Дәрігерлердің орташа жалақысының қай жылы 550 мыңға жететіні белгілі болды

Жарияланды
Жыл сайын мыңдаған қазақстандық дәрігер шетелге кетеді

Қазақстан коронавирус пандемиясының екінші толқынына әзірлік үстінде. Қазіргі таңда бюджеттік бағдарламалар аясында кадрларды дайындау қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. Десе де денсаулық сақтау саласында маман тапшылығы қатты байқалып отыр. Мұны республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының басшысы Қанат Төсекбаев та мойындайды. 

Ол жыл сайын мыңдаған білікті дәрігердің шетелге кететінін де жасырмайды. Әлеуметтік жағдайдың төмендігі, құқық саласының әлсіздігі мамандарды осындай қадамға мәжбүрлеуде. Сондай-ақ ішкі миграция да қатты жүріп жатыр. Ресми дерек бойынша дипломы бар кадрлар ауылдан қалаға қоныс аударуға құштар. Сол себепті де өңірлерде медициналық көмек көрсету сапасы көңіл көншітпейді. 

«Мемлекет басшысы 2023 жылға қарай дәрігерлердің орташа жалақысын 2,5 есеге арттыру туралы тапсырма берді. Жақсы әлеуметтік кепілдеме, өмір сүруге жақсы жағдай жасау арқылы дәрігер мен медициналық жұмысшылар мәртебесін көтеру керек. 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2025 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 550 мың теңгеден кем болмайды»,- дейді Төсекбаев.

Сондай-ақ елде медициналық қызметкерлерді бөлістіру бойынша да теңсіздік байқалып отыр екен. Қазір денсаулық сақтау саласында 253 883 адам жұмыс істесе, соның 74 046-сы – дәрігер, 179 837-сі – орташа медициналық қызметкер. Бір жыл ішінде дәрігер кадрлардың өсімі небәрі 1,5 пайызды құраған. Орташа медперсонал 2,6 пайызға көбейген. 

«Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында жағдай біршама жақсы. Ал Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында дәрігер кадрларымен қамту бойынша көрсеткіш өте төмен. Дәрігерлермен қамтылу бойынша өңірлер арасындағы айырмашылық 24,5 пен 75,9 арасында. Бұл ресурсты бөлістіру тұрғысында теңсіздік бар екенін көрсетеді»,- дейді Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының басшысы. 

Жалпы, 2020 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша дәрігер кадрлардың тапшылығы 5201-ге жеткен. Әсіресе, Қостанай облысына 624 дәрігер керек. Ал оқу бітірген жас мамандарды түрлі өңір мен мекемелерге жібергеннен кейін тапшылық біршама азайған. Соның өзінде еліміздің денсаулық сақтау саласы әлі 4122 дәрігер кадрларын қажет етеді. Негізінен анестезиолог-реаниматолог, терапевт, жалпы практика дәрігері, дәрігер-лобарант, психиатр, акушер-гинеколог және педиатрлар өте қажет мамандар санатында тұр. Сонымен қатар инфекционист, эпидемиолог, неонатологтар да ерекше сұраныстағы мамандар қатарында. Еліміздің денсаулық сақтау саласы дәл қазіргі сәтте 8,5 мың орташа медициналық қызметкерді қажет етіп тұр. 

Маман тапшылығын болдырмау жолында еліміздегі медицина саласындағы ең іргелі оқу орны Асфендияров атындағы ҚазНМУ үлкен күшпен атсалыспақ. 2020 жылы оқу орнын 1347 маман бітіріп шыққан. Оның 154-і – бакалавр, 924-і – интерн, 146-сы – резидент, 68-і – магистратура, 25-сі – докторантура түлектері. Сондай-ақ университеттің 350 қызметкері коронавируспен күреске қатысқан. Университет клиникасының ішкі аурулар орталығына 100 төсек-орын қойылған. 

«Оқу жылының басым бөлігі пандемиямен күрес уақытымен тұспа-тұс келіп біздің профессорлық-оқытушылық құрам Алматы қаласында ұйымдастырылған инфекциялық және провизорлық орталық жұмыстарына белсене араласты.  Университеттің 350 қызметкері емхана мен стационар жұмысына қатысты. Ал оқу орнындағы ішкі аурулар орталығында 150-ден астам науқас ем қабылдады»,- дейді университет ректоры Талғат Нұрғожин. 

Сонымен қатар биыл 6 шілдеде диагностика және науқастарды емдеу бойынша халыққа консультативті көмек беретін «Науқастарды бақылау орталығы» құрылған. Талғат Нұрғожиннің айтуынша, орталық жұмысы үш деңгейде жүзеге асады. 

«Біріншісі – резидент-операторлар тәулік бойы колл-орталықта анықтама ақпараттар беріп, мамандармен байланыстырады. Екіншісі – профессорлық-оқытушылық құрамның кезекші дәрігерлер бригадасы КВИ, пневмония және ілеспе ауруларды бақылау және емдеу бойынша қашықтан кеңес береді. Үшіншісі – «тар» профилдегі дәрігер-эксперттер науқас – дәрігер – консультант режимінде видео-консультация өткізеді. Практикалық тәжірибесі өте жоғары 40-тан астам мамандар, оның ішінде кардиолог, инфекционист, гастроэнтеролог, аллерголог-иммунолог, пульмонолог, хирургтар еліміздің әртүрлі өңіріндегі науқастар үшін онлайн-консультация өткізді. Консультация 24/7 режимінде жалғасады» дейді ректор. 

Оның айтуынша, университет денсаулық сақтау ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, мамандарды жетілдіруді көздейді. Қазір білім ордасындағы 500-ден астам мұғалім терапевтік, хирургиялық, педиатриялық және стоматологиялық 42 клиникалық кафедрада жұмыс істейді екен. Ал 106 денсаулық сақтау ұйымы университеттің клиникалық базасы болып саналады. Олар – 49 емхана, 53 стационар және 4 перзентхана. 

«Клиникалық дайындықтың сапасын арттыру мақсатында университет Алматы қаласының клиникаларында профессорлық-оқытушылық құрамды біріктіру шарттарында жұмысқа орналастыруды бастайды. Штаттық қызметкер ретінде клиникалық орындарда практикалық іс-шаралар өткізу, медициналық ұйымдардың ақпараттық бағдарламасына қол жеткізу жауапкершілікті арттырып, мұғалім-дәрігердің жоғары кәсіби деңгейін қамтамасыз етуге және студенттерге тәжірибелік сабақ өткізуге мүмкіндік береді. Клиникалық оқытуда тиімді тәлімгерліктің маңызы зор. Осы бағдарламаны іске асыру шеңберінде клиникалардың тәжірибелі мамандары студенттерді практикалық оқыту үшін күндізгі бөлімде жұмыс істейді. Биыл 306 клиник дәрігер тәлімгерлік етуде»,- деді медицина ғылымдарының докторы.  

Ректордың сөзінше, 2717 интерндер мен резиденттер практикалық тағылымдамадан өтіп, халыққа медициналық көмек көрсетуге қатысады. Олардың 546-сы Қазақстанның аймақтарындағы 100 медициналық ұйымға таратылмақ. 

 

Сондай-ақ оқыңыз