Қоғам белсенділері «СК-Фармация» мен ӘМСҚ-ның жаңа басшыларына жаппай қарсы шықты. Олар кімдер?

Жарияланды
Экс-басшылар Тоқаевтың сынына іліккен

Тәуелсіздік алғалы бергі тарих-намамызға үңілсек, биліктің сындарлы, берік қадам жасаған мезетін саусақпен санап алатын шығармыз. 

Тәуелсіздік алғалы бергі тарих-намамызға үңілсек, көз үйренген бір топ адам шыр айнала безек қағып қызмет біткенді қолғапша ауыстырып келеді. Қай бір жылы қаржы саласын билеп-төстеген шенеуніктің денсаулық саласы тізгінін ұстағанын да көргенбіз.

Тәуелсіздік алғалы бергі тарих-намамызға үңілсек, үкімет ешқашан халыққа құлақ асқан емес. Олар ұлан-ғайыр Қазақстан аумағында халық бар деп ойлар ма екен өзі?

Осы жолы да солай болған сияқты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында «СК-Фармация» мен әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) басшыларының әрекетін сынға алды. Олар туралы әлеуметтік желіде жеріне жеткізе жазылып жатыр. Сондықтан оны қайталамайық. Президент сынынан соң көп өтпей «СК-Фармация» басшысы Берік Шәріп пен ӘМСҚ тізгінін ұстаған Айбатыр Жұмағұлов қызметтерінен кетті. Есесіне жаңа басшылар да көп күттірмеді. Дипломатын ұстап, есіктен сығалап әрең тұр екен. Берік Шәріптің орнына келген Ерхат Исқалиев үнемі майлы жілік мүжіген, қолы басшылық қызметтен босамаған адам болып шықты. Әрі анау-мынау емес, бюджет есебінен шекесі шылқып күн көретін секторларды басқарған: Қазақстан даму банкінің атқарушы директоры; «БРК-ЛИЗИНГ» басқарма төрағасы; «ҚазТемірТранс» президенті; «Қазақстан Темір Жолы» вице-президенті; «Самұрық-Қазына» қоры «Транспорт және Логистика» салалық дирекциясының директоры. Соңғы қызмет орны – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында болған. 

ӘМСҚ-ға келген Болат Төкежановтың да көрген-білгені ешкімнен кем бола қоймас. АҚШ-та мемлекеттік басқару саласындағы мектеп пен мемлекеттік академияны тәмамдағаны да оған біраз айбар берсе керек. Кейін денсаулық сақтау министрлігі құрылымында жұмыс істеген. Вице-министр және жауапты хатшы болған. Әсіресе, соңғы лауазымда жүріп үлкен-үлкен ақшаның тағдырына да жауапты болған… әлде жауапсыз болған… Әйтеуір, кешелі бері желге ұшқан ақша һәм Төкежанов төңірегінде абың-күбің әңгіме көбейіп сала берді…

Белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыров осы тағайындаулардан соң үкіметке деген наразылығын ашық білдірген. 

«Үкіметтің қоғамға құлақ аспайды. «СК-Фармация» мен ӘМСҚ басшыларын тағайындау процесін билік пен қоғам арасындағы диалог негізінде іске асыруы керек еді. Кеңесе отырып есімі елге белгілі әрі азаматтар сеніміне ие болған жандарды әкелу керек еді. Олай істей алмады. Адамдардың үкіметке деген сенімі одан әрі жоғалды. Бұл екі квазимемлекеттік құрылым азаматтарға моральдық һәм физикалық зиян шектіреді. Дәл осы құрылымдарға халықтық бақылау орнату мәселесін көтеру қажет. Біз халық сеніміне ие бола алатын үкіметке мұқтажбыз. Халық сеніміне ие бола алатын адамдар билікке келуі тиіс. Басқа жолы жоқ» деп жазады саясаттанушы. 

Желі қолданушысы Эльдар Кнардың айтуынша, ӘМСҚ басшылығына келген Болат Төкежанов Қазақстанның дүниежүзілік банкке 80 млн доллар қарыз болып қалуына себепкер болған жан. 

«Ол ақша отандық денсаулық сақтау саласының игілігіне жұмсалды деп айтылды. Сол 80 млн қайда және қалай жұмсалды? Енді қазақстандықтар сол ақшаны 92 млн етіп қайтаруы тиіс. Сондай-ақ былтыр дүниежүзілік банктің қазақстандық Success K компаниясымен бірлесе отырып 742,2 млн теңгеге консультациялық қызмет көрсету туралы келісім жасасқан дау-дамайы есте болар. Бұл жобаға Төкежановтың қатысы бар ма? Анықтау керек! Менің айтарға сөзім жоқ… Бәрі түсінікті… Қош бол, Қазақстан! Біз бәрібір мемлекет бола алмадық» деп жазады ол. 

Журналист Серікжан Мәулетбай да бұл тақырыпқа пост арнаған. 

«СК-Фармация» жаңа басшысы Ерхан Исқалиев ҚТЖ-да қазіргі премьер-министрмен бірге жұмыс істеген. Тоқаев «Бұл қандай ұйым, онда кімдер жұмыс істейді және олар неге үнемі бізді ұятқа қалдырады? 15 жыл бойы осы ұйым туралы естіп келе жатырмын. Бәрі сонда жұмыс істегісі келеді, ұйым айналасында кланаралық мүдделер де бар» деп мәлімдеді. Не істеу маңызды емес, ең бастысы әдемі айта білу. 

   … ӘМСҚ-ға келген Болат Төкежанов расымен министрлікте жауапты хатшы болған. Бірақ 2019 жылдың қыркүйегіне дейін. Соңғы жұмыс орны – дүниежүзілік банктің әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жобаны басқару тобы. Ол жерде жобаның ұлттық үйлестірушісі болған. Ол айтпақшы, жауапты хатшы қызметінде отырып осы жоба бойынша құжатқа қол қойған. Осы жоба бойынша тек PR-дың өзіне 1 млрд-тан астам теңге бөлінген» деп жазады ол. 

Журналист Ерқанат Көпжасарұлы желідегі парақшасында «СК-Фармация» сияқты мекеменің тіпті қажетсіз екенін жазады. 

«СК-Фармацияға» Асқар Мәминнің өз адамы келді. Ерхат Исқалиевтің жүріп өткен жолына қарап оны бір мықты менеджер деп айту қиын. Күйіп тұрған жерге қалай әкеле салғаны тағы түсініксіз. Түсіндірген ешкім жоқ. Халықты елемейді, ескермейді. Жәй ғана бір суретімен ақпаратты шығара салды. Қалғанын өздерің тауып алыңдар дегені ғой. Қоғаммен байланыс дегенді бұлар түсінбей кететін сияқты. Жалпы «СК-Фармацияның» қажеті қанша? Денсаулық сақтау министрлігі өзі ақ бақылауына алуға болады емес пе? Министрліктегі фармациялық бақылау комитеті не бітіріп отыр?!» дейді. 

HOLA News журналисті Айнұр Коскинаның зерттеуінше, Қазақстан халықаралық қайта құру және даму банкі арқылы дүниежүзілік банктен 80 млн доллар қарыз алған. 2017 жылдың 30 мамырында ел парламенті қарыз туралы келісімді ратификациялаған. Қарызды 10 жыл бойы өтейміз. Денсаулық сақтау министрлігі «Success K» ЖШС-мен 696 699 940 теңгеге келісім жасасқанын растаған. Оның ішінде «әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасы» үшін медиа және PR-шараларына арналып 1 млрд теңге және 209 008 долларға келісім жасалғаны да айтылған. Жобаның қаржылық есебін министрліктің жаухатшысы Болат Төкежанов бекіткен. 

    Осыншама енапат ақша қайда жұмсалды, қалай жұмсалды, әділ бөлінді ме, әділетсіз желге ұшты ма, бұл енді ұшы-қиыры жоқ ұлы жұмбақ. Жалпы, бізде жұмбақ көп. Жұмбақтар бірінен соң бірі шешімін таба ма, әлде жұмбақ үстіне жұмбақ жамала ма, оны уақыт көрсетер. 

 

Сондай-ақ оқыңыз