Адамдар антибиотиктерді жаппай қолдануын тоқтатпаса, 15 жылдан соң адамдарды емдей алмай қаламыз

Жарияланды
Дәрігерлер құнды кеңестер берді

Коронавирусқа шалдыққан адам қандай белгілер пайда болған кезде ауруханаға баруы керек? Асфендияров атындағы ҚазҰМУ инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі Амангүл Дүйсенова мен ҚазҰМУ анестезиология және реанимация кафедрасының меңгерушісі Венера Исраилова науқастар есте әрдайым сақтауы тиіс шаралар жайлы айтты. 

Коронавирус жұқтырсаңыз қайда бару керек?

«Жеңіл түрдегі және симптомсыз науқастар үй жағдайында ем қабылдап, учаскелік дәрігермен бірлесе отырып бақылау күнделігін жүргізуі тиіс. Дене қызуы мен қалтырау 3-5 күнге созылса алаңдауға негіз жоқ. Ал бес күннен асып кетсе онда көңіл аударуға тура келеді. 

Әлсіздік, дененің ауруы, тәбеттің жоғалуы, дәм мен иіс сезбеу, мұның бәрі де қауіпті емес. Қауіптісі – тыныс жолының қиналып, ентігудің басталуы. Соңғы өзгерген хаттамаға сәйкес ПТР тестінің нәтижесіне қарамай-ақ қауіпті симптомы бар адамдарды ауруханаға жылдам жатқызу керек. Сондай-ақ коронавирус кезінде тыныс алу жаттығуларын жасамаған абзал» дейді маман. 

«Үй жағдайында ем алған кезде үнемі жата беруге болмайды. Адамға бір уақ белсенді қозғалыс керек. Суды көп ішу маңызды. Қытайда жылы суды ішудің өзіндік дәстүрі бар. Олар бөліп-бөліп сыздықтатып жұтады. Егер салмағы 70 келі болса 2,4 литр су ішеді. Егер үлкен адамның дене қызуы 38,5-тен, баланыкі 38-ден асып кетсе – парацетомол немесе ибупрофен ішу керек. Артық салмағы бар адамдар үшін инфекция екі есе қауіпті. Жөтел қысса АЦЦ – ацетилцистеин препаратын ішу керек. Егер жөтел құрғақ болса онда ыстық сүт немесе ыстық сорпа ішу маңызды». 

Антибиотикке құмартпаңыз

«Адамдар аптекадан жаппай антибиотиктер сатып ала бастады. Амбулаториялық деңгейде ол дәрілердің бәрі бірдей коронавирусқа қарсы тұра алмайды. Оларды жаппай қолдану бактерияның мутацияланып, аурумен күресті қиындатуы мүмкін. Кәсіби емес мамандар көп жағдайда қандағы тромбтарды жою үшін дексометазон, гормон, коагулянттарды қолдануға кеңес береді. Үй жағдайында өз бетіңше ем қабылдау жағдайды асқындырып алуы ықтимал.

Тіпті гормондарды пайдалану үшін біз арнайы консилиум өткіземіз. Ол жерде әр дәрігердің пікірі ескеріледі. Сондықтан антибактериалды препараттарды негізсіз тағайындай беруге болмайды. Біз өз беттеріңше дәрі сатып алмаңдар, тұтынбаңдар деп жатырмыз. Өйткені бұл ауру – вирусты ауру. Оған антибиотиктердің шамасы жетпейді. Антибиотикті жаппай қолданудың соңы ауруларды емдей алмайтын қасіретке әкеліп соқтыруы ықтимал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2050 жылға таман адамдарды немен емдейміз деп дабыл қағып жатыр. Әр жыл сайын жасалатын антибиотик саны азайып келе жатыр. 90 жылдары 40-қа жуық антибиотик синтезделсе, 2000-2006 жылдары – 9, 2010-2020 небәрі екі ғана антибиотик. Бұл қарқынмен кете берсек онда 2050 жылы ауырған адамдарды емдейтін дәрмек таппай қаламыз. 

Өз бетінше ем қабылдау

Сәкен Әміреев, профессор: 
«Адамдар әлі күнге аптекаға барып рецептсіз дәрі ала береді. Фармкомпаниялар бұл мәселеге қатал қарауы тиіс. Олар қалай болғанда да біздің көмекшіміз, медицинаға тікелей қатысы бар. Бірақ олар қалай сатуды жақсы біледі. Бұл мәселе бізде ғана емес, әлемді де дүрліктіріп тұр. Министрлік қатаң шара қабылдап, кім сатты, кім тағайындады дегенге де жіті мән беруі керек. Әйтпесе, 50 жылға жетпей 10-15 жылдан кейін-ақ қиын жағдайға тап боламыз». 

Коронавирус кезінде созылмалы аурулары бар адамдар өмірін қалай сақтаймыз?

«Бұл жерде мәселе қант диабеті және басқа да созылмалы аурулары бар адамдарға тікелей қатысты. Ондай адамдар көп адам жиналатын жерлерден аулақ болуы тиіс. Коронавирус ми тамырларын да жаралайды. Дәм сезу құбылысының да жойылуы – жүйке жүйесінің бұзылуынан байланысты. Ол да уақытша құбылыс». 

Емдеу хаттамасы

«Біз COVID-19-ды емдеу хаттамасын құрастыруға қатыстық. Қазірдің өзінде оныншы редакция енгізіліп отыр. Неге сонша көп? Өйткені инфекция – жаңа инфекция. Біздің ғалымдар әлемдік жағдайды үнемі бақылауда ұстап, өзгерістер енгізуде. Симптомсыз науқастарды 14 күн бақылап, симптомы күшеймеген жағдайда ауруханаға жатқызудың керегі жоқ деп шештік. Ондай науқастарды этиотропты препараттармен емдеу керек. Ал егер жағдайы нашарласа онда учаскелік дәрігерге хабарласып, жедел жәрдем шақыру қажет болады. Хаттамада көрсетілген этиотропты препараттар – гидроксихолорохин, Лопинавир/ритонавир. Ауыр жағдайдағы адамдар тобы – егде жастағы, диабеті бар, артериалды гипертонияға шалдыққан, жүрек ауруы бар, гемодиализ қабылдайтындар. Олар ерекше бақылауда. Біз тиімділігі дәлелденген препараттарды пайдалану керекпіз. ДДСҰ соның ішінде ренгисевир препаратының пайдалы екенін айтты. Алайда ол дәрі бізде тіркелмеген. Тіркеу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Фавипиравир де сондай жақсы дәрі. Мемлекет оларды сатып алуы үшін бұл дәрілер хаттамаға енгізілді». 

«Сізде коронавирус болса оны жақындарыңызға айтудан қысылмаңыз. Үйде қалыңыз. Жақындарыңызға телефон шалыңыз. Қажет емес дәрілерді алмаңыз. Емдеуші дәрігер жазып бермеген дәрілерді пайдаланбаңыз». 

 

 

 
Сондай-ақ оқыңыз