Қазақстанның онкологиялық аурулардың алдын алудағы әлеуеті қандай?

Жарияланды
Өкпе қатерлі ісігі – ең көп тараған түрі

Пандемия көптеген аурулардың, соның ішінде онкологиялық аурулардың алдын алу және оның емдеу тәсілдерін қайта қарауға мәжбүрледі. Денсаулық сақтау мамандары коронавирустың таралуы жағдайында өкпе қатерлі ісігінің скрининг өте маңызды екенін айтады. 

Қазір бүкіл әлемде өкпенің қатерлі ісігі – қатерлі ісіктің ең көп тараған түрі және онкологиямен байланысты өлімнің басты себебі. Қазақстанда ол онкологиялық аурулар құрылымында екінші және өлім-жітім бойынша бірінші орын алады. Өкпе қатерлі ісігі көбінесе ауру кеш сатыға көшкенге дейін байқалмай қалып жатады. Себебі, кесел көп жағдайда симптомсыз дамиды екен. Globocan халықаралық онкологиялық зерттеулер агенттігінің мәліметтері бойынша, бір жыл ішінде өкпе обырынан болатын өлім 50 пайызды құрайды. Ал тиісті терапия болмаған кезде пациенттердің 80 пайызы 2 жыл ішінде қайтыс болады. Десе де дәрігерлер мұның алдын алуға болатын ауру екенін әркез еске салады. 

Сондықтан уақытылы скринингтен өту аса маңызды. Егер ісік ерте сатысында анықталса, емдеудің ең заманауи және тиімді нұсқаларын таңдауға болады дейді мамандар. 

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша өкпе қатерлі ісігінің әр түрі бар. Кіші жасушалық емес өкпе қатерлі ісігі ең көп таралған түрге жатады. Ол бүкіл әлемде жыл сайын диагноз қойылған 1,8 млн-ға жуық жаңа жағдайлардың 85 пайызын құрайды. Өкпе қатерлі ісігінің скринингі кеселді ерте анықтауға және сәтті емдеуге жаңа үміт сыйлайды» дейді Takeda компаниясының Үндістан, ТМД, Орта Шығыс, Африкадағы аймақтық медициналық директоры Тоби Шепард. 

Жалпы, онкологиялық дерттің қай-қайсысы болмасын – бүкіл әлемнің назарын аударып, осы салада терең талдаулы еңбектер мен ерен күшті жұмсауға мәжбүрлеп жатқан кесел. 

«Бүгінгі онкология алға қарай қадам басты. Қазіргі таңда 10-15 жыл бұрын емдеу мүмкін болмаған кеселдерге ем бар. Онкологиялық ауруларды емдеудегі әлемдегі алдыңғы қатарлы әдістемелер игерілді және олар Қазақстанда белсенді қолданылады. Осының барлығы тегін емделуге мұқтаж әрбір азаматқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қолжетімді. Алайда, ұзақ уақыт емделуден арылуға және тіпті өмірді сақтап қалуға мүмкіндік беретін ең маңызды фактор – тұрақты онкоскрининг пен аурудың ерте кезеңдерінде азаматтардың жүгінуі» дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Қазіргі уақытта Қазақстанда жетекші онкологиялық қауымдастықтардың халықаралық хаттамаларына сәйкес келетін онкологиялық ауруларды емдеудің қазіргі заманғы түрлері жүргізілуде. Таргетті терапия, иммунотерапия және гендік инженерия әдістері белсенді қолданылады. Барлық химиотерапиялық және таргеттік препараттар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілуде. 2012 жылы Қазақстанда онкопсихологтардың жеке кәсіби қызметі пайда болды.

Маңызды жетістік ретінде аурудың сатысы мен таралуын дәл анықтауға, емдеудің оңтайлы режимдерін таңдауға, жеке терапияны қолдануға, сәулеленудің немесе химиотерапияның оңтайлы курсын тағайындауға, емдеудің тиімділігін бақылауға және негізсіз операцияларды болдырмауға көмектесетін МРТ және ПЭТ-КТ диагностикасын, молекулалық-генетикалық зерттеулер мен телепатологияны енгізуді айтуға болады. 

Онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспары аясында қатерлі ісіктің кең таралған түрлерімен ауыратын пациенттерге үйде паллиативтік көмек көрсету бойынша мобильді топтардың жұмысы қолға алынды. 

«Біздің миссиямыз – қатерлі ісікпен ауыратын науқастардың өміріне араша түсу және өмір сүру сапасын барынша жақсарту үшін бүкіл қоғамның күш-жігері мен әлеуетін біріктіру. Біз уақытылы белсенді қолға алынған іс-қимылдар қазақстандықтардың ертеңгі ұрпағының бойында осы аурудың қаупін айтарлықтай азайтады деп сенеміз. Өз денсаулығыңа дәрігерлер және мемлекетпен бірге жауапкершілікпен қарау – бұл әрбір адамның орындай алатын міндеті: скринингтерге қатысу, салауатты өмір салтын ұстану және позитивті ойлай білу, өзінің хабардарлығын арттыру арқылы мифтерден арылу – осының барлығы кез-келген қазақстандықтың қолынан келеді» дейді «Қатерлі ісікпен күресейік» ҚҚ атқарушы директоры Гүлнар Кунирова. 

Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісік ауруының 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Онкологиялық есепте 180 мыңнан астам қазақстандық тұр.

Сондай-ақ оқыңыз