Депрессиядан құтылудың жолы қандай?

Жарияланды
Кәсіби маман кеңесі

Депрессия – көпшілікке таныс дерт. Бұл дерттің белгісі кез-келген адамның бойынан табылуы мүмкін. Біреулерде бұл ауру асқынып кеткен болса, енді біреулерде енді басталып келе жатқан болуы кәдік. Мамандардың айтуынша, адамдар көп жағдайда өзінің депрессияға ұшырағанын байқай бермейтін көрінеді. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, 2021 жылы депрессия ауру біткенді басып озып бірінші орынға шығуы ықтимал. Ал күйзеліске түскен жандарға көмек берумен айналысатын Depreccii.net сайтының жазуынша, қазір жер-жаһанда 350 миллионнан астам адам осы ауруға шалдыққан. Осылайша, олардың жұмыс істеу қабілеттері күрт төмендеген. Дәрігерлер депрессия адамды қатерлі ісікке шалдықтырады, оны ерте мүгедек етеді деп дабыл қағуда. ДДСҰ дерегінше, қазірдің өзінде жұқпалы және жүрек-қан тамыр аурулары депрессиядан кейін тұр. Соңғы жылдары адамдар туберкулез бен қатерлі ісікке қарағанда, депрессия салдарынан жиі көз жұма бастаған. Осыны ескерген АҚШ, Швейцария сияқты елдер депрессияға шалдыққан қызметкерлеріне еңбекке жарамсыздығын айғақтайтын қағаз беріп, демалысқа да шығарады екен. 

Қазақстанда да күйзеліс құрсауына түскен адамдар саны артып келеді. ДДСҰ мәліметінше шамамен 800 мыңға жуық қазақстандық депрессиямен арпалысып жүр. Психоанализ бағытындағы психолог Сая Бақимованың айтуынша, депрессия – күрделі психикалық ауытқу. Күйзеліс психиканың бұзылуынан туындайды дейді маман. 

«Депрессияның жаман жері – адамның өзі де, жақындары да бұл бір күрделі ауру екен деп қарамайды. Кейін ауыр депрессиядан адам өзіне қол жұмсайды. Сондықтан кеше ғана жақсы жүріп еді, бүгін суицид жасады деген кездің бәрінде мүмкін адамда біз байқамаған депрессия болған шығар деп ойлануымыз керек. Бірақ бұл клиникалық депрессия, депрессияның халықаралық стандарт бойынша психиатриялық ауытқулар анықтамасындағы түрі. Алайда күнделікті өмірде «көңіл-күйім жоқ, күз келді, содан депрессия, мейрам кезінде депрессия басталады» деген ауызекі тілдегі депрессия жайлы естиміз. Бұл басқа жағдай»,– дейді маман. 

Дәрігерлердің айтуынша, аурудың алғашқы белгілері – ас қорытудың бұзылуы, бас ауру, әлсіздік пен ұйқысыздық. Әдетте ондай адамдар ештеңеге разы болмай, игіліктерді көрмей, көрсе де оған шын қуана алмай, өмірін жақсы жаққа қарай өзгерткісі келіп, бірақ соған ерік-жігері жетпей, мұнысына одан әрі қапаланып, өмірін түнекке айналдыра береді. Өзін бұл түнектен қалай суырып шығарарын білмей дағдарып, уақыт өте бұл проблемасының мүлде шешімі жоқ деген байламға келеді дейді мамандар. 

«Адамға тигізетін стресстік әсері жағынан үш жағдай көш бастап тұр – қаза, ажырасу, көшу. Қаза тура мағынасында біреуден айырылып қалу болса, ажырасу да, көшу де символды түрде жоғалту, бұрынғы отбасы жоғалды, үйреніскен жерден айырылды, демек бұлардан да адамда депрессия пайда болуы мүмкін. Одан кейін эмоциялық жану, мысалы ауыр, қайталанатын шырмауық жұмыстан болатын таусылу, шаршау, жұмысты ауыстыру, қоғамдық қатынастарына адамның көңілі толмау; сосын экзистенциал мәселелер –  не үшін тудым, не үшін жүрмін, өмірдегі мақсатым не деген сияқты сұрақтар. Мұның бәрі жаңа айтқандай адамды қайғыға, құлазуға әкеледі. Бірақ психика өзін-өзі қалпына келтіру күшіне ие. Кез-келген қайғының орны толады. Уақыт өте келе ауыр сезімдердің күші қайтып, орнын мұң, естеліктер басады. Осы кезді адам басынан аяғына дейін өткеруі керек. Қайғы процесін өткеру деген арнайы термин де бар. Осылайша керек кезінде қайғырып алған адам ауыр клиникалық депрессияға түспейді»,– дейді психолог. 

Депрессия емделе ме деген сауалға да әлі күнге біржақты жауап жоқ. Дәл осы сауалға келгенде мамандардың да пікірі екіге жарылады. Кей мамандардың айтуынша, бұл дерттің нақты бір дауасы жоқ. 

•    Күйзеліс кезінде үлкен жауапкершілігі бар жұмысты істемеу; 
•    Мейлінше, өз мүмкіндігің жететін шаруаларды реттеу; 
•    Тағдырыңа тікелей әсер ететін шешімдер қабылдаудан аулақ болу; 
•    Барынша жиірек қимылдау. Таза ауада көп жүру – күйзелісті сәл де болса сейілтеді деп кеңес береді. 

Мамандар, депрессияға шалдыққан адамды өз бетіңмен оңалтамын деу оның жағдайын жақсартпай, керсінше құрдымға итермелеуі ықтимал дейді. 

«Біріншіден, тіпті душқа барғысы жоқ адамның психологқа келуі үлкен жұмыс. Екіншіден ондай адамның туыстары да мәселенің психологиялық екенін аңдамай, адамға мотивация беруге, молдаға апаруға, қайрауға тырысады. Қазіргі уақыттың үлкен бір мәселесі – адам мотивация арқылы кез-келген нәрсені жеңеді деген позитив психология болып отыр. Клиникалық депрессиядағы адамға «өмір керемет, күл, табиғатқа шық, мә саған КВН-ге екі билет» деңізші, ол сізді түсінбейді біріншіден, екіншіден сіз тек оған зиян істейсіз. Қайғырып, еңсесі түсіп үйде жатқанда оның ішкі құлазуы мен сыртқы бет-әлпеті әзірге үйлесімде, ал біз зорлықпен сыртын күлдіріп, киіндіріп қойсақ, ішкі әлем мен сыртқы бейне дисбалансқа түседі, бұл оның онсыз да ауыр күйін одан сайын асқындырып жіберуі мүмкін. Суицидты жақындатуы мүмкін. Сондықтан депрессиядағы жақыныңыздың тек жанында болыңыз, мамандарға апарыңыз, айтары болса тыңдаңыз, бірақ мотивация беріп, өмір қандай керемет екенін айтпай-ақ қою керек»,– дейді Сая Бақимова. 

Белгілі ресейлік психиатр Дмитрий Кваснецкийдің айтуынша, депрессия жас таңдамайды. 

«Психоаналитик Шпиц соғыс кезінде балалар үйіне түскен балаларды зерттей отырып, тіпті 8 айлық балада анаклитикалық депрессия деген депрессия түрі болатынын айтқан. Бір нүктеге қарап, селқос жататын жағдай тіпті сәбиде де болады екен. Перзентханада жұмыс істейтін адамдар тастанды балалар кейде жыламай жата береді дейді. Себебі – осы депрессия, жылағанмен де анасы жүгіріп келе қояды деген үміті жоқ балалар…Ересектің бәрі сол бұрынғы сәбилер. Біз өсе келе шынайы махаббатты оның суррогаттарымен алмастырғымыз келеді – ақша, дүние, қымбат киім, машина. Бірақ шынайы қарым-қатынас жоқ жерде оның бәрі өтірік екенін психика айнытпай біліп қояды»,– дейді Кваснецкий. 

 

Сондай-ақ оқыңыз