Мамыр айында коронавирус өршуі мүмкін бе?

Жарияланды
Математикалық есеп жүргізген журналистің пікірі

Әлем елдері біртіндеп карантин талаптарын жеңілдете бастады. Індеттен ең жойқын зардап шеккен Италия 4 мамырдан бастап бірқатар шектеулерді алып тастамақ. Премьер-министр Джузеппе Конти осылай мәлімдеген. Қазірдің өзінде бар мен мейрамхана клиенттеріне тамақ жеткізіп беруге кірісті. Сондай-ақ бір провинциядағы қалалар арасында адамдар еркін қатынайды. Қазір Covid-19 жұқтыру бойынша көш басына шыққан АҚШ-та да штаттар карантин шектеулерін жеңілдете бастаған. Олардың ішінде – Джорджия, Оклахома, Аляска, Оңтүстік Каролина бар. Қазақстанда да жағдай мәз емес. Вирус жұқтырғандар саны 3000-нан асып кетті. Бірақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырдан бастап біраз мекемелердің жұмысқа кірісетінін, төтенше жағдай режимі алынып тасталуы мүмкін екенін хабарлады. 

    Осыдан келіп 11 мамырдан кейін елімізде коронавирус дертінің қарқыны басылып, ел жаймашуақ өмір қайта орнайтындай сезіліп жатыр. Алайда дәл бұлай еркінсуге ерте сияқты. Бұл ретте кей сарапшылардың пікірі басқаша. Қазір АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық журналист Жолдас Өрісбай Қазақстанда вирус жұқтыру деңгейі маусым айында шарықтау шегіне жетеді дейді. Неге бұлай екенін анықтау үшін ол математикалық есептеу жүргізген. Есепке Италия, АҚШ, Ресей және Қазақстан кейстері біріктірілген. Журналист болжамын әлеуметтік желідегі парақшасында (@birqabatti_america) жариялаған.    

«Ресей мен Қазақстанда кейстердің шарықтау шегіне қашан жететінін Италия мен АҚШ-тағы кейстер санының өсу қарқынына қарап, салыстырмалы түрде болжауға болады. Ол үшін коронавирус кейсінің АҚШ пен Италияның барлық аймағын қамтыған күннен шарықтау шегіне жеткенге дейінгі аралықтағы күн сайынғы пайыздық өсімнің өзгеру коэффициентін анықтау керек. 

3 наурызда АҚШ-тың барлық штатында коронавирус кейсі тіркелді. Ал АҚШ-тағы кейс саны бойынша шарықтау шегі 25 сәуір күні (бір тәулікте 36 847 адамда вирус бар екендігі анықталды) болды. Демек, 3 наурыздан 25 сәуірге дейінгі аралықтағы күн сайынғы пайыздық өсімнің өзгеру коэффициентін есептесек, 49 пайыздан 3,9 пайызға өзгерген. Сосын АҚШ-та кейс саны шарықтау шегіне жетуі үшін 53 күн қажет болды.
COVID-19 кейстері бойынша, Италияның барлық аймағы 23 ақпанда қамтылды. Демек сол күннен 21 наурызға дейінгі аралықты есептесек, коэффициент 90 пайыздан 14 пайызға өзгергенін көреміз. Сонымен, Италияда кейс санының шарықтау шегіне жетуіне 26 күн кеткен.
АҚШ-та халық саны 328 миллион, ал Италия халқының саны 60 миллион екені белгілі. Біріншісіне (АҚШ-қа) шарықтау шегіне жетуге 53 күн, екіншісіне (Италияға) 26 күн кеткен. Ресейдің халық санының 144 миллион екенін ескерсек, Ресейге шарықтау шегіне жетуге орта есеппен 40 күн қажет болады. 17 сәуір күні Ресейдің Алтайында (Алтайский край) алғашқы кейс анықталып, коронавирус анықталмаған Ресейде аймақ қалмады. Демек 17 сәуірден 40 күн санасақ, Ресейдегі кейстердің шарықтау шегі мамырдың соңғы күндеріне тура келеді. Ал өзгеру коэффициенті 17 сәуірден бүгінге дейін 15 пайыздан 7.4 пайызға ауған.

Қазақстанда облыстар бойынша соңғы болып кейсі тіркелген 3 сәуір күні Қостанай болды. Сол күннен бастап бүгінге дейінгі кейстер санының күн сайынғы пайыздық өсімінің өзгеру коэффициенті 6,5 пайыздан 5,3 пайызға өзгеріп отыр. Қазақстанда өзгеру коэффициентінің салыстырмалы түрде төмен болуына және өзге елдердің кейс санына қатысты корреляцияланбауына тәулігіне жасалатын тестілеу санының аз екендігі негіз. Осы күнге дейін Қазақстанда коронавирусты анықтауға қанша тест алынғаны туралы нақты дерек таба алмадым. 
Мысалы, бүгінге дейін АҚШ 6 миллионға жуық, ал Ресей 3 миллионнан астам тест алып үлгерген. Халық санын салыстыра отырып айтқанда, Қазақстан кем дегенде Ресейден 10 есе аз жасай алған болуы тиіс. Егер одан аз жасаған болсақ, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар санының төмен болуына тест жасаудың жетіспеуі негіз болады. Бұл Қазақстандағы кейстер санының шарықтау шегіне жетуін тағы 10 күнге кешеуілдетеді, яғни маусымның бірінші жартысына тура келеді» дейді журналист. 

Covid-19 індетіне байланысты ашылған ddi.sutd.edu.sg сайтында сингапурлік мамандар әлем елдерінде вирус қарқынының қашан бәсеңдейтінін болжапты. Олардың зерттеуінше, Қазақстан коронавирустан шілде айында толыққанды айығады. Зерттеуді Сингапур технология және дизайн университетінің ғалымдары жасап шығыпты. Болжам жасау үшін олар SIR моделін (Susceptible — Infected — Recovered) пайдаланған. Олар Қазақстанда пандемия шарықтау шегіне сәуірдің аяғында жетті деп есептейді. Ауырғандар саны маусым айында біршама азайып, 28 шілдеде вирустың таралуы біржола тоқтамақ. Сингапурдың өзінде індет 10 маусымда, АҚШ-та 20 қыркүйекте, Түркияда 30 шілдеде, Италияда 31 тамызда тәмам болуы мүмкін деп болжаныпты. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше қазірге дейін 3 миллионнан астам адам дерт жұқтырып, 210 мыңнан астамы көз жұмған. Франциялық Figaro басылымына берген сұхбатында Билл Гейтс қалыпты өмірге бір-екі жылсыз орала алмаймыз депті. Қазір АҚШ-та ауырғандар саны 1 миллионнан асып, көз жұмғандар саны 60 мыңға жуықтады. Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, АҚШ Вьетнам соғысының өзінде 58 мың адамынан айырылған. 

Қазақстанда ауру жұқтырғандар саны 3000-нан асты. 829 адам жазылып шықса, 25 адам қауіпті дерттен көз жұмған. Еске салайық, 4 мамырдан бастап елімізде мына мекемелер жұмысын қайта бастайды. Шешімді Асқар Мамин төрағалық жасайтын мемлекеттік комиссия қабылдаған. 

•    Аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түліктік емес дүкендер. 17:00-ге дейін. 
•    Фотосалондар, гүл дүңгіршектері; 
•    Шаштараз (алдын ала жазылым бойынша); 
•    Медициналық орталықтар (алдын ала жазылым бойынша); 
•    Стоматологиялық клиникалар (алдын ала жазылым бойынша); 
•    Жылжымайтын мүлік компаниялары, жарнама агенттігі, адвокаттар мен нотариустар; 
•    Микроқаржылық ұйым, сақтандыру компаниясы, ломбард, айырбастау бекеттері; 
•    Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниясы. 

Сондай-ақ оқыңыз