Көз жұмғаннан кейінгі донорлыққа электронды түрде келісуге немесе бас тартуға болады. Оны қалай істейді?

Жарияланды
Заңға президент шілде айында қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы 7 шілдеде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» және «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау мәселелері туралы кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойғаны белгілі. 

Аталған заңда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесі де қарастырылған. Онда Қазақстанның қайтыс болған азаматының ағзасы мен тіндерін шетелге әкету тек Қазақстан Республикасының азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда жүзеге асырылатыны жайлы ереже бар. Бұған дейін денсаулық сақтау экс-министрі Елжан Біртанов қайтыс болған адамның органдарын алуға келісу презумпциясы елімізде 2009 жылдан бері бар екенін айтқан болатын. Ал наурыз айының басында мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісу үшін әрбір қазақстандық қайда барып, не істеу керегін түсіндіретін арнайы функция болуы керегін айтқан еді. 

Енді электронды үкімет порталында трансплантация үшін тіндерді немесе мүшелерді сыйға тартуға келісім беру немесе бас тарту бойынша онлайн қызмет ашылып отыр. Ол үшін egov.kz порталындағы «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін оның тіндерін (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларын (ағзалардың бөлігін) алу мүмкіндігі туралы көзі тірісінде ерікті түрде қайырмалдыққа келісімді немесе келісімді қайтарып алуды тіркеу» қызметін таңдау қажет. Бұдан әрі пайдаланушы : «Келісімді қайтарып алуды тіркеу» немесе «Келісімді тіркеу» деген өтініш түрін таңдайды.

«Биыл мамыр айында заңға түзетулер енгізілді. Ол халық арасында үлкен қолдау тапты. Бүгін халықтан алынған кері байланысты ескере отырып, органдарды алуға келісімді ресімдеуге немесе бас тартуға мүмкіндік беретін қызмет әзірленді. Бұрын бұл үшін сіз тіркелген емханаға барып, өтініш жазуға тиіс едіңіз, ал қазір үйден шықпай-ақ рәсімдей аласыз» дейді «Ұлттық ақпараттық технологиялар»,- АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.

Келісімді тіркеген жағдайда, пайдаланушылардың транспланттау мақсатында белгілі бір органдарды таңдау мүмкіндігі бар. Ол таңдау мүмкіндігі электронды үкімет порталы арқылы өтінім берген кезде көрсетіледі.

«Хабар 24» телеарнасының хабарлауынша, 2020 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша қазірдің өзінде 400 қазақстандық онлайн түрде қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтан бас тартып үлгерген. Аталған электронды қызмет азаматтар үшін қолжетімді болған бірнеше күн ішінде осыншама адам қарсылық танытқан. 

«60 адам бұл қызметке онлайн түрде келісім берді. Ал онлайн қызмет дайын болмай тұрып 300 адам қағаз жүзінде келісім беру немесе қарсылық білдіру құқығын пайдаланған болатын»,- деген еді Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі Бағдат Мусин. 

Ал ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басқарма төрағасы Юрий Пяның айтуынша, Қазақстанда қайтыс болған азаматтардың мүшелерін қажет етіп жатқан науқастар көп, алайда бұған келісім беріп жатқандар саны өте аз. 

«2012 жылдан бері 81 жүрек ауыстыру операциясын жасадық. Бұл өте аз көрсеткіш. Күн сайын адамдар жол апатынан, миға қан құйылудан, өндірістен көз жұмып жатыр. Ал келісім берілген донорлық саны өте аз. Карантин кезінде трансплантация тіпті азайып кетті»,- деген еді ол баспасөз мәслихаты кезінде. 

Айтуынша, кей елдерде донорлық мүлде тоқтатылған. Ал Қазақстан пандемия кезінде донорлықты тоқтатпаған Орта Азиядағы жалғыз ел болып отыр. 

«Орта Азия бойынша бізде ғана жүрек және өкпе трансплантациясы жүргізіліп жатыр. Әзірге біз операцияны тек өз ішімізде ғана атқара аламыз. Дәл қазір өзге елден орган ала алмаймыз, өзге елге орган жібере алмаймыз. Өйткені бізде адамдар қайтыс болғаннан кейін донор болғысы келмейді. Алайда қандай да бір себеппен шет елде жүрген Қазақстан азаматына донор керек болса онда оған заң мүмкіндік береді»,- дейді Юрий Пя. 

Ресми мәлімет бойынша дәл қазір Қазақстанда 4 мыңға жуық ересек адам орган ауыстыру қызметіне мұқтаж. Сондай-ақ 200 баланың да өмірі осы мәселеге келіп тіреліп тұр. 

 
Сондай-ақ оқыңыз