. 10 минутқа жетер-жетпес уақыт ішінде ақпарат жеке кабинетіңізге келіп түседі. 

Қандай да бір айларға берешегіңіз бар болса, сол айларға ғана жарна төлейсіз. Содан кейін сіздің МӘМС жүйесіндегі мәртебеңіз ауысады. 

МӘМС жүйесінде сақтандырылған адамдар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ұсынатын медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болады:
•    Профилактикалық медициналық тексерулер; 
•    Учаскелік дәрігердің нұсқауы бойынша арнайы маманданған дәрігердің қабылдауы және кеңес беруі;
•    Созылмалы дертке шалдыққан жандардың бейінді мамандардың бақылауында болуы;
•    Уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;
•    Халықтың белгілі бір категориясына шұғыл және жоспарлы түрде стоматологиялық көмек көрсету;
•    Диагностикалық қызметтер, оның ішінде лабораториялық диагностика (УЗИ, рентген, КТ, МРТ);
•    Мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы, стационарлық медициналық көмек; 
•    Медициналық оңалту; 
•    Стационарда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.

Жарнаны қалай төлеу керек?

Төлемді екінші деңгейдегі банктің кез келген бөлімшесі, «Қазпошта» АҚ арқылы, Kaspi.kz, TengriBank қосымшалары, сондай-ақ өзіне-өзі қызмет көрсету 24 Кассасы, Qiwi әмиян терминалдары арқылы аударуға болады.

Жеңілдік санатына жататын азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді: 
•    18 жасқа дейінгі балалар;
•    Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
•    Баланы үш жасқа толғанға дейін тәрбиелейтін жұмыс істемейтін адамдар;
•    Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға немесе асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы адамдар;
•    «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;
•    Мүгедек баланы күтетін, жұмыс істемейтін адамдар;
•    Бала кезінен мүгедектерге күтім жасайтын адамдар;
•    Мүгедектер;
•    Зейнеткерлер мен екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері;
•    Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі бөлімде оқитын адамдар;
•    Жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
•    Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
•    Жұмыс істемейтін оралмандар;
•    Ең төменгі қауіпсіздіктегі мекемелерді қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімімен жазасын өтеп жатқан адамдар;
•    Тергеу изоляторында отырған адамдар.

Науқастың құқықтарын қалай қорғауға болады?

Егер сіз көрсетілген медициналық қызметтердің сапасына қанағаттанбасаңыз, медициналық персонал тарапынан дөрекілікке, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ұсынылатын медициналық қызметтер үшін ақшалай қаражатты талап ету фактілеріне немесе басқа да проблемалық мәселелерге тап болсаңыз, келесідей әрекеттерді іске асыра аласыз: 

•    Пациенттерге қолдау көрсету және ішкі аудит қызметінен көмек сұраңыз. Мұндай қызмет әрбір медициналық ұйымда жұмыс істейді. Кері байланыс үшін байланыс деректерін көрсете отырып, жазбаша өтініш жазу жеткілікті. Толығырақ ақпаратты емхананың немесе аурухананың қабылдау бөлімінен білуге болады.
•    Аймақтың денсаулық сақтау басқармасының колл-орталығына жүгіну.  Барлық медициналық ұйымдар денсаулық сақтау басқармаларына бағынатындықтан, олардың өкілдері сіздің мәселеңізді шешуге әсер ете алады.
•    «Qoldau 24/7» қосымшасында өтінім қалдыру. Сіздің өтінішіңізден кейін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мамандары медициналық ұйыммен хабарласады және қызмет көрсету сапасын тексереді. Егер сіз қандай да бір себеппен оны алмаған болсаңыз, онда олар бас тарту себебін анықтайды. Барлық өтініштер тізілімге тіркеу нөмірін берумен енгізіледі, соның арқасында өтініштің мәртебесін қадағалауға болады.
•    @SaqtandyryBot Telegram-ботында өтінім қалдырыңыз. Ол үшін негізгі мәзірде «1406-ға хабарлама жіберу» пәрменін таңдау керек. Өтінімде мәселенің мәні, сондай-ақ аймақтың және медициналық ұйымның атауы болуы керек.
•    Қордың тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 бірыңғай байланыс орталығына жүгіну қажет. Қазақстанның барлық аумағында ұялы және қалалық телефондардан қоңырау шалу тегін.
 

Сондай-ақ оқыңыз